- Advertisement -

Уыз жастык жыршысы

200

- Advertisement -

Сыршыл қаламгер Қарауылбек Қазиевтің туғанына 75 жыл

Қарауылбек екеуміз құлын-тайдай тебісіп бірге өстік. Екеуміз егіздің сыңарындай едік. Мейлі екеуміз бір көктемде дүние есігін ашқан ауылдың адамдары, мейлі екеуміз бірге оқыған университеттің оқытушы, студенттер қауымы, мейлі кейін ол да, мен де сапына тұрған жазушы ағайындар болсын, бізді бір-бірімізден бөлектеп көздеріне елестете алмайтын. Мені көрсе, Қарауылбекті, оны көрсе, мені сұрайтын. Енді мені көрсе, Қарауылбекті ешкім сұрамайды, еске алады. Қарауылбекті білетін дос-жаранның, ағайын-туғанның ендігі еншісі – осы, еске алу. Сұм ажал оны арамыздан тым ерте, 46 жасқа қараған шағында алып кетті. Ал, оның толассыз талантын құрметтейтін қалың қауым толассыз мәңгі жастық жырындай, табиғат ананың тамаша суреттері жүрек шымырлататын шығармалары арқылы қауыша береді. Талант құдіреті уақыт дегенге бағынбайды, қайта жыл өткен сайын тұлғалана түседі. Қарауылбек Қазиев – сондай сом, халқымыздың рухани өмірінен ойып тұрып орын алған қаламгер.

Жақсының артында – сөз, жаманның артында – бөз қалады. Қарауылбектің артында сөзі қалды. Оның сөзі әлденеше кітап болып өз ана тілімізде, орыс, украин және басқа тілдерде жарық көрді. Қарауылбек талантын құрметтейтін баспагерлер оның әр жылдары жарияланған шығармаларының басын қосып, 1988 жылы «Ақ шуақ» деген атпен үлкен кітап етіп шығарды. Жинақты екеуі тұңғыш рет бір тақырыпқа жарысып, «Ақ бантик» атты әңгіме жазған, бірге оқыған досы Ерғали Ахметов құрастырды. 2003 жылы тағы бір досы, белгілі ақын Есенбай Дүйсенбайұлы құрастырған «Көктемгі күн күркірі» кітабы жарық көрді.
Қарауылбек – менің балаң балалағым, солқылдаған жігіт шағым, енді-енді есею жылдарым.
Біз мектепте оқып жүргенде ақын болуды армандайтынбыз. Бірақ ақындықтан көңіліміз ерте қалды.
Қойын дәптеріне жасырып өлең жазып жүретін ұяң жігіт Қарауылбек 1957 жылы Алматыға оқуға түсуге барып, жолы болмай қайтты. Сол жолы «Лениншіл жас» газетінің редакциясына өлеңдерін апарыпты. Ондағылар Қарауылбекке өлеңдерінің дүмбілез екенін айтады. Қарауылбек намысшыл жігіт еді, екі беті от боп жанады. Сынды мойындамайды, сыншыны байқамақ болып, ертеңіне Мұса Жәлелдің бір өлеңін көшіріп апарады, тағы сыналады.
Керемет жақсы көретін ақынының:
Екеуміз де алыстанбыз,
Ертеден-ақ таныс жандай
Жүректен қол алысқанбыз, – деп сорғалап тұрған жан сыры сынға ұшыраған соң Қарауылбек ақындық аулақ жүретін тірлік екен деген тұжырымға келді. Мен де өлең дәптерімді қолға алғанды қойдым.
Келер жылы екеуміз бірге барып, университетке түстік. Ауылдың аңғал балалары болсақ та екеуміз де зерек, алғыр едік. Университет бағдарламасы әдебиеттің арғы-бергісін кең молынан қамтиды, білім керек екенін білдік те біз одан да тереңдеп кеттік. Лекция, одан шығып барып А. С. Пушкин атындағы көпшілік кітапхана жабылғанша отыру – бізді тез жетілдірді, өсірді.
Біз, ақын-жазушы боламыз дейтін біраз жігіт, редакцияларды жағалай бастадық. Қарауылбек жазуға асыққан жоқ, бірақ жазушы болатыны, онда да мықты жазушы болатыны белгілі еді. Көрген-білгеніміз, оқыған-тоқығанымыз жөніндегі пікірталас кездерінде оның шоқтығы биіктігі байқалып тұратын. Қарауылбек бесінші курста оқып жүргенде барып алғашқы әңгімесін жазды. Қыздың балауса шағының бойжеткендікке ұласуының айғағы – ақ бантик тағуды тастау екенін өмірде өзім құралпы жігіттерден бұрын мен көрдім. Сол жайды Ерғали мен Қарауылбекке айтып едім, екеуі қатты қызықты, жатпай-тұрмай әңгіме жазды. Қарауылбектің әңгімесі іле «Қазақстан әйелдерінде», көп ұзамай Ерғалидікі «Жұлдызда» жарияланды. Екеуі де елді елең еткізіп, талантты жастар екендіктерін танытты.
Қарауылбек қаламы енді жүрдек тартып жүріп берді. Дегенде, Қарауылбек – көп жазбаған жазушы, талғампаз талант. Қазір оның аз жазғаны үлкен өкініш болып отыр. Қолына журналист пен жазушы қаламын қатар ұстаған адам үшін Қарауылбектің жазғаны аз да емес. Қызметі үнемі қарбалас қимыл үстінде жүруге мәжбүрлейтін журналист ағайынның жазушылық жолда да бірдеңкелер тындыруы оңай шаруа емес. Ал, Қарауылбек артына бірдеңкелер емес, өңкей бірегей дүниелер қалдырып кетті.
Қарауылбек Қазиев – уыз жастық жазушысы. Ол өте әсершіл еді, сергек, сезімтал, сұлулыққа ғашық болатын. Кеудесі күмбірлеген күй еді, музыканы өте жақсы көріп түсінетін.
Флобер: «Эмма – ол менмін», – деген. Ұлы жазушының өзін Бовари ханыммен теңдестіруінде аса терең ұғым бар. Жазушы бейнелеген көркем, озық образ – оның өзі. Жазушы өз бойындағы барша арман-аңсарды, ізгілік атаулыны өзі жақсы көріп бейнелеген кейіпкеріне қиып береді, сол арқылы өз болмысын алға жайып салады. Осы тұрғыдан алсақ та, шындықтың өзіне жүгінсек те, Қарауылбек шығармаларындағы Қайрош, Қаржау, Қалау, Қайыржан – оның өзі.
Жазушы құдіреті – өмірдің өзіндей шығарма жазуында. Қарауылбек таланты осысымен, өзі көрген өмір үзіктерін шынайы өрнектеуімен үздік. Жазушы ешқашан фотограф болған емес, қандай да оқиға жазушының азаматтық алғырлығы, қаламгерлік қарымдылығы, таным таразысы, суреткерлік сүзгісі арқылы еленіп-екшеліп барып әдеби шындыққа айналады. Қарауылбек шығармаларының шыншылдығы сондай олардың бәрін өмірбаяндық екен деп қаласың. Рас, олардың өмірбаяндықтары да, ұшқыр қиялынан туғандары да бар. Оны жасымыздан қанаттас болып бірге өскен, әдебиет айдынында қаламдас болып қатар ұшқан мен білмесем, басқалар аңғара бермейді. Қарауылбек өмірбаяндық хикаяттарында өз есімін бүркемелеп, кейіпкерлерінің атын өзгертпей жазады. Содан да шындықты жазуға онсыз да шебер жазушының шығармалары тым жанды болып шығады.
Қарауылбек өзі аралас-құралас болған ауыл адамдарының, аяулысы санаған қыздардың, үзеңгілес жігіттердің сан алуан мінез-құлқын, мысқал-мысқал сөзін, үзік-үзік сырын, аяулы арманын – бәрін-бәрін әңгімелері мен хикаяттарына құлпыртып енгізеді. Олардың жазушы мақсат еткен образды ашуға қызмет етіп, өзгеріске ұшырайтын, яғни, басқа мінез-құлық танытатын кездері де болады.
Біздің ауылдың адамдары Қарауылбек жазғандағыдан айнымай ма, жоқ па, ол бір басқа, бастысы – кітап бетінде өң өмірдегі адамдар шүпірлеп тұрғандай. Олардың бәрі – әйбат, кеуделері толған арман-аңсау, өмір қойнауларын кеулеп кетуге әзір. Бірақ енді олар Қарауылбек қаламына ілікпейді. Алайда, жазушы өмірден іңкәр болып өткен қыздар – Гүлзат, Мақпал, Зина, Назыкен, балалықтың бал дәуренін, жастық кешуін бірге өткізген достары – Әбдімомын, Нүсіп, Әділхан, Аралбек, Рақтай, Орынбасар, Сайлау, тағы басқалар осы кітаптағы қалыптарымен-ақ ыстық, замандас. Өйткені Қарауылбек – өткінші емес, өмірлік дүниелер жазған жазушы.
Алғашқы «Ақ бантик» әңгімесімен-ақ Қарауылбек табиғаттың ғажайып жыршысы екенін аңғартқан. Ол сол үдерісінен жаңылған жоқ, қайта үдете түсті. Қарауылбектің суреттеуінде үш Кербұлақ, Шу бойы бар реңкімен мөлдіреп, тұнып тұрады. Табиғат ананың адамдардың көңіл-күйімен астасып, бірге қуанып, бірге мұңайған райын дәл Қарауылбектей жетік біліп, жеткізе жазу хас шеберлердің ғана еншісі, айрықша қасиет.
«Ирек-ирек із астында қалған қара қошқыл қою раң жығылып түсіп, апыл-ғұпыл қайта түрегеледі. Түкті бастарын сілкілеп, көпке дейін ес жия алмайтын сияқты». «Айнадай ағын уыстап шашқан жұлдыз дастарханындай. Шайқала жанып, қос-қостан үйіріліп, дірілдеген су астынан сілкінеді. Білегіңді түрініп жіберіп, қолыңды жүгіртсең, жып-жылы сәуле сынықтарына тиетін тәрізді».
Бұл кітапта осы тәрізді жүрек елжіретер суреттер өте көп. Аңғарымпаздықты, шеберлікті былай қойғанда, жазушыны мұндай биікке шығарған құдірет туған жерге деген шексіз махаббат деп білген мақұл. Шудың биік аспаны, жыпырлаған жұлдызды түндері, Кербұлақтың бай хайуанат, өсімдік әлемі, тау өзендерінің таусылмас күрілі қайда жүрсе де, не жазса да Қарауылбек қаламынан қақас қалып көрген емес.
Қарауылбектің толысқан, оңын-солын таныған шақтағы өмірі Шымкентте өткенімен, ол туған жерін, оның адамдарын шығармаларына алтын арқау етіп кетті. Ол әркез Шуды, біздің ауылымызды сағынып жүретін. Машинасына балаларын салып алып, жолай маған соғып, туған жерге тартатын. Содан біраз уақыт өткенде өзі де, бала-шағасы да шаршап-шалдығып Шымкентке қайтып бара жататын, бәрі жарастықты болатын.
Қарауылбек – әр сөздің бояуын қандырып, жан беріп жазатын жазушы. Оның қолдануында күнделікті жұрт аузында жүрген қарапайым сөздің өзі ерекше жарастық тауып, жанып, іс-әрекетке айналып жүріп береді. Ол – кейіпкерлерін мүсіндеудің, сөйлетудің айтулы шебері. Өмірдің өзінен ойып алған бейнелер кітап бетінен бері, жаныңызға жақындап, өзіңізбен араласып кеткендей болады. Қарауылбек өмірде аса көңілді, тапқыр қалжың, өткір әзіл-оспаққа өте жүйрік жігіт еді. Шығармаларында бұл мінезі жақсы көрініс алған. Ешкімді ренжітпейтін оралымды юморды күлдіріп отырып салмақты сатираға ұластыруға келгенде ол жан адамға жеткізбейтін. Қарауылбектің тіл байлығын бағамдап отырып, мен оның пайдалануындағы екеуміз туған ауылдың адамдарының аузында жүрген сөздердің соншама оралымды, образдылығына тәнті болдым.
Салиқалы прозашыға тарихтың, мәдениеттің, әдебиеттің арғы-бергісін көп білу керек, ол жағы Қарауылбекте жеткілікті болатын, университетті үздік бітірген. Дегенде, бүгінгі қайнаған өмірдің өзінен көз алған қайнардың мөлдір болатынын Қарауылбек шығармалары дәлме-дәл дәлелдей түседі. «Балауса машақат», «шынайы ықылас-шырыны», «сабыры сұйылып», «бәсіре пешене», «бұйығы бүкпесіз». Тұтас бір сөйлемдерді былай қойғанда, осы сияқты ұрымтал, айшықты ұғым білдіретін сөз үйлесімдерін Қарауылбек көп түзген. Және де олардың бір де біреуі қазақ прозасында бұрын қолданылмаған, бәрі Қарауылбек талантының таңбасы.
Шебер прозашы қаламы жүрдек, ойы ұшқыр журналист, жалынды көркемсөзші де еді. Журналистік қызметін Жамбыл радиокомитетінде бастаған ол өмірінің ең әдемі, толысқан жиырма жылында Шымкентте тұрып, облыстық радиохабарларын тарату және телевизия комитетінің бас редакторы қызметін атқарды. Ол жазған дәмді очерктер мен толымды ойтолғаулар Қазақ радиосынан да жиі беріліп тұратын. Оларын Қарауелбектің өзі оқитын. Оның үні атақты дикторлардан бір кем соқпайтын. Біз бесінші курста оқып жүргенде Қазақ радиосы дикторлыққа жариялаған конкурста озып шығып, біраз уақыт ел құлағын елеңдеткені, яғни, диктор болғаны бар.
Ол мұның бәрінің үстіне сүттей ұйыған тату отбасының бас иесі еді. Әкесі Қазы Ұлы Отан соғысына аттанғанда екі жаста қалған оны «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» өсірген шешесі Ермекке жазушы мәңгі ескерткіш орнатып кетті. «Біз абитуриент едік те» Қаржаудың сүйген қызы Мақпал мен сүйікті шешесі Ермектің таразының екі басына түсетіні бар, сонда албырт жас анасы жағына шығады. «Менің шешем» әңгімесінде: «Сен – алыпсың, колхоз өміріне кірген бақ пен дәулеттің, қыдыр мен ырыстың барлығында сенің үлесің жатыр, соның көбі сенің жұмыскер қолыңнан өткен», – деп тебіренеді жазушы. Әбден аяулы шындық – бұл. Қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтарды ұшпаққа шығарғандар аналар болғаны біздің ұрпаққа жақсы мәлім.
Соңғы жылдары Қарауылбек екеуміздің өрісіміз бөлек болды, сағынысып кездесетінбіз, достығымыз пәс тартқан емес, құшақтасып көрісіп, аңқылдап сыр айтысатынбыз. Қарауылбек кейін қатты есейген, көпті көрген. Солардан түйген соқталы ойлары күрделі шығармалар жазуға жетелейтін. Роман жазып жүргенін айтқан соңғы кездескенімізде. «Оңтүстік Қазақстан» газетіне оның үзіндісі де шығыпты. Осы әңгімеден аз уақыт өткен соң маған айтқан романынан үзінді жіберіпті, біз онысын Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіне жарияладық. Жазушының сол романының газеттерде жарияланғаннан басқа бөлігі табылмай қалып отыр. Өкінішті!
Қуанарлығы – Қарауылбек Қазиев артына қалдырып кеткен аз шығармаларымен-ақ қазақтың өзі құралпы жазушыларының көш басындағы тобы арасында тұр. Оның жұлдызы әрдайым биік жарқырай беретіні анық. Оған бұл тұнық таланттың әр кітабын оқыған адамның еш күмәні болмайтыны айдан анық.
Қазірдің өзінде жалаң аяқ ізі қалған туған ауылында Шу ауданындағы Жамбыл атындағы ауылдағы бір көше, Тараздағы, Шымкенттегі бір-бір көше, Шымкенттегі бір орта мектеп Қарауылбек Қазиевтің есімімен аталады. Бұл – сүйікті жазушыға халық құрметі.

12Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ,
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support