- Advertisement -

Ауылдың үздік дәрігері

139

- Advertisement -

Жуырда Астана қаласында ұйымдастырылған «Өз мамандығының үздігі» атты республикалық байқауға қатысып «Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Мырзатай ауылдық амбулаториясының бас дәрігері Гүлмира Нұрмахамбетова әріптестерінің мақтанышына айналды. Ол Сарыкемер ауылының тумасы. Мектепті қызыл дипломмен бітірген.
Бүгінде білікті дәрігерге айналған Гүлмира Нұрмахамбетова 1993 жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқанда бала күнгі арманы орындалып, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық медицина академиясына оқуға түсті. Аталмыш оқу орнын 1999 жылы терапевт мамандығы бойынша тәмамдаған. Жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласындағы жергілікті емханадан бастайды. Сол жерде тапжылмай 12 жыл еңбек етіп, алдына келген талай науқастың дертіне ем қондырған.
2012 жылдан бері Мырзатай ауылдық амбулаториясында бас дәрігер болып қызмет етіп келеді. Амбулаторияға Мырзатай, Дихан-2 және Сеңкібай секілді үш ауыл тұрғындары қаралады. Мұнда 3362 адам тіркеуде тұрса, соның 96-сы бір жасқа дейінгі сәбилер, 498-і бес жасқа дейінгі балалар және 614-і он төрт жасқа дейінгі жеткіншектер. Ағымдағы жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша аумаққа қарасты тұрғындардың ішінде 39 келіншек аман-есен босанған, қазіргі уақытта 40 әйел жүкті болса олардың денсаулығы тұрақты бақылауда екен.
Жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат тұтқан амбулаторияда 2 дәрігер, 12 мейірбике қызмет етеді. Үш төсектік күндізгі емдеу бөлімі келушілерге қызмет көрсетеді, амбулатория қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған.
Сырқаттанып келіп сауығып кеткен талай ауыл тұрғындарының Гүлмира Нұрмахамбетова бастаған амбулатория ұжымына алғыстары шексіз.

Есіркеп Серікбайұлы,
ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support