- Advertisement -

Кемербастау кереметі

302

- Advertisement -

Кемербастау – Алатаудың бауырынан буырқанып шығып жатқан бұлақ. Одан төменіректе сол аттас ауыл бар. Ұзын жолдың бойымен ары-бері ағылып жатқан жолаушы ауылдың атауын сан рет оқыған да болар. Бірақ, суының айрықша қасиеті барын екінің бірі біле бермейді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына біздің жолымыз жайдан-жай түскен жоқ-ты. Атақты ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметұлымен ол кісінің туған жерінде жатып, бірнеше күн шығармашылық одақта жұмыс істеу ниетімен барғанбыз. Мекең ағамыз соңғы кездері өзі бар, шәкірттері бар, барлығы іздестіріп, бұл жердің аты Түлкібас емес, Түркібасы екенін дәлелдеген-ді. Бір жағалауы Алатау, екіншісі Қаратау болып келетін аудан орналасқан аңғардың кәрі тау жағындағы оқшау шыңы басында түркештердің қағаны Сұлықтың арабтармен қалай арпалысқаны туралы деректерді де жарыққа шығарып жүрген сол кісі еді. Аз әскерімен осы шыңның басына бекінген түрік қағаны мол тас жинатып алып, жаяу өрмелеп шабуылдаған жауды сол тастармен жайпап жеңген екен. Жанынан жайлап Құлан өзені ағып жатыр. Анасы Зәуре жолаушылап келе жатып, осы өзеннің бойында босанып қалған екен Мекеңді. Босанған соң аяқ-қолын жиып, Құлан асуының аржағындағы төркініне шарана-сәбиін көтеріп барыпты. Ал сол анасы ашаршылық жылы 7-8 айлық емізулі қызын үйірлі қасқырға құрбан етіп, өзі 3-4 жасар Мекемтасын арқалап алып, құстай ұшып жүгіріп түскен сай осы Кемербастаудың іргесінде екен. Ол сай қазір де Өрікті аталады. Өріктері төгіліп тұр.
Тоқсаныншы жылдары осы Кемербастаудың иығындағы үлкен жазықта екі ұлан-асыр тойға қатысқанымыз бар еді. Бірі – бірінші дүниежүзілік соғыстың соңы Ресей патшалығындағы төңкеріске ұласқан әлемдік дүр сілкініс жылдарында қазақ халқы ұлдарының арасында ерекше бір жарқырап шыққан Тұрар Рысқұловты еске алуға арналған еді.
Ал тағы бірі – сол ғасырда қайталанған екінші дүниежүзілік соғыста өзге батырлардан гөрі даңқы ерек шыққан Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл болу мерейтойы болатын. Осы екеуінде де той шаралары өткенде күн айрықша жайнап, жайраңдап тұрды да, түс қайтып, ел дастархан басына отыра бергенде аспан шатырлап, жауын төгіп, жел тұрып, алай-түлей боран болып кеткен-ді. Мұны сонда кәриялар дастарханға мәкрүк дәмдердің қойылғанынан көргені есімізде еді. Енді сол жердің тағы бір кереметін көріп, таңданысымызды жасыра алмадық.
Біздің тоқтаған жеріміз Алатаудың мәуелді бүйіріндегі «Таң нұры» деген шипажай еді. Иесі – Нұржігіт Қалмырзаев деген кәсіпкер азамат. Біз келгенде 200 мектеп оқушысы, 90 алтын және күміс алқалы аналар демалып жатыр екен. Сөйлесіп көргенімізде барлығы таудың таза ауасы, сылдырап аққан суы, қыдыратын аллеялардың бойындағы алма, өріктері жұтындырып қойған ғимараттары мен жатын орындары, емі мен тамағы, бәрі де көңілдегідей деп ризашылығын білдіріп жатты. Бірақ, бір жағы шығармашылық жұмыспен барғандықтан бізді бұлардың бірде-бірі қызықтырған жоқ. Қызықтырғаны – Кемербастаудың суы болды. Бұлақтың бастауы осы демалыс орнының аумағында екен. Мұндағылардың айтуларына қарағанда анша-мұнша ауруыңды сылып түседі. Бұған біз, әрине, сене қойған жоқпыз. Дегенмен барып түсуді жөн көрдік. Өйткені, Мекемтас ағаның соңғы күндері аллергиясы қозып, мазасы кетіп жүрген-ді. Мекең таудың суына сүңгіп алды. Артынша Мекеңнің аллергиясы сап тыйылды. Қышынғанын қойып, қолы тынышталды. Кеткенше де, үйіне келген соң да қайталанбады. Мен таудың суы тұрмақ, арықтың суына сүңгімегелі 10-15 жыл болған-ды. Ертеңіне мен де тәуекел еттім. Суық тимеді. Басымның әр жерінде бөртпелер болушы еді. Екі күннен кейін қарасам түгелге жуық кетіп қалыпты. Үй температурасындағы суды іше алмайтын едім. Дереу ауыз қуыстарына суық тиіп, жөтеліп шыға келетінмін. Тәуекел деп таудың мұздай суын іштім. Біртүрлі жұмсақ тигендей болды. Әйтеуір қанша мұздай болса да тамағымды ұстамады. Қызыл еттерімді ісірмеді.
Сөйтіп жұмыс істейміз деп барып, «Таң нұрынан» шипа тауып қайттық. Өзгелер басқа да біраз дертке шипа деп жатты. Бірақ біз естігенімізден өтірік шығып қалар деп күдіктеніп, көргенімізді ғана айтып отырмыз.

Елен ӘЛІМЖАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support