- Advertisement -

Балаңызды бесіктен айырмаңыз

158

- Advertisement -

Бесіктің қасиеті

Бесік – баланың тазалығы үшін өте қолайлы. Өйткені арнайы орнатылған түбек пен шүмек бала дәретін жаймайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Ал шүмекті көбіне қойдың асық жілігінен жасайды. Кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеуде тұсы қатты байланғандықтан, оның қан айналу жүйесіне кері әсер етпеу үшін баланы жиі босатып алып, түрлі жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік және аспалы бесік (әлпеншек) деген екі түрі кездеседі. Қазақта бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік болып есептеледі.

Бесіктің пайдасы

Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады. Өйткені бетіне шыбын-шіркей қонып, мазасын алмайды.
Қол-аяғы таңулы болғандықтан, көрпесі ашылып қалмайды.
Нәресте күніне орташа есеппен 24 рет зәр шығарады екен. Сонда 24 рет жаялық ауыстыру керек деген сөз. Ал бесіктегі баланың жаялығын ауыстырудың қажеті жоқ. Өйткені оның денесіне де, жаялығына да зәр мен нәжіс тимейді. Сондықтан да бала түрлі тері ауруларына шалдыға бермейді.
Ағаш төсек, құс мамықтың үстінде жатқан баланың астынан сыз, үстінен жел өтпейді.
Бесікте тербеліп өскен баланың атқа, көлікке, ұшаққа мінгенде басы айналып, жүрегі айни бермейді.
Бесіктің арқалығына ілінген қызыл-жасыл сылдырмақтар мен асықтарға қарап өскен баланың көру, түс ажырату қабілеті жақсы болады.
Бесіктегі баланың аунап кетіп, отқа, суға түсіп кету қаупі болмайды.
Ең бастысы, анасының алаңсыз көптеген шаруаларды тындыруына мүмкіндігі мол болады.

Бесіктің құрылымы

Арқалық (арыс) – бесіктің үстіңгі, көлденең, жұмыр белағашы.
Бөген (алдыңғы бас, артқы бас) – негізінен жас тал мінсіз жонылып, жақсы әрленіп, морға қыздырылып, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.
Жақтау – ол төртеу. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.
Шабақ – бұл да төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын, көлденең қашалып бекітілген тақтайша.
Сабау – екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.
Жорға – бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі. Оның астыңғы қыры қайқы – бесіктің табаны.
Тақтай – бесіктің түбек орналасатын, төсек салынатын ортасындағы бөлігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support