- Advertisement -

Ұялы телефонға үйренді дегенше, үйдің тірлігінен қол үзді дей беріңіз

192

- Advertisement -

«Ұл тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» дейді жазушы Мұхтар Әуезов. Иә, бұл талас тудырмайтын шындық. Ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Барлық ата-ана өз перзентінің ақылды, тәртіпті, үлгілі, ибалы болып өсіп, бар жақсы қасиетті бойына сіңіргенін қалайды. Алайда, ол үшін бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек екенін түсіне бермейді. Балаға уақыт бөлмейді. Өкініштісі – бұл да ақиқат.
Ендеше, ата-ана жіберетін басты қателіктерді алдымен саралап көрейікші. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бекер айтылмаған. Баланы тазалыққа үйретуді жөргектегі кезінен бастау керек. Бұл қарапайым дағды болғанымен, осы аралықта ана сәбиімен сөйлесіп, бесік жырын айтып, өзара байланысты нығайтады. «Уақыт жоқ, жұмыс көп» деген бітпейтін сылтаулармен немесе «бұл әлі бөпе ғой, не түсінер дейсің?» деп кей аналарымыз осы бастапқы байланысты орната алмай қалады.
2-3 жастан бастап баланың ой-өрісі дами бастайды. Әжесі, атасы немесе анасы осы кезде балаға ертегі айтып, түрлі мысалдар арқылы ненің дұрыс, бұрыс екенін түсіндіре бергені абзал. Иә, мазмұны күрделі ертегіні түсіне қоймас. Дегенмен, шағын, жеңіл қабылданатын әңгімені тез қабылдары анық. Бұл оның ой-қиялын жетілдіре түседі. Сөйлеуге ынтасын күшейтеді. Өкініштісі, біз тәрбиенің осы кезеңін де ақсатып аламыз. Себеп біреу. Қазір ертегі айтатын әжелер азайып кеткен. Баланың танып-білуге құштар шағында ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын сіңіре білсек ұтарымыз көп болар еді.
Осы кезеңде тағы бір қадам жасау маңызды. Ол – баланы еңбекке тәрбиелеу. Спандияр Көбеевтің «… Еңбек тәрбиесіне баса назар аудару керек. Еңбекке тәрбиелемей тұрып, балаға дұрыс тәрбие бердім деу бекершілік» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Жеңіл-желпі жұмыстарды тапсыру арқылы бүлдіршінге жауапкершілік, сенім артудың не екенін ұқтырасыз. Дегенмен, оны жұмсап, істі атқарып болған соң, міндетті түрде қолпаштап, жақсы іс тындырғанын айтып отыру керек.
Ата-ананың жіберетін ең басты қателіктерінің бірі – балғындарға кішкене күнінен ұялы телефон ұстатуы. Телефон бердім дегенше, баламнан алыстадым дей беріңіз. Смартфон, планшет, ол – шырмауық. Оның бар ойын жаулап алады. Көп әке-шеше бүлдіршіні тыныш, кедергі жасамай отырса болды деп қолына ұялы телефонды ұстата салады. Ол бала білмесе де шұқылап отырып ішіндегі жүйелерімен танысады, үйренеді, ақырындап соған бағынышты болып қалады. Ал балаға сіздің көңіл бөлгеніңіз керек. Ол ана махаббатына зәру. Ата-ананың міндеті киім-кешек, ішіп-жейтін тамақ алып берумен шектелмеуі керек. Тәрбие беруде рухани азықтың рөлі үлкен екенін қашанда ұмытпағанымыз абзал. Смартфонның орнына ойыншықтармен ойнатыңыз, әрқайсысына бір рөл беріп, ойыншықтарды сөйлетіп қызығушылығын оятыңыз. Сондай-ақ көп ойнаған ойыншықты біршама уақытқа көзден таса жерге жасыра тұрыңыз. Себебі, бар ойыншықты алдына жая салсаңыз, бала тез жалығады.
Біз балабақшада әр балаға барынша көңіл бөлуге тырысамыз. Өз бетінше әрекет етуге: жуынып, қасық ұстап тамақтануына, киімін киюіне, ойыншықтарын реттеуге, тағы сол сияқты істі тындырымды орындауға үйретеміз. Бұл да үлкен тәрбие деп білемін. Таң атысымен ата-анасымен қимастықпен қоштасқан кішкене балақайлардың көңілін аулау, уақытын қызыққа толы әрі пайдалы өткізу – тәрбиешілердің міндеті.
Балабақшаларда күнделікті іс-шара ұйымдастыру әдетке айналған. Мұндай жиындардың бүлдіршіндерге берері мол. Балақайлар түрлі тақпақтар жаттап, қойылымдар көрсетіп, ән айтады, би билейді, яғни талаптанады. Біздің міндетіміз – сол балалардың талабын байқап, одан әрі шыңдау. Бұл – біздің жұмысымыздың кішкене бір бөлігі.
Жалпы, ата-ана мен балабақша тәрбиешілері бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Әке де, шеше де ұл-қызының балабақшадағы іс-әрекетін сұрап, күнделікті жайттарды қалай қабылдағанын қызықтап сұрауы керек. Әр нәрсеге көңіл бөлу керек. Бұл баланың мінез-құлқы қалай қалыптасып келе жатқанын бағамдау үшін керек.
Негізі балаға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін айтқаныңмен, ол ата-анасынан көргенін қайталайды. Сондықтан әр адам өзін тәрбиелеуі керек. Шығыс халықтарында айтылатын «Бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөздің мәні осында. Тәрбиелі ұрпақ – ата-ананың мақтанышы, ел ертеңі.

Әйгерім Донғұлова,
№38 «Толағай» балабақшасының тәрбиешісі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support