- Advertisement -

Ақәділ – Кеудесін оққа тосқан ер

112

- Advertisement -

IMG_6910Сонау соғыс жылдарының қиын сәтінде жұдырықтай жүректерден тулап шыққан ерліктер ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені бүгінгі бейбіт күннің жарқын таңы – сондай ержүрек батырлардың қайтпас қайсарлығы мен Отан үшін от кешкен жанқиярлық ерліктерінің өтемі. Екінші дүниежүзілік соғыста небәрі 24 жасында көзсіз ерлік көрсетіп, жау пулеметінің оқ шашқан амбрузасын өз кеудесімен жапқан Ақәділ Сухамбаевтың батырлығы кейінгі ұрпақтар жадында, жерлестерінің жүрегінде жаңғырып қала бермек. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Сухамбаевтың ерлікпен қаза тапқан күніне орай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтіп, рухына тағзым етілді. Шараға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қала жұртшылығы қатысып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Ақәділ Сухамбаевтың ерлігі туралы әңгімелеп, оның есімі облысымыздағы бір ауылдық округке, Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы көшелерге берілгенін тілге тиек етті.
– Дәл осыдан 73 жыл бұрын Польша жерінде өтіп жатқан сұрапыл соғыста Ақәділ ағамыз кеудесін оққа тосып, теңдесіз ерлігімен, сан ұлттың өкілдерінен тұратын әскери құраманың мыңдаған жауынгерлерінің өмірін ажалдан арашалап қалды. Шайқас жеңіспен аяқталған соң 31-Армияның әскери кеңесінің және майдан қолбасшысының шешімімен жауынгер денесі Польшада қалдырылмай, ол кездегі Одақ құрамындағы Литваның курортты Друскининкай қаласындағы бауырластар зиратына үлкен әскери салт-жоралғымен жерленген. Қазақ жауынгеріне осындай зор құрмет көрсетілуі, оның ерлігінің соғыс тарихындағы маңыздылығын айшықтайтыны сөзсіз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Дәулетбай Есімбеков батыр туралы әсерлі ойымен бөлісіп.
Сондай-ақ, «Қонаев» қорының төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Аманкелді Кәрентаев батыр ерлігінің бағасы биік екенін жеткізсе, ақын Қасқырбай Нарбатыр батырға арналған отты жырын оқып, жиналғандарды тебірентті.
«Заңды бұл сөз, ел есінен өшпесін,
Ел болған соң, ап тұру шарт еске шын.
Ақәділдің ар-ісіне бас иіп,
Ескерткішке қояйық гүл дестесін!» – деген ақын жыры батыр ерлігіне берілген нақ баға болды.

Тараз қаласы.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support