- Advertisement -

Азамат абыройы

115

- Advertisement -

Әр адамға туған жер, өскен ортадан қымбат ештеңе жоқ. Содан барып кім-кімге де кіндік қаны тамған топырағы ыстық. Әр кеудеде тулаған жұдырықтай жүректің туған жерге елжіремеуі мүмкін емес. Есті кісі туған жер, өскен ортаның қадір-қасиетін жете сезініп, әрдайым соған қызмет етуді парыз санайды. Осыдан келіп қазір зиялы қауым, қарапайым халық жарыса өзіндік пікірлерін білдіріп жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы туған жер туралы айшықты ой тіл ұшына оралады.
Қазақылықтың қаймағы қою өңір сарысулықтар кәсіпкер, Құрметті құрылысшы, «Алтын Орда-2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулеталды Жанбаевты туған жерді түлету, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту бағытында тер төгіп жүрген жаны жомарт, қолы ашық, кісілігі биік азамат ретінде бағалайды. Көпшіліктің дуалы аузынан мұндай пікірге ие болу оңай шаруа емес. Ол азаматтың нар тұлғасына, өзіндік кісілік келбетіне қарап айтылса керек.
Дәукең жарты ғасырға жуық мезгіл Жаңатастан табан аудармай тұрып келеді. Қандай қиын кездерде де өсіп-өнген, жастық жылдарының ізі қалған шаһарын тастап кете алмады. Әйтеуір бір күш дарақ бір жерден көгереді дегенді білдіргендей. Сонау 90-шы жылдан басталған дағдарыс кезеңінде жұрт біткен Жаңатасты тастап, үдере көшкенде де осында қалып қойды. Жаңатастың тағдыры сынға түскен қаншама жиындарға куә болды. Құр уәде, бос сөзбен өтетін сол жиындарда турасын айтып, туғанына жақпаған кездер де өтті. Қазір ойлап отырса ол қара басының қамы емес, өскен қаласының қайта көркейіп, кешегі думанды жұртының түтіні түзу ұшсын деген тірлік екен ғой.

Дәулеталды сонау бозбала шағында көрші Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданындағы туған ауылынан Жаңатасқа білім іздеп келген еді. Бұл – 1975 жыл болатын. Қаратау тау-кен құрылыс техникумының Жаңатас филиалында кешкі бөлімде оқи жүріп, күндіз еңбекке араласты. «Қаратаухимстрой» тресіне жұмысшы болып кірді. Осында алғашқы еңбек дәмін татты. Құрылыс техникумын бітірген соң кезекші шебер, электромеханик, учаске басшысы сынды біліктілігін арттыратын еңбек жолдарынан өтті. Қазақ политехникалық институтының Қаратау филиалын тау-кен инженер-механигі мамандығы бойынша тәмамдады.

Дәукең бір кездері Жаңатастағы мамандандырылған механикаландыру басқармасын басқарды. Құрылыс саласында тәжірибе жинақтап, нағыз шеберлер санатына қосылды. Алайда құрылысы тоқтаған қалада не істей қоярсың. Содан 1995 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікке бет бұра бастады. Әуелі шаруа қожалық ашып, күнкөрістің қамын жасады.
Күш-қайратты осында жұмсап, шаруасын оңдады. Мал өсіріп, егін егемін дегенге жер жетеді. Тек еңбек қана еңсені тіктейтінін жасынан бейнетпен өскен азамат жете сезінді. Әр нәрсенің басын шалып, уақыт атты қымбат дүниемен санаспайтындардың қатарынан емес еді. Содан заман түзеліп, дағдарыстың беті қайтып, аудан, ауылдарда да құрылыстың көлемі ұлғайып, жұрт еңсесін тіктеді. Байырғы құрылысшы, енді 2006 жылы «Алтын орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Осы компанияны жолға қою барысында аз тер төккен жоқ. Қазір ауыл-ауылдың арасын жалғап жатқан даңғыл жол, еңселі мектеп, балабақша, медпункт үйлерінің құрылысын тек Астана мен Алматының, болмаса Тараздың құрылысшылары ғана тұрғызған жоқ, бұл құрылыстар да ауылдағы еңбеккер азаматтарды жұмысқа тартып, құрылыс саласына икемдеп, оларды құрыш қолды құрылысшы етіп шығарған Дәулеталды сынды азаматтардың ерен еңбегі жатыр. Бұл күнде қандай ауқымды құрылыс болсын, сол өңірде жұмыс істеп жатқан құрылыс компанияларының атқара алатынын көріп те жүрміз.
Аудан көлеміндегі осынау жұмыстардың басы-қасында жүрген Дәулеталды Дәуітбайұлының іскерлік қабілеті жұрт алдында айқындала түсті. Оны Жаңатастың әр тұрғыны айтады. Компания ашып, «Заңғар» сауда орталығын жолға қойып, 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Бұл дегеніңіз мың адамның тірлігін тіктеуіне, Жаңатаста тұрақтап қалуына қосылған үлес еді. Мұнан бөлек Дәукеңнің қайырымдылығы, қоғамдық іске белсенділігі, ұлтжандылығы, азаматтығын асқақтатып, биіктетіп тұрады.
Дәулеталды Жанбаев ұзақ жылдар бойы Жаңатастағы аз қамтылған отбасыларға, жетім-жесірлерге, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қолұшын созып келеді. Мұны қаражатын қайта жұмсарын білмегендіктен емес, мейірімді жүрекпен, адамшылық қасиетпен жасайтынына жұрт риза. Осындағы Абылайхан, С.Сейфуллин, М.Әуезов орта мектептеріне тұрақты демеушілік танытып жүр. «Мектепке жол» акциясының да бірден-бір ұйытқысы – өзі. Білімді, дарынды, өнерлі оқушыларды қаржылай қолдап отырады. Мұның өзі бұлақтың көзін ашып, шын таланттың дер кезінде танылуына ықпал етсе керек.
Дәулеталды ұлттық өнер десе, оның ішінде айтыс десе ішер асын жерге қояды. Кейінгі үш жыл бойы 1 мамыр – ынтымақ күні Сарысуда Дәулеталды Жанбаевтың демеушілігімен республикалық ақындар айтысы тұрақты өтіп келеді. Бұл айтыс додаларына Дәукең жыл сайын 1 миллион теңгеден астам қаражат бөліп, қолдау көрсетуде. Осылайша, шалғайдағы Жаңатасқа, Саудакентке Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Біржан Байтуов, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Күміскүл Сәрсенбаева, Алтынкүл Қасымбекова бастаған еліміздің ең таңдаулы айтыскер ақындары жылда жиналып, айтыс көрігін қыздырады. Алматы мен Астананың төріндегі ірі додаларда сөз сайысына түсетін айтыстың ақтаңгер өкілдерінің орталарына келіп, өнер көрсетуі сарысулықтарды шат-шадыман күйге бөлейді. Биыл Дәукең Сарысу аудандық орталық мешіт жанынан 300 кісіге арналған асхана құрылысын бастап, келер жылы жұрт игілігіне беруді көздеп отыр.
«Туған жер – алтын бесік» демекші, Дәулеталды Жанбаев кіндік қаны тамған жерді де ұмытқан емес. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданындағы Жарықбас ауылындағы Лесбек Өтешов атындағы орта мектепке де демеушілік көрсетіп келеді. Осыдан бірер жыл бұрын осы Жарықбас ауылына 5 миллион теңгеге еңселі арка салып берген еді. Ал биыл Жарықбаспен көршілес Жаңаталап ауылына да 4 миллион 500 мың теңге қаражатқа еңселі арка салып, ауыл ақсақалдарының алғысын алды. Былтыр Бәйдібек ауылындағы Қарасу ауылы маңына жерленген тарихи тұлғалар Ерназар батыр мен оның баласы хан Жамбылға арнап ас берді. Енді осы тарихта ізі қалған бабалардың ұрпақтарымен кеңесе отырып, қос әруақты бабалардың басына кесене тұрғызып, күмбез орнатуды бастағалы отыр. Дәукеңнің кейде көңілін тербеген жайттарды, тарихи оқиғаларды зерделеп, түртіп қоятыны бар. Жақында Алматыдағы «Атамұра» баспасынан Дәулеталды Жанбаевтың «Қарасу – атамекенім» атты кітабы жарық көрмек.
Иә, туған жер мен өскен ортаның көркейгенін көксеп, сол жолда маңдай терін аямайтын осындай азаматтардың арқасында берекелі тірлік салтанат құрмақ. Туған жерді сүйіп, оның ыстығы мен суығына көнетін азаматтың абыройы қашан да биік.

Сарысу ауданы.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support