- Advertisement -

Шарын балуан

180

- Advertisement -

Ұлан-байтақ даламыздың тарихы телегей теңіз ғой. Оны мекен еткен халқымыздың бай тарихын білу баршамыздың борышымыз емес пе? Ата-бабаларымыз текті болмаса, осынау алып даланы жаудан сан ғасыр бойы қорғап, ұрпағына аманаттай алар ма еді? Қазақ жерінің бір пұшпағы Қордай жерінде де айыр көмей шешен, бөрілі байрақ көтеріп жауға шапқан батыр, жыршы, ақын, балуандар өткен. Тәуелсіздік алуымызбен тарихымызды түгендеп, ұмытыла бастаған ата-баба әруағына арнап ас өткізіп, олардың өшпес есімдерін қайта жаңғырттық.
Қордай жерінде де қазақтың Қарасай батырының, қазақ-жоңғар соғысының қаһармандарының бірі Өтеген батырдың, қазақ-қырғызға аты мәшһүр Кебекбай мен Ноғайбай шешендердің, сал-серілердің соңы Кенен ақынға арналған ас-тойлар өтіп, еңселі ескерткіштері бой түзеді. Халық болып өткізген осы жиындар «өлі риза болмай, тірі байымас» деген халық даналығын қайта жаңғыртты. Түлеп жатқан даламыз бен қаламыз, еңсесін тіктеген ауылдарымыз туған жерге деген өшпес сүйіспеншілігіміздің белгісіндей.
Қай өңірдің болмасын өзіндік жүріп өткен тарихы бар. Қордай өңірі де осы бай тарихпен алты алашқа танылып, қасиетті жер ретінде белгілі болды. Қазақ жерінің қай қиыры болмасын, ұлан-асыр ас-тойларда өтетін ат бәйгелерінде Қордайдың тұлпарлары талай мәрте топ жарды. Ертеректе осындай жиындарда ақ балтырын түрініп, білек сыбанып, шаршы топта қарсылас шақ келтірмеген балуандардың өткенін де бұрынғы өткен қариялардан естуші едік.
Қордай жерінде өткен сол балуанның бірі – Шарын Шұлғаубайұлы. Ол кісінің балуан болып халыққа танылуына мына бір жиын себепші болыпты. Атақты Ноғайбай шешеннің екінші әйелі Әселдің асы ел жайлауда отырған шақта берілген екен. Алатаудың баурайын жайлаған қалың елге сауын айтылып, ас өтеді. Оған көрші жатқан қырғыздың да жақсы-жайсаңы шақырылады. Аста ежелгі салт бойынша дүйім жұрт думан-сауық пен ақындар айтысын, ат бәйге мен балуандар сайысын тамашалайды. Асқа келген бай-манап өзімен қоса бәйгеге қосатын атын, ақын-жыршысын, балуанын бірге ерте келетін болған. Осы дағдымен қырғыздың Шабдан манабы Тістеуік деген балуанын асқа әкеледі.
Астың ең бір қызықты шағы балуандар бәсекесі болған. Тістеуікті көрген қазақтар: «Ойбай-ау, талайды жығып қана қоймай, ашуланған шақта алысып жүріп шайнап тастайтын бұған қарсы кімді шығарамыз?!» деп сасады. Айтса айтқандай, Тістеуік сол заманда қазақ-қырғызға әрі сайыскер, әрі балуан ретінде аты белгілі боп тұрған кісі екен. Әсіреп балуанның жасы мосқал тартқан шағы екен, сайысқа түсуден бас тартады.
Қасқарау ішінде Дүйсебай әжі деген беделді ақсақал асқа жиналған қазақтың жақсы-жайсаңын шақыртып, қайткенде ел ішінен бір балуанды табу керек деген талабын қояды. Намысқа мінген жігіттер ауыл-ауылды аралап кетеді. Абырой болғанда бәйгеге қосылған аттар кеш келіп, соның сылтауымен балуан сайысын ертеңге қалдырған екен.
Ертесіне қалың халық балуандар сайысын тамашалауға жиналады да, ортаға есік пен төрдей торы атын ойқастатып Тістеуік балуан шығады. Өзіне қарсы ешкімнің шыға қоймағанын байқаған Тістеуік: «Сайыскер балуаның жоқ болса, бәйгемді бер!» деп айқайлайды. Балуанының айбынына масаттанған қырғыздар жағы қиқу көтереді. Қазақтар жағы төмен қарап: «Ойпырмай, бір балуанның болмағаны ма?» деп күдер үзе бастағанда ортаға бір жас жігіт шыға келеді ғой. Сөйтсе оны ауылда қалған жерінен ат жібертіп алдыртып, жеткізгені сол екен. Ол – Баба руының Еламан атасынан шыққан, әлі топқа түсіп ысыла қоймаған, жауырыны қақпақтай, қарулы жас Шұлғаубайұлы Шарын еді. Әрине, таңдау бұл жігітке тектен-тек түспесе керек. Мұнан екі жыл бұрын Шу бойында өткен ұлан-асыр аста Ботбай руының түйе балуанын жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған 14 жасар бозбала Шарынды жұрт бірден таниды. Ә дегенде әлі жас оны әккі Тістеуікпен сайысқа шығуына «тауы шағылып» қалар деген қауіп те жоқ емес еді. Екі көзі оттай жанып, бойында намысы атойлаған жас батырды Дүйсебай әжі Ноғайбайдың Ажар деген қырғыз әйелінен туған баласы Күбірдің тоқпақ жалды Орауыз дейтін жараулы атына мінгізіп:
Шақырдық біз Шарынды,
Құдай ашсын бағыңды!
Тістеуікке бет алдың,
Барыңды сал, барыңды! – деп батасын береді.
Сайыс алаңында екі балуан бір-бірін ала алмай, ұзақ уақыт арбасады. Астарына мінген арғымақтар ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, үстіндегі егелерінің ығына қарай олар да тіреседі. Жан беріп, жан алысқан сайыс үстінде Шарын есебін тауып, Тістеуіктің оң білегін тақымға басады. Әбден әккі қырғыз балуаны қатты қарсылық білдіреді. Тістеуіктің қолын босатпаған Шарын енді ерінің басына тартып әкеп, езгілей бастайды. Қаны ұйып, қарауытып кеткен қолдан қан бұрқ ете түседі. Екінші қолымен босанбаққа жан ұшырған Тістеуіктің әрекетінен түк шықпайды, сәлден соң екінші қолы да Шарынның шеңгелдей сығымдаған қолына түсіп, ер басында езіледі. Қос қолдан әл кеткен қырғыз балуаны Шарынның тақымында кетіп, жерге құлайды.
Қазақ жағы ду етіп қуаныштан жер дүниені жаңғыртса, балуаны жеңілген қырғыздар жағы жерге қарап қалады. Сөйтіп, жас Шарынның атағы қырғыз-қазаққа жайылады да кетеді.
Ас тараған соң Бабаның Байтумасынан шыққан Ырыскелді деген сыйлы қариясы қасына Бөлеміс, Әбілез қожа және Қодар дейтін үш кісіні ертіп, арнайы Шұлғаубайдың үйіне соғады. Неге екені белгісіз, сол жолы әлгі төрт қария Шарынға бұдан былай сайысқа түспеуге кеңес береді. Қырғыздың дөй балуаны Тістеуікті жеңген атағымен қалсын, ауыл ішіндегі шағын той-думанда әлдекімнен жеңіліп, абыройы кетер дегендері ме, кім білсін, әйтпесе Шарын біреудің жалғыз ұлы емес еді. Одан өзге Шұлғаубайдың төрт ұлы болған.
Әйтеуір Ырыскелді қария аталас туысы Шұлғаубайдың үйіне қона жатып, Шарыннан енді қайтып сайысқа түспеуге уәде алып, батасын беріп аттанады. Үлкен кісінің батасын бұзу қиын шаруа, оның үстіне Ырыскелді қария аузы дуалы, ел ішінде сыйлы кісі болса керек.
Біраз уақыт өткеннен кейін Шарын балуан ауыл арасындағы көп тойдың бірінде жұрттың сөзін жерге тастай алмай, белдессе керек. Айтқандай аяғы абайсызда тайып кетіп, жеңіліп қалады. Үлкен кісілерге берген уәдесін бұзғанына налып, Шарын қатты қапаланады. Осылай жұрт көзіне тіке қарай алмай пұшайман күй кешіп жүргенінде, баяғы Дүйсебай әжіден сәлем алып біреу жетеді. Верный шаһарында ірі ас өтпек, оған Қордайдың игі жақсылары түгел шақырылса керек. Соған балуан Шарынды да қоса алып кетпек.
Амалы жоқ, Шарын шабарманға бар мән-жайды түсіндіреді. Оны естігенде Дүйсебай әжі қатты ашуланып, Шұлғаубаймен қоса баяғы төрт кісіні шақыртып алады да: «Бата беріп ет жейтін өзге сылтау құрып қалып па еді?! Бұл не қылғандарың, баланың бағын байлап?! Біле білсеңдер, Шарын елдің намысы емес пе?!» деп жатып кейиді. Бір мал сойдырып, әлгілерге Шарын балуанға қайта бата бергізеді.
Ел ішінде аузы дуалы қариялардың оң батасын алған Шарын балуан қайта түлеп сала береді. Қайратын қайта жиып, от болып жанады. Әлгі жиында белдескен балуанның бәрін жығып, бас жүлдені иеленеді. Содан даңқы көкке өрлеп, Алатаудың баурайын тел емген қазақ-қырғыздың ірі ас-тойларының додаларында белдесіп, жауырыны жерге тимеген балуан Шарын атанады. Егде тартқан шағында да сайысқа түсіп, қарсыластарын бет қаратпаған екен. Артында қалған ұлы Жорабек ақсақал өмірінің соңын Кенен ауылында өткізіп, бертінде 98 жас жасап, өмірден қайтты. Қызы атақты Тәкен салдың немересі Қасымжанға тұрмысқа шыққан еді. Шарын балуанның кенже ұлы Күреңбек Шарынұлы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, Шу ауданы Шоқпар ауылының Құрметті азаматы атанып, 91 жасында дүниеден озды. Балуаннан тараған үрім-бұтақ бүгіндері Қордай ауданында өсіп-өніп, өмір сүріп жатыр.
Шарын балуан жайлы қазақтың белгілі жазушы Марал Ысқақбайдың Жарылғамыс (Қасқараудың шежіресі) (Алматы. «ҚАЗақпарат» баспасы) атты құрастырған кітабында кеңінен айтылған.
Мұны айтып отырған себебіміз, Қордай жерінде өткен әруақты батырлардың соңғы тұяғындай болған балуан Шарынның есімін жаңғыртып, халықтың жадында сақтасақ деген ой. Мына өскелең заманда қай ауылда болмасын жаңа көшелер түзеп, тіпті тұтастай ауылдар пайда болып жатыр. Осы көшелердің біріне атын беріп, әруағына арнап ас өткізіп, бүгінде халыққа қайта оралған қазақ күресінен дүбірлі жиын өткізсек, жарасар еді. Оны Қордайдың күңгейі мен теріскейін жайлаған қалың ағайын да қолдайды деген сенімдемін.

Бақыт БАЙТӨЛЕ,
ауданның Құрметті азаматы.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support