- Advertisement -

Асқақ Астана төрінде көне Тараздың сарыны тербелді

142

- Advertisement -

Күллі әлемнің назарын өзіне аударған халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында ерке Есілдің жағасындағы еңселі Елордамызда облысымыздың күндері басталып кетті. Халқымыздың рухын асқақтатып, мәртебесін арттыратын айтулы шарада жамбылдықтар Астанаға бірнеше күн бойы мәдени-сазды бағдарламаларын, ұлттық салт-дәстүр қойылымдарын, қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін, ақындар айтысын, тауар өндірушілер жәрмеңкесін, сан алуан ұлттық ойындар көрсетілімін тарту етіп, елорда жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй, қайталанбас әсерлер сыйламақ. Дүркіреген думанның шымылдығы «Хан шатыр» ғимараты алдындағы Ғашықтар саябағында ашылып, жас қалада Тараздың тарихи самалы есті. Саябаққа таңғы сағат 9-дан бастап ағыла бастаған көпшілік өткен тарихты қайта жаңғыртып, көне сауда жолымен келе жатқан «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атты этномәдени керуенін асыға күтті. ЭКСПО-ның жалауы желбіреген күні бұйым-жабдығын арқалап, облыс орталығынан 20 түйе, 46 ат, 6 ат арба, 10 жүк автокөлігі, 3 автобус, 6 қызметтік көлік болып сапарға шыққан көш 9 елдімекенге тоқтап, әр жерде халықаралық көрменің мән-маңызын насихаттап, соңында Сарыарқа төсіне табан тіреген болатын. Көш бас шаһардың орталығына жеткенше жиналғандар «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты көрмені тамашалады. Ал Жамбыл­дан келген зиялы қауым өкілдері ата-баба әруағы әрқашан қолдап жүрсін деп, жыр дүлдүлі Жамбыл мен батыр Бауыржанның ескерткіштерінің алдына жиналып, бабалар рухына тағзым етті. Ұлы есімдерді мәңгі есте сақтау – халқымыздың бойына біткен қасиет екенін көрсеткен әулиеаталықтар ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті.
IMG_9757 IMG_9551 IMG_9407 IMG_9305 IMG_9++628 IMG_9++374Астана төрін күй күмбірі мен тұлпарлар дүбірімен тербеген айтулы думанның ашылу салтанаты да өз алдына айшықты өтті. Көшпенділер мәдениетінің ізімен ұлттық құндылықтарымызды алып, «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атты шеру тартқан салтанатты салқар керуенді қарсы алу үшін халық лық толы алаңда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бастаған бір топ құрметті меймандар сахнаға қадам басты. Сазды бағдарлама басы қуаныштың жаршысындай болған бір топ бишілердің ырғақты биімен басталды. Содан соң, дабыл соғылып, сырнай үні естіліп, керуен келе жатқанынан белгі берілді.

«Қырқа-қырқа қыр асып,

Белес-белес бел асып,
Бетбақ шөлден бері асып,
Салтанаты жарасып,
Әлем жұрты көз тіккен,
Астанаға тау асып,
Шаһарлардың шаһары,
Көне Тараз жерінен,
Тарихпенен ұласып,
Ұлт Рухын ту етіп
Салқам сәні жарасып,
Көш керуен келеді!», – деп ортаға сүйіншілеп шыққан атты жаршының қуанышты хабары халықтың делебесін қоздырып, серпілтіп тастады. Осы сәтте алаңға керуен басы бастаған көш лек-легімен ене бастады. Қоңыр күйдің сарынымен маң-маң басып, ботасын ерткен түйелер, арбаға жегілген аттар, тұяғын серпе басқан тұлпарлар, ұлттық киімдер киген қарт абыздар, қарулы жігіттер, ақ кимешекті аналар, ерке сұлулар тізіліп өткен сайын, алаң тарихтың қойнауында қалған Ұлы Жібек жолына айналып кеткендей әсерде қаласың.
Бұл керуен – заманалар көші, ғасырлар мен рух көші. Тарих легінің керуені. Көне Тараз төрінде, көне тарих тылсымынан мөлт етіп тамып түскен жауһар тамшыдай қос күмбез мұнарланады. Олар қосыла алмай арманда кеткен қос ғашық Қарахан мен Айша ару. Ендеше, ғасырлар керуенімен бірге олардың да келуі заңдылық. Сондықтан керуен тізбегінде аппақ түйеге мініп, айналасын көркем киінген ару қыздар қоршап-қолпаштаған Айша көрінсе, «Қарахан» әнін айтып, қарагер атқа мінген, қаумалаған сарбаздардың ортасында Қарахан батыр топ алдынан өтті.
Осылайша, өткенге қиял қанатын қақтырған «Нұрлы көш» діттеген жеріне жетіп, көңілдерді біразға дейін сейілмей тұрып алған толқуға бөледі. Содан соң сахнада «Тараздан сәлем» атты сазды бағдарлама жалғасын тапты. Ал мәртебелі меймандар «Kone Taraz Alemi» атты ашық аспан астындағы көрмемен танысты. Кешенді көрмеге бастайтын оюлы қақпада «Көне Тараз әлемі» деген жазу латын әріптерімен жазылған. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласындағы міндеттерді орындаудың бір көрінісі.
Шара барысында журналистермен сұхбаттасқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев былай деді: «Бүгін қасиетті Әулиеата жерінен, жыр алыбы Жамбыл елінен 2000 жылдық тарихы бар, кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізген, Керей мен Жәнібек хандардың ту тіккен жерінен 1400 адам Астана күніне Жамбыл облысынан келіп отыр. Керуен мамыр айының 20-сында Тараз қаласынан шығып, Жамбыл облысының 6, Қарағанды облысының 4 ауданына тоқтап, Астана қаласына ат басын тіреді. Бұл – ЭКСПО-ға Жамбыл облысынан үлкен тарту. Бұл көшпен бірге мәдениет саласындағы 500-ге жуық өнерпаздарымыз, жазушыларымыз, тарихшыларымыз, зерттеушілеріміз, археологтарымыз, ғалымдарымыз, зиялы қауым ЭКСПО көрмесін көруге келіп отыр. «Тараз – тарихымыздың темір қазығы» деп Елбасы айтқандай, 2014 жылы Қазақстан бойынша ЮНЕСКО-ға 8 жоба енгізілсе, соның 5 жобасы Жамбылдан. Осыған байланысты облыстың тарихи мұраларын алып келіп отырмыз. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен бірнеше рет кездесіп, облыс күндерін «Хан шатыр» маңында өткізсек деп жоспарлағанбыз. Бүгін жоспарымыз орындалып, қонақтарға үлкен тарту болды. ЭКСПО-ға шетелдерден келген туристер бар. Сондықтан бұл бір жағынан облысымызға үлкен жарнама. Біздің 3000-ға жуық ескерткіштеріміз бар. Соларды көрсетсек деген ниетпен көрме ұйымдастырдық». Сонымен қатар облыс басшысы ЭКСПО тақырыбы аясында сөз қозғап, облыстағы баламалы энергия көздерінің қоры туралы айтып берді. Облысымызда 114 МВт баламалы энергия қуаты бар. Оның 54 МВт-ы жел электр стансасы, 50 МВт-ы күн сәулесі, 10 МВт-ы су күшінен алынуда. 2018 жылы бұл көрсеткішті 274 МВт-қа жеткізуді көздеп отырмыз. Осылайша, қуат көздерін дұрыс пайдалана білсек, облыс экономикасы дами түспек», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Ашық аспан астындағы тарихи Тараз көрмесінде 400-ге жуық үлкенді-кішілі археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық құнды жәдігерлер бар. 6-9 ғасырлардың куәсі болған балбал тастар көшірмесі, 10-12 ғасырларға тән қыш ыдыстар, құмыралар, Алтын адамның жанынан табылған аңдық стильде жасалған инсталляциялар көшірмесі, қазіргі заман суретшілерінің картиналары, сан алуан қолөнер бұйымдарын кездестіруге болады. Сонымен қатар, сақ жауынгерлерінің қоладан жасалған алып дулығасы, біздің заманымыздан бұрынғы 6-5 ғасырларда аңшылық пен соғысқа қолданылған екі дөңгелекті арба, Сарысуда табылған Ынталы үңгірінің көшірмесі таңдай қақтырмай қоймайды. Көрмеде сырты Қарахан баба, Айша бибі, Бабаджа хатун ескерткіштері қапталған оюлы кірпіштердің көшірмесімен сәнделген киіз үй де көз тартады. Оның ішінде облыстағы 33 ең маңызды ескерткіштер, олардың арасында ЮНЕСКО тізіміне енген 5 ескерткіш көрсетілетін бейнероликтер бар. Көрме сахнасының өзі күміс білезіктің үлкейтілген пішінінде жасалып, ерекшеленді. Бұл көрме Тараздың тарихын таныстыра отырып, туризмді дамытуға да бағытталған. Осы орайда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қ.Аралбекова ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Тараз қаласында өткен «Қызғалдақтар» фестивалінің мән-маңызына тоқталып өтті. Себебі, тарихи көрмеде қызғалдақтар бұрышы қойылған. «Голландия – қызғалдақтың талай түрін өсірсе де, ең алғаш қызғалдақ Жамбылда болған деп мәлімет беріп отыр. Мұны бүкіл әлем мақұлдауда. Сол себепті біз «Қызғалдақтар» фестивалін өткізген болатынбыз. Астаналықтарға жүргізген жұмысымызды, облысымыздың осы ерекшелігін таныту үшін осы бұрышты ұйымдастырдық. Мұндағы алқызыл гүлдердің кәсіби фотосуретшілер түсірген сан алуан бейнелері Жамбыл жерінің сұлу табиғатын көрсетуге бағытталған», – деді Қ.Аралбекова.
Қазақтың дүбірлі думаны дастархансыз өтпейтіні белгілі. Бұл – біздің қонақжайлылық дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан астаналықтарға, зиялы қауым өкілдеріне арналып 3 киіз үй тігілген. Жалпы, жамбылдықтардың тартуы алғашқы күннен-ақ бас қала тұрғындарының көңілінен шыққаны анық. Олардың лебізін Астана тұрғыны, жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы былай жеткізді: – Жамбыл облысы өзге өңірлерге қарағанда жұртты өзіне ерекше елеңдетті. Өйткені, ЭКСПО ашылған күні көне Тараздан керуен шығыпты деп естідік. Керуен деген сөз қазақтың жадында сақталған үлкен түйелі көш. Ал, Тараз десе көз алдымызға көне тарихымыз, салт-дәстүріміз, ескі мәдениетіміз елестейді. Соның бәрін көшіріп алып келе жатқан көлікті көш келді. Керуен келген кездегі әртістердің орындаушылық шеберлігіне тәнті болдым. Кейде сөзі ұнап тұрғанмен, бірақ жүрегіңнің қылын тербемейтін қойылымдар болады. Бірақ мұнда әрбір дикция, әрбір сөз тыңдарманның жүрегін қозғайтындай, жүректен-жүрекке жететіндей жазылған екен. Сондықтан көшті бастап келген облыс әкімінен бастап өнерсүйер қауымына, әнші, актерлеріне, көштің көркін кіргізген қыз-жігіттеріне рахмет. Керуенді қарсы алып тұрып шын мәнінде үлкен тарихи оқиғаның куәсі болғандай, үлкен фильм көргендей әсерде қалдық. Аралап өткен жерімізде бағдарламалары, спектакльдері, киіз үй тігілуі, жабдығы, Керей мен Жәнібектің киімі, айтқан сөздерінің барлығы құлағы бар тыңдарманға жеткілікті әңгіме болды.
Астанадағы Жамбыл күндерінің кеші де көңілді өтті. «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы алаңында кеш бата Талас, Сарысу аудандарының концерттік бағдарламасы, ұлттық салт-дәстүр қойылымдары көрсетілсе, ЭКСПО аумағындағы Амфитеатрда «Әуені әсем Әулиеата» атты облыс өнерпаздарының мерекелік концерті ұйымдастырылды.

Астана қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан,
Петр Норкин.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support