- Advertisement -

Динозаврлар болған ба?

583

- Advertisement -

Динозаврлар туралы кинолар да, кітаптар да, ғылыми зерттеулер де жетерлік. Әйтсе де, көне дәуірде өмір сүрді делінетін жаратылыстың шығу тегіне байланысты түсініксіз нәрсе көп. Мәселен, Крис Магкоуан деген ғалымның «Make your own dinosaur out of chicken bones» (Өз динозаврыңды тауықтың сүйектерінен жасап ал) деген кітабында қолдан динозаврды қалайша жасауға болатынын көрсетеді. Ғалымдар әлемнің әр тұсынан табылған сүйектерге зерттеу жасап, белгілі бір шешімге келгені анық ғой. Әйтсе де, олар қателескен болса ше? Крис Магкоуан көрсеткендей, динозаврды қолдан құрастырсақ ше? Бұған кесімді жауап айту қиын.
Динозавр термині 1842 жылы ағылшын ғалымы Ричард Оуэннің ұсынысымен ғылыми ортаға енгізіледі. Жалпы алып мақлұқтарды зерттеу 19 ғасырда басталған екен. Бір қызығы, әдетте ғылыми зерттеулерде әуелі көне жәдігер табылып, сосын ғана теория құрылатын. Ал динозаврлардың кейсінде әуелі теория жасалып, дәлелдер кейінірек табылған екен. Кейінірек динозавр зерттейтіндер көбейіп, әлемнің әр тұсынан сүйектер қаптап табылыпты. 1922 жылы америкалықтар Гоби шөліне сапарға шығып, құмның ортасынан сүйектердің тағы біраз түрін тауып қайтқан көрінеді. Жалпы динозаврды зерттеу тарихының ұзын-ырғасы осындай. Бір айта кетерлігі, бірде-бір зерттеуші динозаврдың сүйегін түгел таппаған. Ары кетсе 70-80 пайызы ғана сақталған, оның өзінде қазіргідей қалыпта емес, сүйектері әрқалай шашылып жатқан дейді. Ал біздің музейде көріп жүргеніміз макет қана.
Аргентинозавр – әлемдегі ең алып динозавр деп саналады. Оның ұзындығы 35 метрге дейін жетіп, салмағы 60 тонна тартуы ықтимал. Бұл Боинг-747 ұшағының көлемімен бірдей деген сөз. Ендеше, аталған мақлұқтың қаншалықты алып екенін бағамдай беріңіз. Бұдан бөлек Юра дәуіріне жататын бірнеше зор динозаврлар бар.
Аталған динозаврдың көлемі мен зерттеушілер жасаған макеті көптеген ғылыми парадоксті туындатыпты. Алып динозаврлар тіршілік ету үшін өте көп көлемде әрі көп уақыт қоректену керек-мыс. Мысалы, Африка пілі күніне 18 сағат шөп жейді екен. Ендеше, динозаврлардың тым алыптығы сәл де болса күмән туғызады. Алайда, динозаврологтар «алып жануарды» аз қоректеніп, көп қимылдайтын жануарға жатқызады. Алда-жалда олар жылы қандыға жататын болса, аталған теория жоққа шығады. Салқын қандыға жатқызуға ауа райының қолайсыздығы жібермейді. Өйткені, салқын қанды жылыту үшін олар ұзақ уақыт бойы күн астында жатуы керек.
Динозаврды ұшақпен салыстыру бекер емес. Боинг-747 жердің тартылыс күшін жеңіп, көкке көтерілу үшін пәленбай тонна жағармай жұмсайды. Ал салмағы соған сәйкес динозавр қайтпек? Тартылыс күшін ешкім жоққа шығара алмайды. Ендеше, 60 тонна тартатын жануар құрлықта қыбырлай да алмас еді. Сондықтан шығар, қазіргі таңда әлемдегі ең ауыр құрлықтық жануар – піл. Оның салмағы 12 тоннаға дейін жетеді. Мұндай пілдің әрең қозғалатынын ғалымдар дәлелдеп қойған. Мұхитта жерге қарағанда қысым басқа болғандықтан, әлемдегі ең алып жануар көк кит суда еркін жүзеді.
Осы орайда, мойны ұзын динозаврлардың қалай қимылдағаны да түсініксіз. Қазіргі таңда ұзын мойынды жануар – жираф. Мұндай мақлұқтарда басына дейін қан айдау оңай шаруа емес. Қан  қысымы ең жоғары саналатын жираф басын төмен ұстап жүре алмайды һәм басын бірден көтеруге қауқарсыз. Сондықтан, ол мойнын баяу қимылдатады екен. Динозаврдың мойны жирафтан бірнеше есе ұзын. Олардың жүректері көп көлемде қан айдайтын алып мотор болуы тиіс. Кейбіреулер мұндай қысымға қалың резинкадан басқа ештеңе шыдамайды дейді. Олай болса, мойны ұзын динозаврлар қалай қимылдағаны түсініксіз. Яғни, қазіргі жердің тартылыс күшін есептегенде динозаврдың тамырлары қан қысымына шыдамай жарылып кетуі тиіс. Осылардың бәрін ескере келе, «Аргентинозавр секілді жануарлар қалай өмір сүрді?» деген сұрақ туады. Ұшатын динозаврлардың да мәселесі жетерлік. Табылған сүйектердегі қанаттың көлемі өз денесіне сай келмейді. Яғни, қанаттар аэродинамикаға жеткіліксіз дейді ғалымдар. Әйтсе де, зерттеушілер Юра дәуірінде жердің тартылыс күші басқа, ауа қысымы бөлек болған дегенді алға тартады.
Динозаврлардың болуы – эволюция теориясының бір бөлшегі. Бәлкім ғалымдардың динозаврлардың тарихта болғанына тырысуы осымен байланысты шығар. Бәлкім, расында динозаврлар өмір сүрген шығар. Ол жағы беймәлім. Әйтсе де, қазіргі таңда динозаврлар тарихынан ешкім зиян шегіп отырған жоқ. Талай кино, мультфильмдер осы алып жануарға байланысты түсірілді. Олардың сүйектері көптеген мұражайда экспонат ретінде тұр. Былайша айтқанда, олардың тарихта «болып кетуінен» адамзат бүгінде шаш-етектен пайдаға кенеліп отыр.
Теория бойынша динозаврлар 200 миллион жылдай бұрын өмір сүрген. Мұның да кемшілігі бар. Археологиялық қазбаның уақытын анықтау үшін «радио көмірқышқыл анализі» жасалады. Ал мұндай анализбен ары кетсе 60 мың жылдық жәдігерді анықтауға болады. Ендеше, ғалымдар динозаврдың өмір сүрген уақытын анықтауға қандай жүйе қолданғаны тағы белгісіз. Әрі ғалымдар табылған сүйекті емес, сол табылған жердің құрамын зерттейді-мыс. Динозаврлардың жойылып кетуіне түрлі себептер ұсынылған. Соның бірі – жерге кометаның құлауы. Аштық, ауа райының өзгеруі деген тәрізді теориялар да бар. Алайда, мұхитта өмір сүрген алып динозаврлар қалайша құрлықтағы апаттан зардап шеккені түсініксіз. Ал сіз, динозаврдың болғанына сенесіз бе?

Абай ОТАР,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support