- Advertisement -

«Мен өлсем аспанда бір жасын өлер…»

274

- Advertisement -

ақын Серік Томановтың шығармашылығы хақында бірер сөз
Талас топырағының тумасы, талантты ақын Серік Томановтың бұл өмірдегі ғұмыры қысқа болғанымен, оның өлеңдеріне өлімнің үкімі жүрмейді. Өйткені, оның бейнесі, жалынды жырлары оқырмандарының ойында, жоқтаушыларының жүрегінде,  жанашырларының жадында қашанда жаңғырығып тұрары хақ.
…Оған ақындық Алланың қалауымен, ананың ақ сүтімен бойына сіңген. Ақын жырлары өзіндік ерекшелігімен, қаламгерлік шеберлігінің санқырлылығымен таңдандырады. Оның поэзиясы – өткір, жарқын және кіршіксіз таза.
Шын талант үшін  ақындық өнер емес – өмір, заманның қилы қияндарында өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне айналған тағдырлы ақындар аз емес. Мұндай талант үшін өлеңсіз өмір жоқ. Серік те сондай еді… Оның:
Мен – жүрекпін,
Сен – қарын.
Айырмамыз сол біздің.
Халқым білер ол жағын,
Мен малымды өргіздім.

Ақкөз ақынның ары
Атылса да өлмейді.
Қызыл көз әкімнің малы,
Сатылса қайтып келмейді, –
деген өлең жолдарында айқайлап тұрған ақиқат үні, тұнып тұрған жан сыры бар. Ақын шынын сырға теліп, сырын шынға балап толғанса, өзі ғана толғанбай, өзгелерді де толғандырса, онда бұл – оның биік қарім-қабілеті екендігі даусыз. Өмірін өлеңіндей, өлеңін өміріндей сүю, өзі ғана сүймей, өзгені де сүйсінтіп, өзі ғана толғанбай, қалың жұртты да толқыта жырлау – Серік Томановтың да шығармашылықтағы миссиясы әрі ақындық асыл қасиетіне тән болды.
Ақиқатты табармын,
Батса батсын қаламым.
Қайшылығын қоғамның,
Тасқа бассын талабым.

Қаламда емес, қанымда –
Халқымның бар мұң-зары.
Ақ қағаздай арымда,
Дақ қалмаса болғаны, –
деп жазады ақын. Халық алдындағы ақындық, азаматтық жауапкершілігін терең ұғынып, ол үшін жан аямай тер төгіп, қызмет атқара алған жан ғана осылай жырлай алса керек. Ақындығы мен азаматтығы  болмысында біте қайнасқан, дәуір биігі деңгейінен үн қататын ақын ғана осылай жаза алуы мүмкін еді, Серік те солай жаза алды.
Ол – ақын!
Ойлы адамды олжа көрер.
Сәлем бер қарсы келсең,
Жолдан егер.
Сен ертең жәбір көрсең зәлімдіктен,
Сол сені шыр-пыр етіп қорғап өлер.

Ол сондай!
Оған соның – өзі бақыт!
Өлеңдерін өргізер қозылатып.
Басқа бақыт, байлықты ойламайды ол,
Кісі болса болғаны сөз ұғатын.

Немесе:
Халық қамын көздейтін, ой бағатын,
Қиянатқа төзбейтін қайран ақын.
Қарсы шығып зұлымдық, жалғандыққа,
Жақсылықтың жаһанға жайған атын.

Қайран ақын от жүрек, қылыш тілді,
Сезіп қалар жылт еткен сыр ұшқынды.
Түн ұйқысын төрт бөліп тірлігінде,
Дөңбекшумен өткізер тыныш күнді, –
деп Серік ақындықты ерекше жоғары көрсетіп, құдірет тұтқан. Ақынды елдің еркесі,  халық рухын оятушы, мұңын жырлаушы деп бағалайды.
Ақын халықтың жүрегіне жол табатын өлең жазу оңай еместігін сезіне білді… Серіктің бұдан басқа да тақырыптағы, яғни ата мен ана, бала күнгі достар, жар мен бала жайындағы жырларында да сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдер әдемі өрнектеледі. Ойды образға орап береді. Ақынның лирикалық кейіпкері бала болып та, аға, әке болып та, жар болып та сөз алады. Солардың бәрінде де ол ең бастысы адам болып, азамат болып сөйлейді, жалқыға арнаған өлеңіне жалпыға ортақ үлкен шындық сырды, халықтық ұғымды ұялатады. Соның нәтижесінде ақын шығармаларының шынайылығы мен шырайы еселеніп тұрады.
Ақынның шығармаларының бай мазмұнымен қатар көркемдік құндылығы жоғары деңгейдегі үйлесімдігімен де ерекше көңіл аудартады. Олардағы мазмұн мен өзара табиғи талант үйлесімі шынайы шығармашылық жетістікке айналған. Ақынның бұл орайдағы табыстары қазақ поэзиясының көп ғасырлық дәстүрлерімен тығыз байланысты. Ақынның шығармашылық өнерінің өзегіндегі халықтық мәні мен мағынаның барынша жарқырап көрініп, ерекше болмыспен даралануында, әсіресе, халық поэзиясының әуезділігінің, әуенділігінің алатын орны айрықша. Ақын шығармалары халық өлеңдері секілді үнді, әуенді болып келеді және әнге, әнмен айтуға өз-өзінен сұранып тұрады, ой мен сезімнің, мақам мен ырғақтың, жылу мен шуақтың, мазмұн мен түрдің өңкей келісімімен жарасып,  бұлақтың суындай өзара сұлу үндесуімен оқырманын баурап алады.
Өлең деген – әр сөздің келісімі. Абай айтпақшы, «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» ақынның ақыны ғана келістіре алса, Серік Томанов та талаппен, талғаммен ақыл-оймен тыным таппайтын тындырымды еңбегімен, қажыр-қайратымен мойны озық шығып, дара талантын байқата білді.
С.Томанов – жырдың табиғаттай тазалығы мен мөлдірлігін сақтаған ақындардың бірі деп айта аламыз. Ақынның шығармашылығындағы ойлылық, парасаттылық, образдылық тағы басқалар осының нақты дәлелі. Серік қандай тақырыпты жырласа да, сұлулыққа құштар, мөлдірлікке іңкәр жаны нәзік, сезімтал ақын болғандығын аңғарамыз.

Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?

Өзім қожа қашанда өз бағыма,
Ақы алмаймын сондықтан жазғаныма.
Маған сол да жетеді, жүректерге,
Жылу беріп жырларым маздады ма?
Немесе:
Ақындықты Алла сыйлап бағыма,
Қызықпадым жұрттың мал мен тағына, –
деген өлең жолдарында ақын өзінің шығармаларын жырсүйер қауым жүрегіне жылы қабылдауын өзіне бақыт санайды. Жұрттың байлығына қызықпайтындығын айта келіп, өзінің бойына ақындық қасиеттің даруын Алланың өзіне жіберген сыйы деп бағалайды.
Асыл өнер ешқашан өлмейтінін жырға қосқан мына бір өлеңінде ол өз ажалы туралы әлденені сезгендей әсер қалдырады. Ақырғы демі таянғанда айтып үлгере алмаймын-ау дегендей, арттағыларға өз аманатын да айтып ақтарылады:
Мен өлсем аспанда бір жасын өлер,
Сен сонда, басымдағы тасыма кел.
Тастай қаш, тіл қатпаса тасым егер,
Айғақтап өлмейтінін асыл өнер.

Мен өлсем, аспаннан бір жұлдыз ағар,
Жыңғылдар бір бозарып, бір қызарар.
Етегіңді соларға сырғыза бар,
Олар да айтар мен жайлы мұңды ғазал.

Немесе:
Жол бойына жерлеңдер мені өлгенде,
Өлген соң да не жетсін еленгенге.
Бейітімді көргендер есіне алсын,
Бейім еді өзі деп өлеңге де.

Жарық дүние – арттағы жанға аманат,
Мылқау молам жайғассын жол жағаны ап.
Өлгенімше елменен бірге едім мен,
Өлген соң да жатайын елге қарап, –
деп жырлаған Серіктің поэзиясы әрбір мезгілмен бірге көктеп-көгеріп, әр ұрпақпен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз. Ол оқырмандарының мәңгі жадында.

Айым Қалданова,
Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support