- Advertisement -

Қырдың қызыл қызғалдағы

398

- Advertisement -

Гүл – сұлулық пен нәзіктіктің символы іспеттес. Олар жайқалып өсуі үшін талмай еңбек етіп, біз адамдар аялы алақанымызды сезіндіру керекпіз. Дала гүлдерінің ішінде ең бірінші ойымызға оралатын әсем гүл ол – қызғалдақ. Жалпы қызғалдақ атауы қайдан, қалай шыққан? Ол жөнінде болжам өте көп екен. Оның кеңінен тараған атауы – «тюльпан». Бұл парсы сөзі «толибан» немесе «долбент» деген мағына береді. Оның мағынасы басқа тартатын орамал, «тюрбан». Тюльпан осы сөзден шыққан, қызғалдақ қауызы шығыстың бас киіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталған екен. Мұның бәрі тіл мамандарының пайымдаулары. Әйтеуір, қызғалдақ ежелден-ақ, ақындарды да, ғалымдарды да, патшаларды да таң-тамаша қалдырып, өзіне ынтықтырып келеді. Содан да болар, Шығыстың тағы бір атақты шайыры Ғафиз қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, әдемілігіне, кипаристей сымбаттылығына, тіпті раушан гүлі де тең келмейді деп жырлайды.
Кең-байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдік түрлеріне аса бай. Соның бірі – көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлі. Тамаша қызғалдақ гүлінің біздің жерімізде 32 түрі кездеседі. Оның 12-сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстанның «Қызғалдақтың Отаны» аталуы. Шындығында, аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіруде.
Жер шарының қай түкпірінде болмасын алуан түсті қызғалдақтар өседі. Үлбіреген нәзік гүлге әрдайым сүйсіне қарағанмен, оның шығу тарихы мен табиғаты жөнінде көп ойлана бермейді екенбіз. Ғалым Анна Иващенконың «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге өсімдіктер» кітабында қызғалдақтың отаны – Қазақстан екендігі анық жазылған. Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен көрінеді. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілді. Ал биологтардың айтуынша, қызғалдақтың лас ауаны тазалайтын қасиеті бар. Расында, адам қызғалдақ арасында бірнеше сағат жүрсе бойында ерекше қуат пайда болып, бір сергіп қалатынын сезеді.Қазақта «қызғалдақ жұлсаң өмірің қысқарады» деген наным бекерге айтылмаса керек. Жапон ғалымдары арнайы микротолқынды қабылдайтын аппаратпен барлық өсімдікті зерттей отырып, өсімдік атаулының жаны, рухы бар деген ғылыми тұжырым жасайды. Олар қызғалдақты зерттеу барысында ерекше жайтқа куә болады. Құтыда өсіп тұрған бір қызғалдақты қайшымен қырқып тастамақ болғанда, әлгі аппаратқа: «Маған қауіп төніп келеді! Қауіп жақындады! Төнді! Өлдім!» деген жазу басылып қалған. Ғалымдар осы кезде гүлдің діріл қаққанын аңғарған.Құранда барлық нәрсенің жаны бар екендігі туралы айтылғанын оқығанда, ата-бабаларымыз бен жапон ғалымдарының айтқандары ақиқат па деп қаласың. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, Қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Оған себеп, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асса игі.

Сағаткүл Карбозова.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support