- Advertisement -

Жаһан назарын аударған жампоз

108

- Advertisement -

Шағын футболдың шаңын қаққан Серік Жаманқұлов туралы соңғы жылдары футбол мамандары жиі айта бастады. Әуелде Алматының «Қайраты» сапында УЕФА кубогын ұтып алған жамбылдық жампоз 2016 жылы Сербия астанасы Белград қаласында өткен Еуропа біріншілігінде жасындай жарқырады. Ойын сайын қарсыластардың қақпасынан саңылау тапқан Серіктің шеберлігін әлем жұртшылығы мойындап, майталман мамандар қазақ баласының қарымын жоғары бағалап, таңдай қақты.
Иә, Серіктің хорваттар қақпасына дарытқан екі бірдей нәтижелі соққысын, әйгілі Италия құрамасының қақпасына тоғытқан керемет голын жанкүйер біткен қалай ғана ұмытсын? Ұлттық құрамамыз Еуропа біріншілігінде қола медаль алады дегенді кім ойлапты. Үшінші орын үшін өткен кездесуде де Серік жасындай жарқырап, алаң қожайындарының қақпасына қақырата соққы бағыттап, керемет гол соққан-ды. Сойқан соққысымен елді тамсантып, мергендігімен жанкүйерлердің жүрегіне жол тапқан жерлесіміз кәрі құрлық додасында 6 голдың авторы атанғаны естен кетпек емес.
Серік – іргедегі Ерназар ауылының түлегі. Анығырақ айтқанда, әкесі Түгелбай осы ауылда дүниеге келіп, осында мектеп табалдырығын аттаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң қызмет бабымен Жаңатас, Тараз қалаларына қоныс аударды. Өнімді еңбек еткен Серіктің әкесінің есімі елінің жадында.
Қазақ «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді ғой. Түгелбайдай текті қарияның соңында қалған ұрпақтары әке аманатына адалдығынан танған емес. Серіктің Асхат пен Мұрат есімді бауырлары бар. Асхат бүгінде нәсібін кәсіпкерліктен тауып жүрсе, Мұрат іргелі мекемелердің бірінде инженерлік қызмет атқарады.
Серік пен оның бауырлары Асхат, Мұрат, Гүлмира «туған жерге туыңды тік» деген сөздің қадірін жақсы түсінеді. Қайбір жылы олар Ерназар ауылындағы іні-қарындастарына тосын сый да жасаған. Ауыл клубымен жапсарлас бой көтерген бөлмені жаттығу залына айналдырып, қажетті спорт құрылғыларымен, спорттық киімдермен, күрес түрлеріне арналған кілеммен қамтамасыз етті. Тіпті сол күні шағын футболдан жарыс та өткізді. Бұған қалай қуанбайсың?!
Өзі жас болса да, тірлігі тастай еріне елі сенім артады. Алматылық «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының сапында жасындай жарқыраған Серікті ерназарлықтар мақтан тұтады. Кішкентай ғана ауылда туған, Алаштың намысын қорғап жатқан сайыпқыранын жұрты қалай әлпештесе де жарасымды емес пе?
2018 жылы Словенияда шағын футболдан Еуропа біріншілігі өтеді. Аталмыш додада Серік тағы да ел мақтанышына айналады деген сеніміміз зор.

Дүйсенбек Орманов,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support