- Advertisement -

Жастарға көмегі көп жоба

108

- Advertisement -

Жыл басындағы жүргізілген ресми статистикаға жүгінсек, елдегі 2,3 миллион жастың 42 пайызының жоғары білімі болса, 32 пайызының арнаулы кәсіптік білімі бар екен. Ал қалған 26 пайызы мектеп бітіргеннен кейін білім алмаған. Бұл 18-29 жас аралығындағы жастардың 500 мыңнан астамының арнайы мамандығы жоқ деген сөз. Оның басым көпшілігі ҰБТ-ның машақатынан қашып, ары қарай білім алуға ұмтылмағандар десек, қателеспейтін шығармыз, сірә. Нар тәуекел дегенмен, тестілеуде қажетті балды жинай алмай қалғандар да кіргені анық осы тізімге.
Иә, бұған дейін ҰБТ-дан шекті деңгейге жете алмағандардың халі мүшкіл болғаны жасырын емес. Сағы сынғанын былай қойғанда, бір жыл уақытын жоғалтатын. Тек былтырдан бері ғана талапкерлерге екінші және үшінші мүмкіндік беріліп, түлектерге қатарынан қалмайтындай жағдай жасалған. Оның үстіне «Нұр Отан» партиясы жастарға қолдау көрсету мақсатында «Сәтті қадам» жобасын іске қосып, ұлттық бірыңғай тестілеуде жолы болмаған мектеп бітірушілерді оқыту, жұмысқа орналастыру арқылы олардың өмірден өз орындарын табуына көмек көрсете бастады.
Жалпы партиялық жоба негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Соның ішіндегі ең маңыздысы – ҰБТ кезінде шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне әрі қарай оқуды жалғастыруына немесе жұмысқа орналасуына көмек көрсету. Бұл жобаның аталған бағыты өткен жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен іске қосылып отыр.
Қолға алынғанына бір жыл ғана болғанымен, былтыр қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған 100 бітіруші, ҰБТ тапсырмаған 925 түлек жұмыспен қамтылған. Өткен жылы орта мектепті жалпы саны 8709 түлек бітірсе, оның 6015-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан болатын. Оның 1321-і шекті деңгейден өте алмаса, 2694-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған еді. Партияның облыстық филиалы алдымен тізім жасап, оларды қайта оқуға немесе жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туғызған. Ал түлектерді жұмыспен қамту бойынша 62 мекемемен бірлесіп, меморандумға қол қойыпты.
Ал биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген 6135 мектеп бітірушінің 843-і шекті деңгейге жете алмаған. Биыл да шекті деңгейге жете алмаған және ҰБТ-ға қатыспаған мектеп түлектерімен жұмыс жүргізіледі дейді жобаға жауапты мамандар.
– 841 талапкер ҰБТ-ны қайтадан тапсыру үшін құжаттар жинақтауда. Сынақ 19 тамызда өтеді. Биыл облыста 2732 түлек тестілеуге қатысқан жоқ. Оның 1335-і колледжге түсуге талаптанып отыр. 556-сы шетелге оқуға түсуге құжаттар дайындап жатыр. Ал 113-і әскерге баруға өтініш білдірген, 26-сы басқа жерге қоныс аударуда, 54-і денсаулығына байланысты қатыспаған, 644-і жұмысқа орналасуға ниетті. Партия облыстық филиалы «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағыты ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде шекті деңгейге жетпеген мектеп түлектеріне әрі қарай оқуды жалғастыруға немесе жұмысқа орналастыруға көмек көрсету бойынша арнайы жұмысшы тобы құрылды. Жұмыс тобымен бірігіп, алдағы уақытта жұмыстар атқарылады, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support