- Advertisement -

Қауіп қайда демеңіз, желі ішінде

106

- Advertisement -

Адамзат ойлап тапқан технологиялардың ең озығы саналатын интернет бүгінде ғаламат күшке айналды. Біреу үшін ғаламтор қызмет бабын пайдаланатын тиімді орта болса, келесілерге уақыт өткізуге таптырмас құрал. Әйтсе де, интернеттен келетін зиян да жетерлік. Мұндай кибер қылмыспен күресу көптеген елде өзекті мәселеге айналғалы қашан?!
Желі арқылы жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып, компьютерлік тетіктердің көмегімен талайлардың қалтасын қағып кететіндердің дәурені жүріп-ақ тұр. Кибер қылмыскерлерде «қашықтық» ұғымы мүлдем пайдаланылмайды. Бүгін Еуропаның қаржы ұйымдарын қан қақсатқан хакерлер күні ертең АҚШ-ты да қан қақсатуы мүмкін.
Кибер қылмыскерлер көбіне қарапайым тәсілдер қолданып, белгілі әрекеттер тізбегіне сай қимылдап отырады. Мәселен, олар ұрланған немесе жалған карта көмегімен тауар сатып алып, оны әуелі сыбайластарына, одан соң тауардың орамасын өзгертіп, шетелге жолдайды. Сатушы несие картасының жалғандығын анықтап үлгергенше, әлгі тауар шекарадан ары асып кетеді.
Электронды хат арқылы спамдар тарату да кибер шабуылдың бір түріне жатады. Хакерлердің спамдар арқылы қаржылық операцияларды бақылауға алуы да жиі кездесетін жағдай. Сонымен қатар компьютерлерге вирус пен басқа зиянды бағдарламаларды тарату үшін де спамдар көп қолданылады. Ал фишинг қолдану арқылы хакерлер аса құпия ақпараттар мен мәліметтерге қол жеткізе алады. Қарапайым тілмен айтқанда түрлі қитұрқы әрекеттермен адамның жеке басына қатысты мәліметтерді ұрлау желі қылмыскерлері үшін түкке де тұрмайды.
Біздің еліміздегі ең алғашқы кибер қылмыс 2003 жылы жасалыпты. Лисаков қаласының тұрғыны интернет желісі арқылы 3 миллионнан аса қаражатты қолды еткен. Таяуда WanaCrypt вирусы әлемді дүр сілкінтті. Зиянды бағдарлама компьютерді бұғаттап тастайды. Одан шығару үшін зиянкестер 600 АҚШ долларын талап етеді. Соңғы бір аптаның өзінде-ақ «Касперский зертханасы» 74 елге 45000 шабуыл жасау әрекетін анықтаған.
Елімізде интернет-агрессияның алдын алуға бағытталған заң талаптары 1997 жылы күшіне енген-тұғын. Таяуда Ішкі істер министрлігі жанынан «К» басқармасы құрылды. Осыған орай, облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасында кибер қылмыспен күресуге жауапты екі қызметкер бекітіліпті. Олардың айтуынша, еліміздегі интернет пайдаланушылардың басым бөлігі шет елдік әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Әрі сол желілерде заңсыз контент жиі таралатын көрінеді.
– Биылғы бірінші тоқсанда облыс бойынша кибер қылмысқа қатысты 10 қылмыстық іс қаралды. Ел аумағындағы Интернет желісінің сегменттерінде ислами және басқа да сайттарды әрдайым бақылауда ұстаймыз. Облыс аумағында интернет тарататын провайдер өкілдерімен, соның ішінде «Қазақтелеком» АҚ Ақпараттық жүйелер дирекциясының Жамбыл аймақтық бөлімше қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, Интернет ресурстарды тіркеуші тұлғаларға қатысты тиісті ақпараттар алу мәселелері де жүйелі ұйымдастырылды, – дейді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Соңғы жылдары кибер шабуыл террористік мақсатта да қолданыла бастады. Біріншіден, кибертерракт жасау әлдеқайда арзанға түседі және қылмыскердің жасырын қалуын қамтамасыз етеді. Одан кейін, желі арқылы шабуыл жасағанда нысанаға алатын объектілердің көп екенін аңғару аса қиын емес. Мысалы, бүгінде тыйым салынған уағызшылардың санында шек жоқ. Тіпті, шекарасы алыс өзге ағымдағылардың уағыздары көз ілеспес жылдамдықпен жетіп жатыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек» делінген. Осы мақсатта облыс әкімдігі Дін істері басқармасының мамандары интернеттегі сайттар мен әлеуметтік желілерге қадағалау жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады екен. Аталмыш жұмыстарға өңіріміздегі мешіттердің имамдары да тартылуда. Егер ғаламтор бетінен қандай да бір күдікті аудио немесе видео сілтемелер табылса, бірден ҚР ДІАҚМ Дін істері комитетінің дінтану сараптамасына жолданады. Басқарма мамандарының берген мәліметіне сенсек, өткен жылы ғаламтор желісінен 239 күдікті сілтеме анықталып, оның 151-не тосқауыл қойылған. Ал үстіміздегі жылдың бүгінгі күніне дейін бұл көрсеткіш күрт өсіп, 1098 күдікті сілтеме дінтану сараптамасына жолданып, нәтижесінде 60 сілтемеге тосқауыл қойылған.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт елдері кибер қылмыспен күресуге бел шеше кіріскен. АҚШ үкіметі кибер кеңістік қорғанысының Ұлттық стратегиясын бекітті. Сондай-ақ электрондық қылмыстармен күресу үшін, зияткерлік жеке меншіктің бұзылуын, сондай-ақ жоғары технологиялық саладағы және компьютерлік қылмыстарды тергеумен айналысатын құрылымды бөлім құрған.
Ұлыбритания «электрондық поштаға» және Интернетті қолдану ережелерін сақтауға қатал бақылау қойды. Оған қоса, стратегиялық болжам жасау, тергеу жүргізу, құқық қорғау ұйымдарының қызметтерін үйлестіру және олар үшін ұсыныс хат дайындайтын жоғары технологиялар саласындағы ұйымдасқан қылмыспен күрес орталығын құрды.
Қытай үкіметі экстремизм, лаңкестік және сепаратизм белгілері бар желілерге тосқауыл жүйесін дайындады. Экстремизмнің таралуын болдырмау үшін, аспанасты елінің құқық қорғау органдары мұндай мәліметтер орналасатын желілерді тәркілейтіндерін мәлімдеген-ді.
Компьютерлік қылмысқа қарсы тұру мәселесіне әлемнің барлық мемлекеттері бас қатырып жатыр. Құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері де қазақстандық ғаламтор кеңістігінде қалыптасқан жағдайға баса назар аударғаны жөн.
Кибер қылмыспен күресу уақыттың тезінен туған қажеттілік. Ғаламтор санаға әрекет етудің таптырмас құралы екендігі мойындалған заманда қамсыз отыру жараспайды. Өйткені, жаһандану кезеңіндегі ұлттық сананы қалыптастыру кезінде мәселенің үлкен-кішісі болмайтындығын қаперде ұстағанымыз абзал.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support