- Advertisement -

Әлем білетін әдемі шаһар

105

- Advertisement -

Ширек ғасырда Қазақстан әлемге танылды. Еліміздің дүниежүзілік бірқатар ықпалды ұйымдарға мүше болуы – осының дәлелі. Алысқа бармай-ақ, биыл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астана қаласында өткізілуін айтсақ та жеткілікті. Мемлекетіміздің мерейін асырып, іргесінің нығая түсуіне Елбасымыздың ат үстінде жүріп, ел үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Мемлекет басшысының ел ордасын көшіру туралы шешімі – тәуелсіз елімізді іргесін бекемдей түсу жолында жасалған ең батыл қадам болды десек артық айтпаймыз. Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримов айтқандай, мұндай шешімді қабылдау үшін аттың басындай жүрек керек еді. 1997 жылы Елорда Ақмола қаласына көшірілді. 1998 жылы оған Астана деген атау берілді. Бірақ, арада небәрі он шақты жыл өткенде Сарыарқаның төсіндегі қала бейбітшіліктің бесігіне айналады деп ешкім ойлаған жоқ. Ал 2012 жылы Стамбулда өткен түркі тілдес халықтар Саммитінде Астана Түркі әлемінің астанасы деп жарияланды.
Ендеше, Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың перзенті. Үкіметтің арнайы қаулысымен Астана халықаралық әуежайын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атау туралы қаулысы шыққанда алғаш ойыма осы оралды. Бұл – Мемлекет басшысының елге сіңірген адал еңбегіне орай көрсетілген шынайы құрмет. Сондықтан осы шешімді дұрыс әрі өте орынды деп білемін. Қостаймын, қуаттаймын.
20 жыл бұрын Арқа төсіне ту тіккен Елорда қазір жаңа мыңжылдықтағы тұңғыш қала ғана емес, әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналды. Қазір Астананы әлем халықтары біледі. Мен Астанаға жыл сайын барып тұрамын. Өйткені, менің балаларым, немерелерім Астана қаласында тұрады. Сарыарқаның төріндегі әсем де сұлу, көрікті, әртүрлі қызылды-жасылды гүлге оранған, нұрлы қаланы көре бергім келеді. Көрген сайын тұңғиық ойға батамын. Әсем Астананы көрген сайын менің балалық, жастық шағым көз алдыма елестейді. Біздер 1940 жылдың тумалары – өмірдің небір қиын өткелдерінен өткен адамдармыз. Біздің ұрпағымыз ондай кезеңді енді көрмесін.
Елордаға барғанда Елбасымызбен кездескен сәт ойыма оралады. Бұл тарихи, сәтті мен мәңгілік ұмытпаймын. Президентпен жүздесу 2013 жылы 28 маусымда, Астананың «Конгресс Холл» сарайында өткен еді. Астананың 15 жылдық мерейлі мерекесіне байланысты жоғарыдағы аты аталған сарайда, Қазақстан көлемінде мерекелік концерт өтті. Оған Елбасы, Үкімет басшысы, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ұлы тұлғалар, Халық Қаһармандары, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен еңбек ардагерлері, жазушылар мен ақындар, өнер қайраткерлері, Олимпиаданың жеңімпаздары, әртүрлі саланың ғалымдары, академиктер, журналистер қатысқан. Кейін осы кездесу туралы мен аудандық, облыстық газеттерге «Елбасымен кездесу естен кетпейді» деген тақырыпта эссе жаздым.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған ұлы тұлға, сарабдал саясаткер. Егемен ел болу – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырғы арманы еді. Сол жолда қазақ елі талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастарынан өткізді. Оған тарих куә.
Елбасымыздың және халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің, татулығының арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі нығая түсті. Еліміз де, жаңа Елордамыз да аз ғана жылдың ішінде бүкіл әлемге танылды. Жақында ғана жүзден астам мемлекеттің өкілдері Астана төрінде бас қосып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына куә болды.
Арқа төсіндегі Есіл өзенінің сол жағалауына қоныс тепкен ЭКСПО қалашығына 115 мемлекеттің өкілдері, 22 халықаралық ұйым мүшелері, мыңдаған шетел туристері келіп, заманауи жобалармен танысуда. Бүгінде дамыған мемлекеттердің өзі Қазақстанмен экономикалық және барлық жағдайда байланыс жасауға мүдделі. Осының барлығы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі.

Ниязхан Бейсенов,
еңбек ардагері.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support