- Advertisement -

Барлық талапқа сай өтті

86

- Advertisement -

осылайша, абдалы нұралиев ҚР Парламенті сенатының депутаты болып сайланды

Кеше еліміз бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сайлауы өтті. Бұл шара біздің өңірде де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әуелі таңғы 8:30-дан бастап түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, комиссия мүшелері, бақылаушылар, сенімді өкілдер мен журналистер сайлау өтетін орын – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратына жиналды. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Талғат Жамалов жиналғандарға сайлауды өткізу тәртібін түсіндіріп, бақылаушылар мен сенімді өкілдердің көзінше бюллетень салынған ораманы ашып, 205 бюллетеньді комиссия мүшелеріне таратып берді.
Ресми рәсімдерден кейін Сенат депутаттығына кандидаттар үшін дауыс беру басталды. Бір айта кететіні, бастапқыда 5 кандидат тіркелгенімен, үш үміткер сайлауға түсуден өз еркімен бас тартыпты. Сондықтан бюллетеньде кандидат ретінде екі кісінің ғана аты-жөні жазылды. Олар – Абдалы Тоқбергенұлы Нұралиев және Қайрат Әбдікерімұлы Терлікбаев. Сайлауға 203 депутаттың (Қордай ауданында екі депутаттың мандаты бос тұр екен) 199-ы қатысты.
Депутаттар өз таңдауын жасағаннан кейін, комиссия хатшысы сенімді өкілдер мен бақылаушылардың, журналистердің көзінше жәшікті ашып, комиссия мүшелері барлық бюллетеньдерді реттеп, санап шықты. Сайлау барысында 1 бюллетень жарамсыз деп танылса, 6-ауы пайдаланылған жоқ. Сайлаушылардың 172-сінің таңдауы Абдалы Нұралиев болса, 26-сы Қайрат Терлікбаевты қолдап дауыс беріпті.
Сайлауға Қырғыз елінен келген Тұрсынкүл Бешкемпирова, Айнұр Жолдасова секілді халықаралық деңгейдегі бақылаушылар да қатысып, дауыс беру үдерісіне бақылау жасағанын айта кету керек.
Бұдан кейін мәжіліс залында таңдаушылардың (депутаттардың) бірлескен отырысы өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов ашып, жүргізіп отырған жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков сайлаудың барлық талапқа сай өткенін айта келіп, Абдалы Нұралиевке 172 дауыс, Қайрат Терлікбаевқа 26 дауыс берілгенін хабарлады.
Облыстық мәслихат хатшысы осы отырыстың шешімдерін дауысқа салды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары шешімді бірауыздан қолдады.
Осылайша, облысымыздан Нұралиев Абдалы Тоқбергенұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support