- Advertisement -

Тарихи тұлғаларды ұлықтау – ұрпақ парызы

174

- Advertisement -

Қосы батыр есімін  ауылға беруді көпшілік қолдап отыр

«Ақ жол» газетінің 13 маусымда жарық көрген санында облыстық мәслихат депутаты, Алматы облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы Дәулетбай Есімбековтің «Қаһарман Қосы батыр ұлағаты» атты мақаласы үлкен мәселені көтеріп отыр.
Мақалада айтылғандай, Қосы батыр – жоңғар шапқыншылығы кезінде шешуші шайқастарда айрықша көзге түсіп, қазақ жері мен елі және болашақ ұрпағының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен, есімі ел есінде жақсы сақталған баһадүрлердің бірі. Иә, қазақ елінің тағдыры қыл үстінде тұрған сол заманда халық батырларының тақымдары терден кеппеді, аяқ созып демін де ала алмады, тас-түйін боп бірікті, бас кетсе де уәдеде тұра білді. Олардың есімдері ұмытылуға тиіс емес. Жер басып жүрген тірілер оларға мың да бір қарыздар.
Ерен ерлігімен танылған Қосы батыр Сәмбетұлы өзінің күреспен, арпалыспен өткен ғұмырында басын бәйгеге тікті. Қосы батырдың танымал ұрпақтары өте көп. Кешегі қанқұйлы соғыс пен бейбіт дәуірде даңққа бөленгендері қаншама! Мысалы, Қосы батырдың ұрпақтары мекендеген Көкөзек ауылынан екінші дүниежүзілік соғысқа 170 жас майданға аттанып, олардың 127-сі елге оралмаған. Осы ауылдан үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олар – Наужан Дидарбекова, Алтынкүл Әлібаева әпкелеріміз бен Әлімқұл Сейдалиев. Фин соғысына бастан-аяқ қатысып, фашистермен соғысқа өзі сұранып барып, елге жеңіспен оралған Орал Қатықбаев ағамыздың жөні бөлек. Жиырмаға толмаған өрімдей жас кезінде Ауған соғысы және Тәжікстан шекарасындағы ұрыста ерлікпен қаза тапқан Нүркен Әбдуәлиев пен Дастан Нұрметовтің есімдері де ел есінде.
Бір таңғаларлығы, осы ауылдан шыққан механизаторлар өзге шаруашылықтарға қарағанда сайдың тасындай биік дәрежеде еді. Мұқсым Шатеев, Ермахан Тілеуімбетов, Аман Сүлейменов, Әнуар Жақашевтай комбаиншылар, Құттыбай Әбежанов, ағайынды Тоқтасын және Мырзахмет Әбиевтер, Жақсылық Пірәлиев сынды механизаторлардың еңбектері ерен болды. Кейінгі толқында өндіріс бригадаларын басқарып өте жоғары нәтижелерге қол жеткізген Бақытжан Пәтеқұлов, Фатима Айтжанова, Аманбек Сұлтанқұлов Еңбек Ері атағына лайық қызмет етті. Бұлардан басқа жоғары білімді, халық шаруашылығының сан-саласында жемісті еңбек еткен батыр ұрпақтары өте көп. Ғылым докторы Мәткәрім Асаубеков пен ғылым кандидаты Болат Үсенбаевтардай ізденістерімен танылғандары да аз емес.
Батыр бабамыздың жалындап өткен ұрпақтары ішінен Балуан Шолақ Баймырзаұлы туралы жазылған шығармалар, айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелер көп. Ал Қосы батырдың тікелей ұрпағы, небәрі 24 жасында қыршын кеткен Әмір палуан туралы айтылған жыр дастандар бүгінге дейін ел жадында жатталған.
Қосы батыр бабамыздың ұрыс даласындағы ерліктерінен бөлек, Төле бидің тапсырмасымен кең-байтақ қазақ жерінің сан түкпіріне сапарлағаны жайлы деректер де бар тарихта. Мәселен, Сарыарқада Қаражал қаласының маңында «Қосы батырдың ат тақыры» аталатын жер бар. Тың игеру жылдары Қосы бабамыздың сүйегі жатқан «Шаңқұдық» өңірі соқамен жыртылып тасталды. Өкінішке қарай, бабамыздың белгі тасын сол күйі таба алмай қалдық.
Иә, ағайын, ұлыларды ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы. Байзақ ауданындағы Қарасу елді мекенін Қосы батыр бабамыздың атымен атауға үн қосып, қуаттап отырғандар бүгінде жетерлік. Ол азаматтардың ой-пікірлері жуырда ғана «Ақ жол» газетінің 22 маусымда жарық көрген кезекті санында жарияланды. Осы іске ұйытқы болып, бастама көтерген Дәулетбай Есімбеков ініме айтар алғысым мол. Оның бастамасын көпшілік қолдап, құзырлы орындағылар да қостайды деген үміттенеміз.

Өмірбек БҮТІНБАЕВ,
Байзақ ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support