- Advertisement -

Қордайдың жері де құт, желі де құт

450

- Advertisement -

Басқа еш жерде кездес-пейтін қатты қызыл гранит пен әк, цемент өндіру үшін таптырмас жұмсақ ағалатастың ашық шахталардан алынып жатқанына да ондаған жылдар өтті. Бірақ, біздің бүгінгі айтпағымыз, Қордайдың жер қойнауында емес, жер үстінде есепсіз соғып тұратын ескек желінің өзінен өндірілетін байлық жайлы. Кенекеңнің әндеріне талай шабыт берген Қордайдың қоңыр желі де бүгінде ел кәдесіне асып жатыр.

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбына айналған «Жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асыруға ең қолайлы аймақтар қатарында алдымен біздің Жамбыл жері аталуы бекерден емес. Күн мен желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанат қақты жобалары елімізде ең алғаш біздің өңірде қолға алынуы соған дәлел. 2011 жылы Қордай асуында алғашқы жел электр стансалары іске қосылса, 2014 жылы Отар елді мекенінің жанынан «ҚазЭковатт» ЖШС күн сәулесінен электр қуатын өндіретін еліміздегі тұңғыш стансаны пайдалануға берген еді. 

Содан бері «Тараз-Алматы» күре жолы бойында, Қордай асуының қысы-жазы адуын желі бір тынбайтын Мұзбел аталатын тұсында айналып тұрған, алып қалбағайлары көз ұшынан көрінетін, әрқайсысының биіктігі – 60 метр, салмағы 180-тонна жел электр қондырғыларының саны қырықтан асқан. Алдымен желден қуат өндіруге осы өңірдің таңдалу себебіне аз-кем тоқталсақ. Сонау кеңестік кезеңде еліміздің желді өңірлері жылдар бой арнайы зерттеліп, «Қазақстанның жел атласы» жасалғаны мәлім. Ондағы деректер бойынша Қордай желі – Іле Алатауының батыс сілемі Жетіжол таулары мен Кіндіктас жоталарының аралығында Қордай ауданының аумағында орналасқан абсолюттік биіктігі 1233 метрлік Қордай асуында соғатын жергілікті орографиялық жел. Ол солтүстіктен суық ауа массасының тау аңғарына енуінен пайда болады. Күшті желдің 93 пайызы солтүстік шығыстан соғады, желдің күші, әсіресе қыста үдейді. Әр айда 2-4 күн, кей жылдары 10-15 күнге созылатын желді бұрқасын борайды. Мұзбел метеостансасы маңында ақпандағы желдің орташа жылдамдығы секундына 7 метрге жетеді. Бір жыл ішінде орта есеппен 55 күн күшті жел соғатыны, ал басқа уақыттарда үнемі жаяу борасындатып тұратыны анықталған. Міне, осындай адуын желдің өтінен «Изен-су» ЖШС 2011 жылдың соңында қуаты 1,5 мегаватты құрайтын, жобалық-сметалық құжаттама бойынша құны 350 миллион теңгелік екі стансаны құрастырып, іске қосқан болатын. Одан беріде «Виста-Интернешнл» ЖШС жалпы қуаты 21 мегаватт болатын жиырмадан аса жел стансаларын орнатты. Бұл үшін бөлінген 66,9 гектар алқапта барлық жұмыс Германиядан жеткізілген қондырғылар күшімен жүргізілді. Тіпті, биік мұнараларды орнатуға 300 тонналық кран да сол елден әкелінген болатын. Серіктестік екі жылда құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосты. Өткен жылдың қорытындысында мұнда 67 миллион кВт.сағат электр қуаты өндірілді. Ауысыммен жұмыс істейтін тұрақты он үш жұмыс орны ашылып, оған арнайы дайындықтан өткен энергетика мамандары қабылданған. Болашақта басқару тетіктері толық автоматтандырылмақ.
Енді осы «Виста-Интернешнлмен» еншілес «Ветро-Инвест» ЖШС Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жобаның қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңге болатын екінші кезеңіне кірісті. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылады. Толық іске қосылғанда, оның қуаты 150 мыңға жуық халқы бар, облыстағы ең ірі Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге жетеді.
– Бірақ, біздің жел электр стансамыз өндірістік болғандықтан, өндірілген энергия жеке ауданға немесе қалаға берілмейді, еліміздің біртұтас энергия жүйесіне қосылады, – дейді «Ветро Инвест» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Түкбаев. – Жоба аудан көлемінде ғана емес, аймақтағы энергия көзіне деген тапшылықты төмендетуге ықпал етіп отыр. Жобаның басты тиімділігі – жел электр стансалары ауаны ластамайтын, экологиялық тұрғыда ең таза өндіріс. Таулы аймақта орналасқан Қордай ауданының осы таулы кезеңі желден қуат өндіруге таптырмайтын орын. Бұл жобаны жүзеге асырудан қаншама адам жұмыс тауып, жергілікті бюджетке салық түсімі артуы өз алдына бөлек әңгіме.
Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы электр және энергетика бөлімінің басшысы Құдайберген Қорғанбаев: «Өңірде қолға алынған баламалы энергия көздерінің ішінен үшеуін іріктеп алып, Астанаға жолдадық. Олар Тасөткел су қоймасында жұмыс істеп тұрған су электр стансасы, Қордайдағы жел электр стансасы және «Бурное Солар-1» күн электр стансасы. Олар ЭКСПО көрмесінде ролик түрінде көрсетілуі мүмкін. Әрине, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың әлемдегі дамыған елдер үшін айтарлықтай жаңалық болмайтыны белгілі. Десек те, республика бойынша баламалы энергия өндіруден біздің облысымыздың жеке-дара көш бастап тұрғанын атап өтуге тиіспіз. Жалпы, 2020 жылға қарай баламалы энергия көздерін енгізу еліміз бойынша 3 пайызды құрауы тиіс. Осы межеге қол жеткізу үшін өңірімізде де бұл іс өркен жая беретін болады. Оның үстіне біздің облыс 2010 жылға дейін энергия көзінің 70 пайызын өзге облыстар мен көрші Қырғыз елінен алып келген. Оның ішінде Қордай ауданы толық Қырғыз еліне тәуелді еді, енді бұл тапшылық көп төмендеді», – дейді.
Облысқа электр қуатының қажеттілігі 450 мегаватт болса, оның едәуір бөлігі жел, күн, су тәрізді экологиялық жағынан таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік. Оның ішінде жылына 50 миллион кВт.сағатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы Қордай жел электр стансаларының үлесі артып келеді. Сөйтіп, Кенен ата жырға қосқан Қордайдың қоңыр желі заманалар бойы ешкімге пайда келтірмей жай соғып келген болса, енді, міне, қуат өндіретін алып қалбағайларды зыр айналдырып ел кәдесіне жарап тұр.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support