- Advertisement -

Дарынды жастар – ел тірегі

132

- Advertisement -

Олар – бірқатары дүние-жүзілік пән олимпиадаларында олжа салған, тағы бір тобы халықаралық білім додаларында топ жарған, жас ғалымдардың жарысына ұсынған зерттеу еңбегіндегі тың жаңалығымен көзге түскен оқушылар. Жасөспірім болса да, оқыған-тоқығаны бар, көпшілігі жарыстарға қатысу үшін ел аралап, тіпті құрлық асқан. Соның әсері шығар, дарынды жеткіншектер облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен кездесуде салмақтап сөз сабақтап, ойларын ашық айтты.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жыл сайын білім аламанында топ жарып жүрген дарынды оқушыларды арнайы қабылдап, қолдау көрсетеді. Дәстүрлі кездесуге биыл 85 жас жеткіншек шақыртылыпты. Білім мен тәрбиенің жетістігі айқын көрініс тапқан салтанатты жиында білімді шәкірттерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен ноутбуктар тапсырылды.
– Облыстың дарынды оқушыларымен кездесу – мен үшін үлкен қуаныш! Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім. Білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», деп атап көрсеткенін білесіздер. Сондықтан сендер білімді, тәрбиелі болсаңдар – еліміздің ертеңі де жарқын болады.
Елбасымыз білім беру ісіне ерекше назар аударып, жастардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасап отыр. Білім саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсуде. Облысымызда тәуелсіздік алған жылдары 137 білім нысаны бой көтерді. Өткен жылы 6 мектеп, 5 балабақша, 1 мектеп пен 1 балабақшаға қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілсе, биыл 5 мектептің құрылысы, 3 мектеп пен 1 колледжге қосымша ғимарат жаңадан пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Білім саласына жасалған осындай жағдайлардың арқасында жыл өткен сайын оқушыларымыздың жетістіктері артып келеді. Биыл жамбылдық дарынды жеткіншектер халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 114 медальді иеленді. Оның ішінде 32-сін халықаралық білім жарыстарында алғаны бәрімізді қуантады. Республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жоба жарысында облыс командасына 6 жыл қатарынан жүлделі І орынның берілуі – дарынды оқушыларымызға берілген лайықты баға деп есептеймін. Сонымен қатар, дарынды ер-балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатын ерекше атап өткім келеді. Аталған мектептің оқушылары осы жылы Канада еліндегі «Торонто» университеті ұйымдастырған биология пәнінен кезекті халықаралық қашықтық олимпиадасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық деңгейдегі алғашқы 15 мектептің арасында Америка Құрама Штаттарының Кембридж білім беру институты, Томас Джефферсон, Догерти Вэлли, Баскинг-Ридж мектептері мен Түркияның Анкара Ғылым лицейінен кейін 6-орынды иеленіп отыр. Бұл – ең үлкен жетістік! – дей келе, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев кездесуде дарынды жастардың жетістіктеріне тоқталып өтті.

Осы кездесуге шақырылғандардың 42-сі биылғы түлектер екен. Оның 18-і халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында жеңімпаз болғаны үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылыпты. 8 мектеп бітіруші қазірдің өзінде Назарбаев университетіне шақырту алса, екеуі Оңтүстік Корея, біреуі Сингапур мемлекетінің жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алыпты. Облыс әкімі кездесуде дүниежүзілік олимпиадалардың жүлдегер атанған облыстық дарынды ер-балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының оқушылары Айвар Абрашұлының, Әлішер Назарбековтің, Данияр Отарбаевтың есімдерін ерекше мақтанышпен атап өтті. Сонымен қатар Әділет Тұртемір, Бауыржан Күбейев, Вячеслав Ким, Ержан Құрманжан, Валерия Артамонова, Саяжан Батырша, Ердәулет Әліпбаев, Жәмила Кәрім, Миразиз Мирджалалов, Карина Ян сынды дарынды оқушылардың болашағынан үлкен үміт күттіретінін тілге тиек етті.
Кездесуде талантты шәкірт тәрбиелеген ұстаздар да назардан тыс қалмады. Облыстық дарынды ер-балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының химиктері Ержан Жұмаділов, Нұрсұлтан Рысқұлов, өңірдегі үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің математигі Мира Түлебаева, ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының тарихшылары Нариман Қиялбеков, Ғайша Түлегенова, Тараз қаласындағы № 1 гимназияның физигі Гүлмира Помашева, №8 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Шайпитенова, №24 гимназияның информатигі Альфия Куцева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жастарға қолдау көрсеткен өңір басшысына облыстың озат оқушылары алғыс айтып, ойларымен бөлісті. Халықаралық олимпиаданың 6 дүркін жеңімпазы Айвар Абрашұлы, республикалық білім додаларының жүлдегерлері Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Карина Ян, Тараз қаласындағы №1 гимназияның шәкірті Дария Тимофеева, облыстық «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы, Ерболат Жұмабек, үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің түлегі Алмас Қайсар алға қандай мақсат қойып отырғандарын айтып, армандарымен бөлісті. Карина жоғары жетістікке мемлекеттік тілді меңгерудің арқасында жеткенін айтады. Өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырған кәріс қызы қазақшаға судай екен.
Кәрім Нәсбекұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасына тоқталып, жастарды туған елді, туған жерді қастерлеуге, туған өлкенің тарихын біліп, өткенге құрметпен қарауға шақырды. Адамзат ісінің мәні туған елге жасаған қызметіне қарай артатынын атап айтты. Мемлекет тірегі білімді, дарынды жастар екенін айтып, жас жеткіншектердің сапалы білім алып, саналы азамат атанып, ел үшін адал еңбек ететіндеріне сенім білдірді.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support