- Advertisement -

Ананың даналығы

102

- Advertisement -

Баласының білместікпен жасаған әбестеу қылығы үшін жерден алып, жерге салып ұрсатын аналарды көргенде сонау бір кезде оқыған осы бір әңгіме есіме түседі…
«Бір балақай мектептен келе сала ұстазы табыстаған хатты анасына береді. Оның мектепке барғанына небәрі үш-ақ ай болған еді. Қолына тиген хатты ашып оқыған анасы ағыл-тегіл жылапты. Сосын сәл кідіріп, баласына хатты дауыстап оқып береді: «Сіздің балаңыз өте дарынды екен. Біздің мектеп ол үшін тым кішкентай. Біздің мұғалімдердің арасында оның дарын-қабілетіне сай келетіндей білім беретін ешкім қалмады. Сіз енді балаңызды өзіңіз оқытыңыз!» деп жазылған екен онда.
Сол бала кейін есейіп, үлкен азамат болады. Ал бұл кезде оның анасы қайтыс болған еді. Бір күні ол өз әулетіне тиесілі бар құжатты ақтарып отырып әлгі хатты тауып алады. Бойын қызығушылық билеген әрі анасын еске түсірген хатты қайтадан оқымақ болады. Ақ парақтың бүктеуін жазып, дереу көз жүгіртіп шыққан Томас айран-асыр күйге түсіпті. Хатта: «Сіздің балаңыздың ақыл-есі кемшін. Біз оны дені сау балалармен қатар оқыта алмаймыз. Сондықтан оны үйден оқытқаныңыз жөн» деп жазылыпты.
Хаттың шын мәтінін оқығанда Томас бірнеше сағат тоқтаусыз жылапты. Сосын өз күнделігіне былай деп жазады: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі кем бала болған. Бірақ өзінің қаһарман анасының арқасында өз дәуірінің ең атақты ғұламасы атанды».
Иә, ол баланың аты Томас Эдисон еді. Хатты оқыған кезінде ол ғасырдың атақты ғалымы атанып үлгерген еді.
Баланың аты – бала. Оның ісі де шала болады. Кейбір қылықты балалықпен істеуі де мүмкін. Дегенмен, ол басқадан кем емес. Кім білсін, сіздің перзентіңіз де болашақта ғасырдың ғұламасы атанатын шығар. Мейлі, мықты болмай-ақ қойсын. Бастысы, азамат етіп тәрбиелеуге күш салыңыз. Қатты сөз, көңілге қаяу түсіреді. Ал ол балғын жүректе сыз қалдырады. Сөйтіп, ұл-қызыңыздың тауын шағып алуыңыз да кәдік.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support