- Advertisement -

Өзіне сенген өкінбейді

115

- Advertisement -

SAM_1577 Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Айдар» шаруа қожалығының жетекшісі Аманкелді Қабылханов туралы әңгіме қозғалса, парсы ақыны Сағди Ширазидің: «Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген жыр жолдары ойға орала береді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында осы аудандағы бұрынғы «Қорағаты» совхозы тарауына байланысты осында бас агроном қызметін атқарып жүрген Аманкелді Қабылханов жұмыссыз қалды. Ауыл шаруашылығы өндірісінде тәжірибесі мол азамат бұған қынжылып, қиналған жоқ. Уақыт талабына жылдам бейімделіп, ауданда алғашқылардың бірі болып «Айдар» шаруа қожалығын құрды. Қожалық алғаш жұмысын бастаған кезде оның қарамағында 200 гектар егістік, 900 гектар жайылымдық және саусақпен санарлықтай ірі қара мен уақ мал болды.

А. Қабылханов отбасымен бірді екі ету, екіні көп ету үшін табандылықпен аянбай еңбек етті. Кездескен қиындықтарды еңсере білді. «Бейнет түбі – зейнет» демекші, бүгінде соның жемісін көріп отыр.

Бүгінде қожалық қарамағындағы 200 гектар алқаптың жартысына мал азығы үшін дәнді дақылдар егеді. Отыз гектар алқап жыл сайын парға қалдырылады, қалғанына көп жылдық шөп өсіріледі. Олардың иелігіндегі 200 бас мүйізді ірі қара, 100 жылқы және 35 түйе 900 гектар алқапта жайылады. Осы мерзімде олар тапқан табысына 1 жүк автомашинасын, 5 доңғалақты трактор және шөп орып, жинайтын, тайлайтын және тиейтін бірнеше құрал-сайман сатып алды. Мұның өзі оларға мал азығын қысқа мерзімде әзірлеуге мүмкіндік беруде. Техника науқандық жұмыстан босаған кезде басқа шаруа қожалықтарына жалға беріледі. Техниканың сайлы болуы олардың уақытты үнемдеуімен қатар елеулі табыс табуына игі ықпалын тигізуде. Өткен жылы «Айдар» шаруа қожалығы 200 бас малға арналған бордақылау алаңын салып, іске қосты.
Соның нәтижесінде олар өткен жылдың қорытындысында 30 тонна ет өткерген. Аманкелді Қабылханов биыл бұл көрсеткішті 50 тоннаға жеткізетініне нық сенімді. Сондай-ақ қожалық жыл-он екі ай қымыз бен шұбат өндіріп, аудан және Тараз қаласының тұрғындарына өткереді. Бағасы қолжетімді, дәмі тіл үйіретін жеңсік асқа қай уақытта болса да сұраныс жоғары. Шаруасын дөңгелентіп, ел игілігін еселеп отырған қожалық иесі 15 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отыр. Олардың айлық орташа жалақысы 90 мың теңге. Аманкелдінің арманы көп. Ол келешекте мал өнімдерін өздерінде өңдеп, өткеруді көздейді. Бұған қазір алғышарттар жасалуда. Биыл жыл соңында Тараз қаласынан қымыз бен шұбат сататын шағын дүкен ашпақ.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ақылжан мамыт,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support