- Advertisement -

Айналаң қарбалас, жайнаған жаңатас

149

- Advertisement -

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен сарысу ауданында болды

Еңбек етсең
ерінбей…

Елімізде жас ұрпақтың заман талабына сай, толыққанды білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Соның бірі – үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептерді жою бағытындағы кешенді шаралар болатын. Бұл мәселе облысымызда түбегейлі шешімін тауып келеді. Атқарылған істің нәтижесі шалғайдағы Сарысу ауданынан көрініп отыр. Ауданның Досбол ауылындағы 50 оқушыға арналған негізгі мектебінің ғимараты жаңадан бой түзеді. Бүгінде нысан айналасында абаттандыру-көгалдандыру және қазандық қондырғыларын, су жинайтын мұнара орнату жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Сарысу ауданындағы жұмыс сапарын аталған мектеп құрылысымен танысудан бастады. Ауданның білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары Динара Қырықбаева баяндады. Оның айтуынша, жалпы аудан бойынша 22 орта мектеп, 4 негізгі және 1 бастауыш мектеп бар. Ал мектепке дейінгі білім беру мекемелері сапында 11 балабақша, 13 шағын орталық жұмыс істейді. Бұрын апатты жағдайда болған Досбол орта мектебінің құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталыпты. Осы жылдың тамыз айында толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Алла қаласа, досболдық балғындар биылғы жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайды. Білім нысанының құрылысын жүргізген мердігер «ТаразСтрой» ЖШС. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі 298901,0 мың теңге.

IMG_8391 IMG_8488 IMG_8514Жаңадан бой түзеген мектеп ғимаратына көңілі толған облыс басшысы: «Елбасы тапсырмасына орай, облысымызда апатты мектептердің мәселесі өз ағымымен шешімін тауып келеді. Осы бағытта қарқынды жұмыс істесек, Елбасы тапсырмасын жүз пайыз орындаймыз деп сенемін. Жалпы, мектептен бөлек, алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жайына баса мән беру керек. Жеке меншік балабақшалардың санын арттыру қажет. Бүгінде Астана, Алматы сынды үлкен қалаларда балабақша емес, тіпті жеке меншік мектептер салынып жатыр. Түрлі салада мамандандырылған жеке меншік ауруханалар да бой түзеуде. Бұл бағытта мемлекет барлық тараптан қолдау білдіріп отыр. Сондықтан, келешекте жекеге жұмыс жасау қажет. Осында білім алатын балалар ертеңгі күні елімізді өрге жетелейтін білімді ұрпақ болып өсуі қажет. Біз оларға барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Қазақ айтады ғой, «жауыңнан жоғары бол, көршіңнен артық бол, қатарыңның алды бол» деп. Сол секілді біздің балаларымыз жақсы білім алып, елімізді өрге сүйреп, қатарымыздың алды болсақ, жақсы емес пе?!» – деді.

Келесі кезекте облыс әкімі Досбол ауылдық округіне қарасты мал тоғыту алаңына ат басын бұрды. Ауылдың шығысына қарай бір шақырым жерде орналасқан алаң 2014 жылы салыныпты. Осы жерде облыс басшысына ауыл шаруашылығы саласы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы да кеңінен айтылды. Онда өңірдегі еңбектің көзін тапқан «Елдос-2004», «Бағылан», «Нұрлан» атты іргелі шаруа қожалықтарының атқарып отырған жұмысы насихатталып, өсіріп отырған мал басы және соңғы уақытта жаңартылған ауыл шаруашылық техникалары таныстырылды.
Қожалық басшыларымен сөйлескен облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы бүгінде істің көзін тауып, шаруашылықпен айналысам дегендерге мемлекет тарапынан барлық қолдау шаралары жасалып жатқанын баса айтты. Осы орайда: «Шаруаларға жеңілдетілген несие берудің көлемі жылдан-жылға артып отыр. Бірақ, оның мерзімі 2019 жылы аяқталады. Сондықтан, ерінбей еңбек етіп, мемлекет мүмкіндігін дер кезінде пайдаланып қалу керек», – деді.
Жаз шығып, күн ысыған кезден бастап сарысулықтардың конго-қырым гемморагиялық қызбасы ауруына қарсы шараларды қатаң қолға алып, ауырмайтын жол іздейтіні анық. Осыған орай аудан көлемінде атқарылып жатқан істердің барысын мал дәрігері М.Өзекбаев баяндады. Ол аталмыш аурудан зардап шеккен жағдайда көмек көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтардың бар екендігін айтты. Биылғы жылы аудан бойынша 132 адамды кене шағып, медицина қызметіне жүгінген екен. Оларға дер кезінде қажетті медициналық тексерулер жүргізіліп, аурудың залалсыздығы анықталған. Бір адам ғана қазіргі күні бақылауда, оның жағдайы тұрақты.
Әлеуметтік саланың әлеуетін көріп, ауыл шаруашылығы ісін саралаған облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев аудан өндірісіндегі өркенді істерді де назардан тыс қалдырмады. Осы мақсатпен Жаңатас қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС тау-кен кешеніне барып, ұсақтау-өңдеу фабрикасын аралап көрді. Серіктестік директоры М.Сәрсенов кешенде атқарылып жатқан істің барысын айтты. Ұнтақталған және ұсақталған фосфор өндірумен айналысатын өндіріс ошағында фосфор кендерін өндіретін және қайта өңдейтін тау-кен кешені бар, ол 10 648,7 гектар жер көлемін алып жатыр. Сондай-ақ, 3 кен орны мен 1 ұсақтау-өңдеу фабрикасы да өз жұмыстарын атқаруда. «Қазфосфат» өнімдерін Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей елдері тұтынып келеді. Өндіріс орнындағы қызметкерлер саны 1536. Жергілікті халықтың біразын жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнының жыл басынан бергі табысы 323, 898 миллион теңгені құрайды. Ал сәуір айындағы табысы 82, 826 миллион теңгені көрсетті. Осы орайда өндіріс басшысы өнімде едәуір өсім барын айтты. Бұл қарқынды жұмыс жалғасын таба бермек. Сондықтан, өндіріс орны алдағы уақытта басқа да мемлекеттермен келісімшартқа отыруды межелеп отыр екен.
Облыс әкімі барған ендігі нысан «Жаңатас су-жылу» КМК қалалық орталық қазандығы болды. Мекеме басшысы Е.Қозыбақов іргетасы 1965 жылы қаланған қазандықтың қазіргі таңдағы техникалық жай-күйін баяндады. Орталық жылу қазандығын күрделі жөндеуден өткізу үшін 2015 жылы ұлттық қордан 215136,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, бір жылу қазандығы ауыстырылыпты. Облыс әкімі Жаңатас қаласын көркейту жолында атқарылып жатқан шаралардың қатарында шағын шаһардың ешқандай кедергісіз жылу және ауызсумен толық қамтылу қажеттігін баса айтып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Өңір басшысының жұмыс сапары одан әрі 1200 орынды «Үш алып» жатақханасы ғимаратын көрумен жалғасты. 1973 жылы салынған жатақхана ғимараты тоқсаныншы жылдардан, жартысы 2000 жылдан бері қаңырап бос қалыпты. Аудан әкімі Балабек Нарбаев, облыс әкімінің назарына егер осы тозығы жеткен жатақхананы қайта қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізсе, Жаңатас қаласының тұрғын үй кезегінде тұрған 1000-нан астам адам тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігін, осыған орай облыстық бюджеттен шамамен 900 миллион теңге қаржы бөлу қажет болып тұрғандығын айтты. Кәрім Нәсбекұлы мұндай күрделі мәселелерді шешуге атүсті қарауға болмайтындығын баса айтты. «Жаңатас, Қаратау қалаларында тозығы жеткен мұндай ғимараттар өте көп. Сондықтан, оларға қаржы бөліп, бас салып іске кірісіп кетпей, мамандармен келелі кеңесіп алып жасаған жөн. Мәселен, мына жатақхана неше жылдан бері қаңырап бос тұр. Сейсмикалық жағдайының қандай күйде екендігін де нақты білмейсіздер?! Әрине, халықты пәтермен қамтып, тұрғын үй мәселесін шешкен жөн. Бірақ, жан-жақты ойласу керек», – деді.
Облыс әкімі Көсегенің көк жонындағы атақты «ЕвроХим» компаниясының кен-байыту фабрикасында да болды. Соңғы жылдары Сарысуға соны серпіліс беріп, Жаңатастың жарқын болашағына айналған компанияға қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бүгінде толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Дейтұрғанмен, небәрі үш жылдың еншісінде компанияда тынымсыз жұмыстар атқарылып, кешен алып кәсіпорынға айналып келеді.
Бұл бағытта қолға алынып отырған жобаның жалпы құны – 356,6 миллиард теңге. Жоба бойынша жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілуі тиіс. Әзірге «Аралтөбе» мен «Кесіктөбенің» кенін игеріп, содан фосфор ұнын шығаруда. Шамамен «Аралтөбеде» 1 миллиард тонна кен жатыр. «Гиммельфарб» кенішінің қоры 2,2 миллиард тоннадан асады. Мұның мол қазына екендігі даусыз. Компанияның келелі істері мұнымен тоқтайын деп тұрған жоқ. «ЕвроХим» тағы бір зауыттың құрылысын бастапты. Одан бөлек автомобиль, темір жол салу, газ жеткізу бағытында бірқатар жарқын жобаларды қолға алып жатыр. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі осы мәселеге айрықша мән беріп, компания басшыларына автомобиль, темір жол салу, көгілдір отын жеткізу бойынша облысқа тиесілі жердің шекарасын нақты анықтап, қажетті құжаттарды реттеп, іске кірісуді тапсырды. Бұл бастама жеке меншік мемлекеттік әріптестік тұрғыда қолға алынып отырғандықтан, бұған өз тарапынан тек қолдау көрсетілетінін айтты.

өзіңді қадағаласаң,
өз ісіңді де өрлете аласың

Сарысу ауданындағы бірқатар нысандарды аралаған облыс әкімі сапарының соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиынын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Басқосу барысында облыс әкімі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын ауқымды міндеттер жайын қаузады. Осыған орай бірқатар басқарма басшылары мен сала мамандары жоспарлы жұмыстар жайлы баяндама жасады. Мінберге алғашқы болып шыққан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары С.Мукушева 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясында енгізіліп отырған міндетті медициналық сақтандырудың жүйесі жайлы түсіндіріп, сөз қозғады.
Одан кейін сөз алған облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар жайын тарқатып айтты. Сала маманының айтуынша, үстіміздегі жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден облысымызға 10 миллиард 800 миллион қаражат бөлініп, 12 мың 900 адамды жұмыспен қамту мәселесі көзделіп отыр. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша Сарысу ауданынан 849 адам қамтылыпты. Сондай-ақ, баяндамашы аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты негізінде осы аудан бойынша 120 адам оқып жатқанын айтты. Сонымен қатар, Сәкен Қаланұлы азаматтардың мәртебесін анықтау мақсатында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстың нәтижесін сөз етті. Сарысу ауданы бойынша 11500-ден астам адамның мәртебесі анықталыпты. Осыған орай тиісті мекемелер нақтылау жұмыстарын жергілікті деңгейде әлі де пысықтап, нақты қорытындысын шығарса деген ұсынысын да жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы аудан әкіміне әр елді мекенді аралап, осы мәселені толық зерделеуді нақты тапсырды.
– Бұл мәселе ертеңгі күні халықтың наразылығын тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан, қазірден бастап, аудан әкімі бас болып, барлық ауыл әкімдерін жұмылдырып бұл іске белсенділік таныту қажет, – деді.
Үш тілде білім берудің және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтың ұйымдастырылуы мен оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу бойынша келесі сөз кезегі облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға берілді. Сұлушаш Сәтбекқызы, биыл облыс бойынша мектеп түлектерінің 69,5 пайызы ҰБТ-ға қатысқалы отырғанын, оның ішінде Сарысу ауданынан мектеп бітірген 278 түлектің 84,8 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отырғанын айтты. Сонымен қатар сала басшысы өз сөзінде биыл ҰБТ-ның Жаңа форматта өтетінін қысқаша түсіндіріп, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бойынша облыста қолға алынған шаралардың барысы жайлы да айтып өтті.
Жиында Елордамыз Астана қаласында салтанатты түрде өз жұмысын бастаған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне облыс бойынша атсалысу мәселесі, өңірдегі өндіріс саласының өркендеуі мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жайы да сөз болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова баяндады. Ол: «Облысымыздан көрмеге 100 мың тұрғын қатысады деп жоспарлануда, оның ішінде 4200 билет Сарысу ауданынан алынған», – деді. Сонымен қатар, Қарлығаш Әмірқызы 160 жылдан астам тарихы бар көрмені тамашалауға елімізге көптеген туристердің келетіндігін, олар тек Астанада ғана емес, республикамыздың әрбір аймағындағы туристік нысандарды тамашалайтындығын алға тартты. Олардың қатарына Сарысу ауданынан Ы.Дүкенұлы мемориалы, Шоқай датқа кесенесі және Саудакент қалашығы енгізілгендігін мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, ауданның өндірістік саласының дамуын сөз еткен басқарма басшысы еліміздің индустриалды-инновациялық даму картасының екінші бес жылдығына ауданнан бір ғана «Асыл-Тұз» ЖШС енгізілгендігін, жоба құны 422 миллион теңгені құрайтындығын айтты.
Осы орайда облыс әкімі өндірісті дамыту, олардан түсетін салық көлемі өркендеуіміздің негізгі көрсеткіші болатынына назар аударды. Аудан бойынша мемлекеттік кіріс бөлімі басшысын тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрады.
– Жуырда бес айдың көрсеткіші бойынша аудан әкімдерімен жиын өткіздім. Сонда әкімдердің көпшілігінің өндірістен түсетін салық көлемін есептемейтіні байқалып қалды. Бұл мәселені шұқшиып, қолға қаламсапты алып тұрып қадағалау керек аудан басшысы. Мәселен, осы ауданда екі-ақ ірі зауыт бар. Олар ауданда жүйелі жұмыс істеп отырғанымен, қаржы қайда кетіп жатыр? Аудан бойынша мемлекеттік кіріс бөлімі неге қарамайды?! Өндіріс кешені біздің аудан жерінде тұр, зауыт осында өніп, өз ісін өркендетіп отыр. Ал облыстық қазынаға тиесілі салығы өзге өңірге кетіп жатыр. Осы мәселеге ыждаһаттылықпен мән беруді тапсырамын. Өзіңді қадағаласаң, өз ісіңді де өрлете аласың. Осыны жадымызда сақтайық, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Жиында ауыл шаруашылығы саласы жайлы, мақсатты жерлерді игеру бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Е.Анабеков, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер жайлы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова баяндады.
– Елімізде шағын қалаларды дамыту бойынша кешенді шаралар қолға алынған 27 қаланың ішінде Жаңатас пен Қаратау қаласы да бар. Жаңатас қаласын көркейтуде қаншама қаржы қарастырылып, толымды тірлік жасалды. Бір ғана «ЕвроХимнің» өзі Жаңатас пен Қаратауға қыруар қаржы бөлді. Одан бөлек Үкіметтен қажетті қаржы бөлініп келеді. Нәтижесінде, қаланың инфрақұрылымы толық реттелді. Ескі үйлер жаңарып жатыр. Ал енді біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Бір ғана «ЕвроХимнің» өзі көптеген шаруаны қолға алып жатыр. Оның жаңа басы-қасында болып қайттық. Компания ірі химия кешенін соқпақшы. Бұл деген екі мың адамның тұрақты жұмыспен қамтылуы деген сөз. Екіншіден, компания арқылы Жаңатас, Сарысу ауданы көгілдір отынмен қамтылмақ. Жаңатастың жарқын болашағы алда. Біз Жаңатастан «ақылды қала» жасайын деп отырмыз, – деді жиында сөйлеген қорытынды сөзінде облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы. Содан соң көпшілік назарына үлкен экран арқылы Жаңатасты дамыту үшін арнайы жасалған бизнес-жоба ұсынылды.
Жиын соңында аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз алып, облыс әкімі тарапынан айтылған сын-ескертпенің барлығын ескеріп, алдағы уақытта белсенді жұмыс жасаймыз деп уәде етті.

Фариза Әбдікерімова,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support