- Advertisement -

ҚАСИЕТТІ АДАМНЫҢ ҚАСІРЕТТІ ТАҒДЫРЫ

453

- Advertisement -

Жиырма бес жыл Меркі жерінде болыс болған Бектен Медеров туралы әңгіме өте көп. Талай деректі және көркем туындылардың жанама кейіпкері болған. Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаев, Алдабек Мангелдин, Ақкөз Қосанов сияқты айтулы азаматтармен пікірлес болған. Оларды қолдап, қорғаған, қалтасынан қаржы берген кездері туралы да әңгіме айтылады. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісін, 1917 жылғы Ақпан, Қазан төңкерісін, Азамат соғысын басынан өткізген ол Меркі өңіріндегі ірі әрі аса беделді тұлғаға айналғаны жөнінде дерек жеткілікті. Біз оның «анауы ақ, мынауы қара еді» деуден аулақпыз. Туған-туыстарының жер аударылғаннан кейінгі өмірлерінен қасіретке толы үзік сырларды ғана қысқаша айтамыз.
Аудандық газет арқылы 1928 жылы тәркіленген байлардың кейінгі тағдырларын білгіміз келетіндігі жөнінде құлаққағыс жасағанымызда, бізге алдымен, Меркі ауданындағы Андас батыр ауылынан Ермекбай Сұлтанқұлов хабарласты. Ол өзін Бектен болыстың бауыры Сұлтанқұл Медеровтің немересі екенін айтты. Кездестік. Мектеп оқушысының бір дәптеріне жазған естеліктерін ұсынды. Көп нәрсе айтқан. Жүрек толқуларына толы сол естеліктерді бірге оқиық. Сонымен бірге Меркіде саяси қуғын-сүргіннің қасіретін тартқан, жер аударылып, қудалаудың небір қасіреттерін бастан кешірген Бектен болыстың інісі Нысанбайдың қызы 104 жасар УӘЗИХА әженің естелігіне де назар аударайық.

Ермекбай Сұлтанқұловтың естелігінен:
– Менің атам Бектен болыстың бауыры Сұлтанқұл Медеров 1928 жылы тәркіленіп, Оралға жер аударылған. Ол кісінің ұрпақтары екі әйелінен тарайды. Екінші әйелі Күлпаттан менің әкем Нәби туады. Апамыз 1984 жылға дейін, яғни, өле-өлгенше атасы Медер қажы, оның ұлы Сұлтанқұл туралы айтып отыратын.
…Күндердің бірінде түн ортасында ұйқыда жатқан ауылға «қызыл жағалылар» сау ете түседі. Медер қажының бала-шағалары мен бүкіл әулеттерін ұйқыдан оятып, керек-жарақтарын толық алғызбай, машиналарға мінгізеді. Олардың арасында Медер қажының балалары Бектен болыс, Нысанбай, Сұлтанқұл, Шолпанқұл, Әжіғұл, немересі Мақай, тағы да басқалар болды. Темір жол стансасына жеткен соң жүк тиейтін вагондарға мінгізіп, Оралға қарай айдайды. Апам сол кездері арттарында қалып бара жатқан жеті қазынаның бірі – ауыл иттері ұлып, бір жамандықтың болғанын сезгендей стансаға дейін бірге келгенін көзіне жас алып отырып айтатын. Күн ыстық. Емшектегі және жетектегі балалары шөлдеп қайта-қайта су сұрай берген соң, бір стансадан түсіп, су іздеп жүріп пойызынан қалып қояды. Сол стансада «керек болар, әйел адамды тінтімес» деп, беліне байлап берген асыл заттары мен ақшаларын ұры-қарылар тартып алады. Ақыры ит қорлықпен Оралдың Қаратөбе деген жеріне жетеді.
Әжем Бектен Медерұлының жер аударылған ұрпақтарын да айтып отыратын. Есімде қалғаны, Бектен болыс ұлдары Оспанбек, Әріпхан, Оспан, оның баласы Әбсәмет, тағы да бірнеше қыздарымен бірге Оралға жетіпті. Біразының аттарын ұмытып қалыппын.
Жер аударылған Нысанбай Медерұлы екі әйелімен бірге баласы Жақыпбек, қыздары Күлдәрім, Уәзиха, Батиха да қасіретті жолдан өткен. Нысанбай атаның бір баласы ғана айдаудан аман қалыпты. Ол – Әбдікерім. Айдаушылардан қашып, өзгелерді паналап, аты-жөнін «Қали Телтаев» деп өзгертіп, жоғары дәрігерлік білім алды, Алматыдағы әскери орталық госпитальда дәрігер болып жұмыс істеді. Ұрпақтары бар.
Менің атам Сұлтанқұл Медерұлы да екі әйел алған кісі екен. Бәйбішеден туған Низамиддин жер аударылмай қалып қойыпты. Себебі, Тұрар Рысқұловтың ақылымен малын Ферғанаға, Ташкентке сатып, қалғанын кедейлер мен жалшыларға таратып, ағайын-туысқанға беріп, өзі тәркілеу басталмас бұрын, басқа ауылға қоныс аударыпты. Соның нәтижесінде жер аударылмай қалған. Шолпанқұл атаммен бірге балалары Мақай, Көшімхан және Әжіғұл Медерұлы да жер аударылған.
Әжем болыс атасы Бектеннің Тұрар Рысқұловпен тығыз байланыста болғанын үнемі айтып отыратын. Тілмәші болып жүрген Тұрарды көптің ақылымен Пішпектегі ауыл шаруашылық мектебіне оқуға жіберген. Кейін атқа мініп, ел билеп тұрған тұсында Тұрар Рысқұлов Бектен болысқа қақпағы бар сағат, жалтырап тұрған көзілдірікті сыйға тартыпты. Ол кісі Бектен болысқа кәмпескенің болатындығын алдын ала айтып, «Малдарыңды сатып, елге мәңгі азық болып қалатын мектеп, интернат салыңдар» деген ақыл-кеңес береді. Алайда, болыс «Ақ патшаның жазасынан, Қазан төңкерісінен, уақытша өкіметтің билігінен аман қалған бізге ешкім тие қоймас. Малымыз жылдан-жылға көбейіп келеді» деп Тұрардың ақылын тыңдамаса керек.
Менің мамандығым – тарих пәнінің мұғалімі. Ел арасындағы сөзге, аңыз-әңгімелерге құлақ қойып жүремін. Көптің айтуынша, Бектен болыс өте парасатты, сол өңірдің тіреуі, халқына жақын, жұмсақ мінезді адам болса керек. Менің атам Сұлтанқұл қой аузынан шөп алмайтын өте момын кісі екен. Малшылармен бірге жүріп, жалшыларын үйлендіріп, алдарына мал салып, бастарына үй тігіп беруді дәстүріне айналдырыпты. Өзі жалшылары үшін құда түсіп, қалыңмалын төлеп, үйлендірген. Тәркілеу кезінде атамның бір жалшысы малының көптігінен тәркілеуге ілініп кетіпті. Сонда уәкілдер жалшының жалшы екеніне сенбесе керек. Нысанбай атамыз туралы да әңгіме көп. Бәрінен де Шолпанқұл атамыз ерекше, ер мінезді болыпты. Өр кеуделі, өткір, тайсалу, қаймығуды білмейтін кісі болғанын көпшілік айтады. Неге екенін білмеймін әжем бұл қайнын «Кебежан» деп атапты. Әжемнің айтуынша, ол ұзақ күндері домбырасын қағып, зарлы-мұңды күй тартады екен. «Уа, жалған дүние-ай! Ақыр заман болып, топан су қаптаса екен… Пәлембай (бір қызыл жағалының атын айтып) сол топан суда ағып бара жатса, сонымен бірге мен де ақсам арманым жоқ» дейді екен. Сол атамыз биліктің қорлығына шыдамай, Оралда да бас көтеріп, атқа мінсе керек. Ақыры Жымпитының түрмесіне қамап, милиция ұрып өлтірген. «Милиция, ант ұрғандар атамыздың бүкіл алтын тісін қағып алыпты» деп отыратын әжем.
Оралдың Қаратөбе деген жерінде Медер қажының ұрпақтары жан сақтаудың әр түрлі амалын қолданып, өмір сүріпті. Бірақ қорлық-зомбылық оларды қатарға қоспай, өлімге айдапты. Сол Қаратөбеде Медердің алты ұрпағы мәңгі қалды. Тағы алты ұрпағының рухы Қырғыздың Кетпентөбесінде сая тауыпты. Әжем осыларды жылап тұрып айтатын. Аштық-жалаңаштыққа ұшырап жатқан ағайындарын іздеп, Медердің інісі Дерімсалының баласы Имаш пен Низамиддин тығып кеткен асыл заттарын апарып берсе керек. Екінші рет тағы да барған Имаш ата сол жолдан оралмай қалыпты.
Өткен ғасырдың 30-жылдары Медер ұрпақтары Оралдан қашып, Өзбекстанның Ферғана, Андижан, Наманган, Қырғыздың Ош қалаларын жағалапты. Басмашылардың қолына түсіп, ауыр күндерді бастарынан өткізіпті. Сол жылдары атам Сұлтанқұл елді, жерді сағынып, пойызға мініп, Меркіге тартып кеткен ғой. Туған жерге жеткен соң буыны босап, ұйықтап қалып, Меркі стансасынан өтіп кетіпті. Аспараның тұсына келгенде шошып оянған атам, пойыздан секіріп, аяғын сындырып, ескі танысы Кузьманың үйінде үш ай емделіп, елдің қиын жағдайына налып, қайтадан Кетпентөбеге әрең жетіпті. Елден келісімен іш аурудан қаза тапқан атамды жерлеген жетім-жесірлер, ауыр күндерді бастарынан өткеріп, соғыс басталар жылы елге оралады. Алайда, «байдың баласы» деп тыныштық бермеген соң, Қырғыз елімен шекарадағы Андас батыр ауылына қоныс аударған. Медер қажының ұрпақтары арасында абақтыда болмағаны жоқ шығар…
Қазақтың көзін қазақ шұқып, кезінде дүние тауып, байымаған, ешнәрсеге жарымаған ұрпақтың өкілдері атқа мінген кезде билікті асыра пайдаланып, ойларына келгенін істеп, ауқаттылардан есерлене өш алғанын жоққа шығару қиын. «Большевикпіз» деп ділімізді өшірді, дінімізді таптады, тілімізді шұбарлады. Осы үш қасиетті құрту арқылы бізді жер бетінен құртып жіберуге ұмтылды.
Алдыңғы толқын аталарымның, апаларымның көп айтқандары есімнен шықты. Ел аузында Бектен болысқа жолданған мынадай өлең қалған:
… Бірінші бегім – Бектенім,
Мен білдім дүние өткенін.
Шүкірлік қылғын болысжан,
Дүниеге қолың жеткенің.
Жаманды жаман демедің,
Жаманның ақысын жемедің.
Жаманның ақысын жегеннің,
Білдің төбесі көкке жетпесін…
Қазір де, бұрын да бай туралы айтар сөз, жалғандық көп болған. Бірақ қанымызға сіңген қасиет, бабаларымыздан қалған салт-дәстүр адамды қорлауға, зорлауға жол бермеген. Соны кешегі қазақ байлары да ұстанған. Ешкімді бей-берекет, барлық бай жылатып, зарлата бермеген. Сондықтан да халқымызда «жетім-жесірін жылатпаған елміз…» деген сөз орныққан. Бұл біздің халқымыздың ұстанымы болғаны анық…

Бектен болыстың інісі Нысанбайдың қызы 104 жасар УӘЗИХА әженің естелігінен:
– Бізді қоңыр вагонға салып, Оралға қарай жер аударғанда мен 14 жасар желкілдеген қыз едім. Жайлаудан түскеніміз де сол еді, ауылға қызыл жағалы милиция сау ете қалды. Бәрімізді қойша санап, өте қажет жабдықтарымызды ғана алғызып, мәшинеге мінгізді. Жалпы, осындай болатынынан әкем де, атам Бектен болыс та хабардар болып шықты. Себебі, осының алдында ғана жайлауға Тұрар Рысқұлов келген болатын. Бектен болыс және оның іс-қағаздарын жүргізуші менің әкем Нысанбайды жанына алып, бел асып, ұзақ-ұзақ әңгіме құрғаны көз алдымда. Не айтқанын анық білмеймін, әйтеуір малымызды кедейлерге бөліп беріп, одан қалғанын өкімет алатынын естігенбіз. Әкемнің бір мың қойы бар еді. Соның көпшілігін таратып үлгерді. Біздің әулетте қойы көп Сұлтанқұл жәкем болатын. Үш мың бас ұсақ малы бар еді. Ол да кетті талан-тараж болып. Апам мен әжем төсек-орнын түгендеумен, қымбат бұйымдарын тығумен айналысты.
Сонымен не керек, күздің қара суық күндерінің бірінде Меркіден тәркіленген және жер аударылғандар екі вагонға орналастырылды. Бір вагонында Бектен болыстың ұрпақтары болса, екіншісінде Құсбек, Қонысбайлардың ұрпақтары болды. Біздің әулеттен жиырма бес жыл болыс болған Бектен Медеров, оның ұлдары Шолпанқұл, Нысанбай, Сұлтанқұл және немересі Мақай бір вагонға жайғастық. Қай жерге барсақ та, алдымыздан милиция шығып, «квартира» деген сөз ілесті. Оның не екенін кейін түсіндім. Шымкентте, Қызылордада, Ақтөбеде, тағы да басқа аялдаған жерлерде бізге арналған қоңыр вагон дайын тұрды. Оралға Саратов арқылы айналып жеттік. Екі-үш күн аялдаған жерлерімізде тез арада шапандардың арасына шиыршықталып тығылған ақшалар алынып, оған мал сатып алынып, әжептәуір болып қалатынбыз. Қысқасы біз Орал облысының Қарабөгет деген жеріне жете алмадық. Себебі, қай жерге барғанымызды білмеймін, бір жерге келгенімізде милиция бізге: «Квартира дайын. Осы жерде қаласыңдар», – деді. Сөйтсек, бос қалған квартирлері біз сияқты жер аударылған байлардың үйлері екен. Міне, көресіні осы жерде көрдік. Пойызға мінгендердің арасында үш жүкті әйел бар еді. Шолпанқұлдың әйелі, Темірбектің әйелі және Әбдібайдың әйелі. Үшеуі де босанды, бірақ үшеуінің де перзенттері ұзақ өмір сүрмеді.
…Жалған-ай. Кешегі күні көкті тіреп жүрген болыс атамыз басын көтере алмай, Бектен жер шұқылап қалғанын көргенде әкемдер өкіметке бар даусымен лағынет айтушы еді. Болыс атамыз балаларын сақтап қалуды ойластырып, жанұшырғанымен, қолынан ешқандай дәрмен келмеді. Өкімет аяғына тұсау салып, арқандап қойды емес пе?! Сөйтіп жүргенімізде елді ашаршылық жайлады. Өкімет бізден көз жазды. Соны пайдаланып, екеу-үшеу болып, топталып, елге қарай жылжыдық. Мен, Жаникүл, Қайсарбайдың баласы – үшеуміз елге жету үшін алдымен Өзбекстан, одан кейін Қырғызстан астық.
… Қаратөбеде Бектен атам бастаған көп меркіліктер, ботпайдың ұландары қалды. Оның қайсыбірін айтайын, өте көп. Жыладық, еңіредік, бай болғанымызға өкіндік. Туған жерден қол үзіп, айдаумен қияңға келгенімізге қиналдық. Ашаршылықтың да, зорлық-зомбылықтың да қасіретін қатар көрдік. Меркінің беткеұстар қаймақтары қайыршы болып қаңғырып өлді. Өлмес үшін көп қам жасадық. Алғаш Қаратөбеге жете алмаған соң, бос қалған квартираларды мекендеген жеріміз жайсыз болған соң болыстың ұлы Оспанбек пен немересі Мақай екеуі Оралға арыз айтып, Қаратөбеге жіберулерін өтінді. Әупірімдеп жүріп жеткенбіз. Тіпті, бір жаз бие сауып, күбі ыстадық. Жүзіміз қызылшырайланып жақсы болып қалғанымызда, алғашқы қар жауған күні барлық еркек кіндіктілерді жинап, Оралға айдап әкетті. Үш жарым айдан кейін әкем келді. Еміс-еміс есімде қалғаны Шолпанқұл көкем, тағы да Имаш деген кісі, тағы да біраз атпал азамат түрмеде қаза тауыпты. Міне, осыдан кейін біз елге қарай жылжыдық. Қырғыз жерін сағалауымыз, менің үлкен ағам Сейдәзімнің әйелі қырғыз еді, соларға бардық. Ол жерде де маңдайымыз шылқымады. Бауырларым – Сейдәзім, Мамытбек, Жақыпбек сол жерде мәңгі қалды. Тоқ емес, аш болсақ та туған жерден, өскен елден ешнәрсе артық емес екенін түсініп, жаяу-жалаңаш Меркінің тауларына қарай асықтық. Алдымыз келді. Ұмытпасам, бұл 1935 жыл болатын. «Байдың ұрпағы» деп көзімізді шұқи берген соң, ауылдан жырақ жерге табан тіредік. Іле-шала соғыс басталды. Біздің әулетте соғысқа баратын ұл қалмапты. Бәрін тәркілеу, ашаршылық жұтыпты. Буыны бекімеген, қабырғасы қатпаған бала-шағаны арқалап, қатын-қалаш – біздер күн демей, түн демей еңбек еттік. Онымызды елеген де, ескерген де ешкім болмады.
Өмір өтті. Соның бәрін көрген менің жасым жүзден асты. Көп ойға жетелейтін мазасыз түндерде қазақтың басына осыншама қайғы-қасірет әкелген қандай күш деп ойлаймын?! Халқымыз имандылығымен Алланың алдында жазықты емес сияқты. Бірақ кісінің керігуі бізді жоқ етуге ұмтылғандай болды. Алла сақтап қалды. Басымыз жерге тигенімен, мойнымыз үзілмеді. Тік тұрып, тәуелсіздікті қарсы алдық.
Осы жерге келгенде Уәзиха апа ұзақ уақыт үнсіз терезеге қарап тұрып қалды. Біз де үн қатпадық. Тарам-тарам болған әжімдерінде көз жасы ағып жатқанын кеш байқадық. Нені ойлады? Неге жылады? Бәрімізге айтпаса да түсінікті еді. Әлден соң басын көтеріп алып:
– Тек те, қан да жібермейді. Бәрінің өтеуі болады. Мен соған сенемін. Құдайға шүкір, қазір жаман емеспіз. Алдағы күндеріміз бұдан да жақсы боларына сенемін. Нұрсұлтанға рахмет, – деді.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support