- Advertisement -

Жолда жүру ережесін білесіз бе?

314

- Advertisement -

Автокөліктердің саны өскен сайын жол апаты да көбейген. Қала көшелерінде орын алатын оқыс оқиғалардың көбісі жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын көрінеді. Әсіресе, 4 айдың ішінде облыс орталығында жасөспірімдер көлік апатынан көбірек зардап шеккен. Тіркелген 42 жол көлік оқиғасының салдарынан 1 жасөспірім қайтыс болса, 47 бала дене жарақатын алған екен. Орталық Достық алаңында өткен «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты республикалық акцияда Тараз қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жақсылық Бүйтеков осылай деді.
– Жасөспірімдерді көлік қағып кеткен 33 оқиға тіркелді, қалғаны автокөліктің ішінде дене жарақатын алғандар. Оқушылардың көбісі жолда жүру ережесін сақтай бермейді. Олар ережені бұзып, асығыстық жасап, жолдың қарсы бетіне жүгіріп өтуге ұмтылады. Мұндай жағдайда оны көлік қағып кетуі мүмкін. Сол үшін мектепте мұғалімдер, үйде ата-ана балаларға жолда жүру ережесін үнемі ескертіп отыруға міндетті, – дейді ол.
Аталған акция мамыр – маусым аралығында барлық өңірде өткізіледі екен. Мамандар оқушылардың жазғы демалысы қарсаңында жолдағы қауіпсіздікті күшейтетін шараның келеңсіз жағдайлардың алдын алатынына сенімді. Акцияға Тараз қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметі, жол патрульдік батальоны, денсаулық сақтау, білім мекемелерінің қызметкерлері тартылған.
Акцияда мектеп оқушылары «Қауіпсіз қала», «Абайлаңыз балалар» деген тақырыптарда асфальтқа сурет салып жарысты. Тараз қаласындағы №11 орта мектептің жас инспекторлары айып тұрақтарын аралап, оларға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Қалалық №1 аурухананың травмотология бөлімінде оқушыларға бөлім меңгерушісі Валерий Шаюнусов алғашқы медициналық жәрдем қалай көрсетілетінін көрсетті.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support