- Advertisement -

Шегірткелер «шеруіне» шектеу қойылады

141

- Advertisement -

Нәсібін жерден терген дихандар қауымына кездесетін кедергілер аз емес. Олардың егетін дақылының тұқымы сапалы, алқабы құнарлы, суы мен жанар-жағармайы, техникасы сайлы болуы да қыруар жұмыстар атқаруды қажет етеді. Көктемде балалап, өсіп-өрбіп, айрықша көбеюіне байланысты қорегін айыру үшін егінжайға «шабуылға» шығатын шегірткелерден қауіп көп. Биыл шегірткенің «жыры» ерте басталды. Өткен жылғы сәйкес мерзім ішінде облысымызда 8 мың гектар алқап зиянкестерден арылтылып, залалсыздандырылған болса, үстіміздегі жылы мұндай химиялық өңдеу шаралары 63 мың гектар аумақта жүзеге асырылуы көзделген.
Шегірткелер «ошақтарын» дәрілеу жұмыстарын қадағалау мақсатында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Ержан Айнабеков облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге алқапты дәрілеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан Жамбыл ауданының «Көделі» көктеуінде болды. Мұнда бас-аяғы 5 дәрілегіш машина жұмысқа жегіліпті. Осы жерде Ержан Айнабеков БАҚ өкілдеріне мәселенің мәнісін түсіндіріп, тарата айтып берді.
– Биыл еліміз бойынша 121 мың гектар алқапта шегірткелерге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның ішінде Жамбыл облысының үлесі 63 мың гектарды құрайды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат жұмсалады. Оның 125 миллион теңгесі осы облыстың аумағында игерілуге тиіс. Бұл жұмысқа еліміз бойынша 1200 адам жұмылдырылуда. Ал бір ғана Жамбыл облысының өзінде 250 адам осы істің басы-қасында жүр. Аталған мақсатқа 26 дәрілегіш техника жегілген. Заманауи қондырғылар түгелге жуық қамтылған. Егіс үшін қауіптілігі жоғары зиянкестер, оның ішінде шегірткелер азиялық, италиялық, марокколық болып үш түрге бөлінеді. Соның ішінде марокколық шегірткенің Жамбыл жерінде көбірек шоғырлануы байқалып отыр. Осыған байланысты республикалық фитосанитария және болжамдау орталығымен бірлесіп, тиісінше жұмыстарын атқару үстіндеміз. Енді бір 7-8 күннің ішінде аумақты шегіртке атаулыдан түгел арылтамыз деген сенімдеміз.
Ал биыл залалсыздандыру жұмыстары көлемінің артуынан үрейленудің еш реті жоқ. Әр 9-10 жыл сайын белгілі бір өңірлерде марокколық шегірткенің осылай шамадан тыс көбейіп кететіні қалыпты жағдай. Мәселен, бұл өңірде 2000, 2008 жылдары осындай жағдайлар орын алған. Мысалы, келесі жылы шегірткелердің қай деңгейде болатыны алдағы шілде айында белгілі болады. Сол кезде жұмыртқалау үдерісі жүреді. Бұл іс – тұрақты бақылауымызда тұр. Зиянкестен келетін залалды жоюға барлық мүмкіндігіміз бар, – деді ол.
Сондай-ақ аталған комитеттің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков облыс дихандарының үйірлі шегірткелер әрекеттеріне алаңдауына еш негіз жоқ екенін, көктемгі егіс-дала жұмыстарына кедергісіз кірісе берулеріне болатынын жеткізді.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support