- Advertisement -

Қарт майдангер әлі тың

81

- Advertisement -

Тоқсан жастан асқан Шәріпбай ата Ақжолов әлі тың. Аздап құлағы естімей қалғаны болмаса өзі жүріп-тұрады. Үйіне іздеп барған сайын айтатын жауабы: «Айналайын, балалар-ау, мен қайбір ерлік жасады дейсіңдер. Жасым келді, қатарымнан қалмай майданға аттандым. Соғыстың соңғы жағын көргенім болмаса, қан қасапқа түскенім жоқ. Бар болғаны жауынгерлік тапсырылған міндетімді атқарып, жау шабуылдарына тосқауыл беріп отырдық», – дейді баз баяғы жауабынан танбай. Сонда да болса там-тұмдап сыр суыртпақтап алған боламыз.
Соғыс басталған жылы Шәріпбай ата жеті жылдық мектепті бітірген еді. Ол тылда өзі құралпы жастармен бірге аянбай еңбек етті. Ал 1943 жылдың қысында 18 жасқа толған ол әскер қатарына шақырылды. Сөйтіп Петропавл қаласында 5 ай әскери дайындықтан өтті. Одан әрі жаңа құрылған химиялық әскери бөлімге түсіп, майданға аттанды. Бұл бөлімнің мақсаты жау химиялық қару қолдана қалған жағдайда оны тез тауып, залалсыздандыру болатын. Бірақ, жау соғыста бұл қару түрін қолдана алмады. Ал Кеңес әскері құрамындағы химиялық әскери бөлім басқа да түрлі жағдайға дайын тұрды. Олар Ленинград маңындағы орманда дайындық жұмыстарын жүргізді.
Жауынгер Шәріпбай қызмет еткен әскери бөлімге Польша жеріндегі, Висла өзенінен өтетін стратегиялық маңызы бар көпірді қорғау тапсырылды. Бұл көпір арқылы майдан шебіне темір жол және автомобиль жолдары өтетін. Ол көпірді жау талай мәрте жарып жіберуге әрекеттенді. Ұшақтарымен келіп бомбыламақ та болды. Көпірді аман алып қалу үшін арнайы әскери бөлім түрлі айла-тәсілдер қолданды. Қолдан түтін, тұман тұрғызып көпірді жау ұшақтарының назарынан таса етіп отырды. Ал жерде не болып жатқанын түсінбеген жау ұшақтарын зеңбірекшілер оқ астына алатын. Мұндай тәсілді олар басқа да маңызы бар нысандарды қорғап қалуда қолданды. Әрі негізгі күшпен жау жерінде ентелеп кіре берді. Соғыс бітті. Жеңіс туы көтерілді. Сөйтіп Шәріпбай ата соғысты Германияның Дрезден қаласында аяқтады.
Алайда, Шәріпбай атаның мұнымен қызметі аяқталған жоқ. Ол бұдан кейін бес жыл әскер қатарында болып, қызметін Польша жерінде өтеді. Тек 1950 жылы ғана әскер қатарынан босатылды. Әскерден қатаң тәртіпке үйренген сержант бейбіт өмірде де жауынгерге тән қызмет атқарды. Алғаш Ынтымақ колхозында партия ұйымының хатшысы болып істеді. Іле аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, одан кейін аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Соңғы аталған екі мекемеде Шәріпбай ата 35 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке 1986 жылы шықты. Зейнетке шыққан соң ауылдың қоғамдық өміріне, жастар тәрбиесіне араласты. Ауданға сіңген еңбегі ескеріліп 2007 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Жары, өмірлік жолдасы Бибігүл Омарбекқызымен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қызынан 14 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support