- Advertisement -

Тұтынушы талабын орындау – басты қағида

90

- Advertisement -

SAM_2736Соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының түзілуі – облыс экономикасының дамуына тың серпін беруде. Мұның отандық тауар өндірушілер тынысын кеңейтіп, өндірісті жетілдіруге жол ашып отырғанына жергілікті кәсіпкерлік құрылымдары тәжірибесінен көптеп мысал келтіруге болады.
Солардың бірі – қордайлық кәсіпкер Марат Отарбаевтың «Жиһаз-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Үш ағаш шеберінен тұратын шағын ұстахана 1998 жылы құрылған. Бертінде өндіріс алаңы біртіндеп кеңейе келе, сұранысқа қарай түрлі бетон бұйымдарын жасауға да бейімделді. Қазір мұнда отыз шақты адам жұмыс жасайтын бірнеше цехта айына төрт миллион теңгенің өнімі өндіріледі. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 80-100 мың теңге аралығында.
– Біздегі жұмыс негізінен маусымдық сипатта өрбиді. Құрылысқа қажетті құмды блок, пеноблок, төсеніш тастақталар, бетоннан, пластмассадан, резеңкеден жасалған қырланған кеспе төсемелер, еуродуалдар шығарамыз.
Жаз айларында тапсырыс көбейгенде жұмысшылардың саны қырыққа дейін артады, – дейді Марат Сейпенұлы. – Ал ағаш бұйымдарын жасайтын цехымыз өз алдына дербес жұмыс істеп тұр. Онда тапсырыс берушілердің қалауына қарай түрлі өрнекті үстел, орындықтар, коттедждер үшін сәнді ішкі, сыртқы баспалдақтар, басқа да жиһаздар жасалады.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде кәсіпкер азаматтың ісі ілгерілей түсуде. Осыдан төрт жыл бұрын 14 пайыздық өсіммен 8 миллион теңге несие алған. Енді оның 7 пайызын «Даму» қоры арқылы субсидиялап, үш-төрт айдан кейін несиені толық жабуға ниетті. Бұл қаражат өндіріс орнын кеңейтіп, жаңа технологиялық станоктар мен жабдықтар алуға, жұмыс жағдайын жақсартуға жұмсалыпты. Жұмысшылар үшін жуынатын, демалатын орындар, асхана жасалған. Мұндағы түскі ыстық астың бағасы небәрі 150 теңге.
Соңғы жылдары «Жиһаз-2»-нің шығарған төсеніш тастары Қордайда жаңа салынып жатқан шекарашылардың әскери қалашығының, Қақпатас, Красный партизан ауылдарындағы мектептердің, балалар бақшаларының, Шу темір жол бекетінің алаңдары мен аулаларына төселіпті. Өнімді сапалы әрі түрлі-түсті етіп те жасайтындықтан, шағын кәсіпорынға тапсырыс берушілер қатары еселене түсуде. Бәсекелестік артып отырған қазіргі кезде тек өнімнің жоғары сапасымен ғана сенімнен шығуға болатынын білетін «жиһаздықтар» үшін тұтынушы талабын орындау – басты қағида саналады. Биыл да мемлекеттік жаңа құрылыстармен қатар жеке тұлғалардан да көптеп тапсырыстар қабылдауда.
Серіктестік басшысы Марат Отарбаев өнімді өткеру жөніндегі орынбасары Рима Гонина, цех бастығы Сергей Демочкин, электрик Юрий Спередонов, ағаш шебері Алексей Курочкин, жұмысшылар Бақыт Өмірәлиев, Арман Маусымов, Абай Жалғасбаев сынды сенімді серіктерін өндіріске жан бітіруші белсенділер қатарында атады. Серіктестік сапалы тауар және қызмет байқауларында жүлделі орындарды иеленгені үшін соңғы он бес жылда облыс, аудан әкімдерінің, мәслихаттардың Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын, дипломдарын иеленіпті. Облыста «шағын кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктері үшін» конкурсының лауреаты да атаныпты. Марат Сейпенұлы бұлармен шектеліп қалмастан өндіріс аумағын тағы да кеңейтіп, өнім түрлерін көбейте түсуді ойластыруда екен. Бұл үшін кәсіпкерлік құқын қорғап, қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламаларға сүйенбек.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support