- Advertisement -

Парламентаралық ынтымақтастықтың ықпалы

104

- Advertisement -

Кеше Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева бастаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелері Қордай ауданында қырғызстандық әріптестерімен парламент-аралық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Құрамында сенаторлар Икрам Адырбеков, Нұртай Әбіқаев, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков, Ләззат Қиынов, Георгий Ким бар топ алдымен «Қордай» шекара бекетінде қырғыз елінің «Ақ жол» шекара бекетінен өтіп келген Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенешінің депутаттары Аскарбек Шадиев, Анвар Артыков, Каныбек Иманалиев, Авдывахан Нурбаев, Алмазбек Батырбеков, Бахадыр Сулейманов және Чуй облысының губернаторы Бактыбек Кудайбергеновты қарсы алды. Мәртебелі меймандарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле бастап жүрді.
DSC_0069Ежелден көрші және бауырлас елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастық 1997 жылғы 8 сәуірде қол қойылған Мәңгілік достық туралы шартқа және 2003 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған Одақтық қатынастар туралы шартқа сәйкес жаңа мазмұнда дами бастады.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары екі ел арасында 150-ден аса мемлекетаралық түрлі келісімдерге қол жеткен болса, оның ішінде парламентаралық байланыстар да кең ауқымда палаталардың төрағалары, комитет басшылары бастаған депутаттық топтар бойынша үдемелі сипатта жалғасып келеді. 

Бүгінгі кездесуге қатысушы депутаттар біздің еліміздегі ірі шекаралық бекеттердің бірінен саналатын, жазғы демалыс маусымында күніне қырық мыңға дейін адам мен екі мыңнан аса көлік ерсілі-қарсылы өтіп жататын әлеуеті мол нысанның жұмыс жағдайымен танысты. Қонақтарға шекара қызметкерлері екінші елге өтушілердің құжаттарын тексеру мен рәсімдеуден бастап, көліктерді бақылау, есірткі айналымының жолын кесу сынды жұмыстардың қалай атқарылатындығын айтты. Қажетті заманауи техникалардың қолданылуы, бақылау жұмысының жүйесі стендтер арқылы көрсетілді. Сонымен қатар алдағы алты ай мерзімде 2 миллиард 127 миллион теңге игеру көзделіп отырған «Қордай» бақылау-өткізу пунктін кеңейту және қайта жарақтандыру жұмыстарының жоспарын баяндап берді.
Бұдан кейін парламентшілер аудан әкімдігінің мәжіліс залында «дөңгелек үстел» басында кездесіп, көші-қон, парламентаралық және шекаралық аймақтардағы ынтымақтастық, сауда-экономикалық әріптестік пен туризмді дамыту мәселелерін талқылады. Екі ел парламентінің халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағалары Дариға Назарбаева мен Асқарбек Шадиевтің кіріспе сөздерінен кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Чуй облысының губернаторы Бактыбек Кудайбергенов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметі төрағасының міндетін атқарушы Уларбек Шаршеев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары – Туризм департаментінің директоры Азамат Жаманқұлов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндады. Жиын барысында екі тарап өкілдері өзара қызығушылық тудыратын бірқатар тақырыптарда ашық пікір алмасты. Негізінен, жабық есік түрінде өткен кездесуден кейін екі жақ төрағалары баспасөз брифингін өткізіп, тараптардың қандай келісім жайында сөз қозғағаны жайында тарқатып айтып берді.
– Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы А. Жээнбековтің 2015 жылғы маусымда Астанаға жұмыс бабындағы сапары аясында Қазақстан Парламенті мен Жогорку Кенеш арасындағы парламентаралық Кеңес туралы келісімге қол қойылып, осы кеңестің алғашқы отырысы өткен болатын. Кеңес екі ел арасындағы өзара тиімді екіжақты байланысты нығайтуға, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға жәрдемдеседі деп сенемін, – деді Д. Назарбаева.
Сенатор, сондай-ақ, екіжақты негізде де, халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында да ортақ күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
– ЕАЭО аясына біріге отырып, біз өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықтық. Екіжақты қатынастарды дамытудың оң қарқынын атап өтуге болады. Бұл ретте жоғары деңгейде қол жеткен барлық келісімдердің іске асуына қол жеткізу маңызды деп санаймын, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы. – Басқосу барысында, сонымен қатар сауда-экономикалық, шекара бойындағы ынтымақтастық пен көші-қон, фитосанитария, сонымен бірге жаз айларында Қырғыз еліне демалуға баратын қазақстандық туристердің қауіпсіздігі турасында сөз қозғалды. Қазірдің өзінде Қырғызстан Ыстықкөлдегі туризм инфрақұрылымын жетілдіруге, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды мықтап қолға алған. Қырғыз ағайындар біздің елдің азаматтарын Ыстықкөлге демалуға еш алаңсыз келуге шақырады. Бұған толық негіз бар деп ойлаймын.
– Ең алдымен қазақстандық әріптестеріміздің бауырлас халыққа тән кең құшақпен қарсы алып, жылы шырай танытқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қырғызстан Жогорку Кенеші Комитетінің төрағасы Аскарбек Шадиев, – Қазақстан – біздің елге ірі инвестиция құйып отырған жетекші сауда-экономикалық серіктес мемлекеттердің бірі. Қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда айналымында Қазақстан – үшінші орынға шықты. Халық өкілі саналатын біздер – депутаттар үшін екі ел халқының еркін байланысын нығайта түсу маңызды. Біз бүгін бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Мәселен, Қазақстан жағы «Қордай» бақылау-өткізу бекетін қайта жарақтандыруға мамыр айынан кірісуді жоспарласа, біздің өтінішімізбен бұл жұмысты алдағы демалыс маусымынан кейін бастауға келісім берді. Өйткені, жазғы аптапта шекарадан өтушілерге қолайсыздықты өз қолымызбен қиындатып алуымыз мүмкін. Бірақ, шекаралық бекеттегі жаңғырту жұмыстары қалайда жасалуы керек. Халықаралық стандартқа сәйкес сервистік қызметтер жүйесі құрылып, шекарадан өтушілерді уақытын жоғалтып, жүйкесін тоздыратын әбігершіліктен құтқаруымыз қажет. Бұған біздің тарап та кірісетін болады. Екіншіден, екі ел арасындағы он екі бақылау-өткізу пункттерінің сегізі штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Қалған төртеуін ашудың қажеті бар ма, тиімділігі қаншалықты, осыны зерделеп көруге ұйғардық.
Дариға Нұрсұлтанқызы шекарадан өтуші жақын көршілер үшін бақылаудың жеңілдетілген «жасыл дәлізін» ашу туралы біздің тілегіміздегі орынды ұсынысты алға тартты. Айтпақшы, биылғы 27 наурызда Қазақстаннан жеткізілетін құс етіне байланысты қойылған шектеу біздің тараптан алынып тасталғанын айта кетейін. Сондай-ақ, ет, жүн, тері кідіріссіз өткізіледі. Дихандарымыздың өсірген тез бұзылатын көкөніс өнімдерін тоқтаусыз өткізу туралы да, еңбек мигранттарының жайы, олардың Қазақстан жерінде жүру уақытын ұзарту жайы да сөз болды. Олар бойынша жұмыстар атқаратын боламыз.
Екі ел парламентшілерінің Қордайдағы бұл кездесуі ежелден төсекте басы, төскейде малы түйіскен қазақ-қырғыз халықтары арасындағы іскерлік байланысқа жаңа серпін берген шара болды.

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support