- Advertisement -

«Ақ жол» танытқан ақын

274

- Advertisement -

Белгілі ақын Шырын Мамасерікова – облыстық «Ақ жол» газеті арқылы елге танылған қыз-келіншектердің бірі. Өнермен өрілген өмір жолын туған жеріне арнап келе жатқан ақын-анаға «Айша бибінің» оқырмандары үшін бірер сауал қойған едік.

– Апай, «Ақ жол» газетінің 95 жылдығына орай Сізбен арнайы сұхбаттассам деген едім. Газет тарихына көз жіберсек, 1962 жылы осы басылымда алғаш рет «Кітабым» атты өлеңіңіз жарық көрген екен. Содан бері 55 жыл уақыт аралығында басылымнан еш қол үзбеген екенсіз?
– Облыс баспасөзі қара шаңырағының 95 жылдығы тек журналистердің ғана емес, бұл – өңір руханиятының тойы. Мені «сөз» деген киелі де қасиетті өнерге баулыған, талабымды ұштап, көкірек көзімнің көкжиегін кеңейткен облыстың аға газеті деп үнемі мақтан тұтамын. Өзің айтқан алғашқы өлеңімді жариялаған, жатқан жері жайлы болсын, Өкім Жайлауов ақынға әлі күнге айтар алғысым шексіз…
Ол кезде мен Жамбылдағы педагогикалық училищеде оқитынмын. Өлеңім жарық көргенде қуанғаным сонша, киоскіден газеттің 10-15 данасын бірден сатып алып, бір топта оқитын қыз-жігіттерге мақтана көрсеткен едім. Училищенің директоры мен ұстаздардың құттықтағаны есімде. Әсіресе, ұстазым Майра Ыбыраеваның: «Сенің тегің маған Мамин-Сибиряк деген жазушыны еске түсіреді. Сен де жаза берсең ақын боласың» дегеніне Құдайдай сенген едім. Ай, балалық-ай десеңші?!.
– Неге олай дейсіз?! Республикаға танымал ақынсыз, Жазушылар одағының мүшесісіз.
– Ендеше мені елге ақын ретінде танытқан, өнер құпиясына үңілтіп, сөз сиқырын тани білуге үйреткен осы «Ақ жол» газеті деп айтуға толық құқың бар. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері бұл газет менің серігім, досым, ақылшым әрі ұстазым. Осы газет арқылы мен талай ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстым, өздерін көріп білдім.
Талантты жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Ақ жолға» басшы болып келгелі де шығармашылық адамдарына ерекше көңіл бөлініп отырғанын жоққа шығаруға болмас. Елбасының елді тұтастыруға шақырған саясатын басшылыққа алған журналистердің жарғақ құлағы жастыққа тимей облыс өміріндегі түрлі іс-шараларды өз оқырмандарына әдемілеп жеткізіп жатқаны қуантады.
– Студент Шырын қыз бен бүгінгі ақын әже туралы айтсаңыз?
– Француз данышпаны Ж. Ж. Руссо: «Жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған уақыт, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген екен. Алматыдағы ҚазПИ-де оқып жүріп Қ. Жұмалиев,
М. Ғабдуллин, С. Қирабаев сынды ғұлама кісілерден сабақ алдым, С. Мұқанов,
Қ. Мырзалиев, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Б. Момышұлы сынды қазақтың біртуар азаматтарының түрлі жиындарда, кездесулерде сөйлеген сөздерінен тәлім-тәрбие алдым. Кейіннен Меркіде қызметке келгенімде
М. Хакімжанова,

Ф.Оңғарсынова, Т.Әбдірахманова,
К. Ахметова, А. Бақтыгереева сынды қазақтың аяулы қыздарымен қарым-қатынасымды үзген емеспін. Жазушылар одағына мүшелікке өтерде Ы.Алтынсариннің туған шөбересі М.Хакімжанованың кепілдеме бергенін қуанышпен еске аламын.
Ал бүгінде сексендегінің секіре алмайтыны секілді, жетпіске келгенде жүгіріп жарытпасам да ақын әже ретінде ақыл айтуға жарайтын шығармын деп ойлаймын.
– Ендеше Сіз секілді қазақтың ақылы асқан, сөзі мен келбеті жарасқан қыз-келіншектері көп болсын дейік. Сұхбатыңызға рахмет!

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support