- Advertisement -

Болашақ биологтар құлпынайдан иіс май жасап шығармақ

106

- Advertisement -

Жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсе болғаны, олар жолында кездескен кедергі атаулыны бұйым көрмейді. Бастысы талабын шыңдап, құлшынысын оята білу қажет. Осы тұрғыдан алғанда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Жас ғалым – 2017» ғылыми-практикалық конференция жас зерттеушілердің қиялына қанат бітірген шара болды десек, артық айтпаймыз.
Жаратылыстану, гуманитарлық бағытта өткізілген конференцияға жалпы 500-ден астам еңбек түсіп, қазақстандық жас зерттеушілер ашқан ғылыми жаңалықтар көрмеге қойылды. Осы көрмеде Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылынан келген жас жеткіншек, 9-сынып оқушысы Бақнұр Байелиев елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ететін жобасын таныстырды. Сондай-ақ, институтта білім алып жүрген болашақ биологтар өздерінің зерттеу жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды. Атап айтсақ, ТарМПИ студенттері құлпынайды қартаюға қарсы қолданып, косметологияда жаңалық ашпақшы.
– Құлпынайдың құрамында салицил қышқылы бар. Оның антисептикалық және қабынуға қарсы әсері бар. Жалпы мұны тың жаңалық деп атай алмаймыз. Бұл жемісті әйелдер ертеден бет күтіміне пайдаланған. Құлпынайдың қайнатпасынан жасалған маска арқылы беттегі безеуді, секпіл мен дақтарды кетіруге болады. Сондай-ақ, ол әжімді тегістеп, теріге балғындық береді, – дейді зерттеушілер.
Биологтар грек жаңғағының адам денсаулығын жақсартуға пайдасы көп екеніне де зерттеу арқылы көз жеткізіпті. Айтуларынша, аталған жемістің жапырағын ағзадағы түрлі қабынуларға қарсы қолдануға болады екен. Сондай-ақ оның микробты жою және жарақатты емдеу қасиеті бар. Ал дәні қан қысымын төмендетуге септігін тигізсе, қабығы мен тамырын іш өткізгіш дәрі ретінде қолдануға болады.
– Грек жаңғағының ядросы қуаттылығы жағынан барлық жемістен асып түседі. Адам ағзасының қызметін бірқалыпты ұстау үшін күнделікті рационға жаңғақтың осы түрін енгізу керек. Өйткені, оның құрамында пайдалы минералды элементтер көп. Біздер жаңғақты емдік мақсатта пайдаланудың бірнеше әдіс-тәсілдерін зерттеп-зерделедік, – дейді жоба жетекшісі, ТарМПИ-дың доценті А. Тайчибеков.
Қазір студенттер ашқан ғылыми жаңалық оқу орнының зертханасында тәжірибеден өтіп жатыр. Болашақта өндіріске енгізу жолдары қарастырылуда.

Жандар АСАН,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі, ғылым магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support