- Advertisement -

Ойнап өспеген бала ойлап та жарытпайды

171

- Advertisement -

Жасы үшке толар-толмастан тілі былдырлап, томпаңдаған бүлдіршін балабақшаға келгенде оның болашағына жауапты жанның бірі өзің екенін іштей түсінесің. Бала мінезі ата-анасы берген тәрбие мен өскен ортасына қарай қалыптасады. Тәрбие үрдісінде мектепке дейінгі мекеменің алар орны ерекше.

Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімді балабақшадан үйренеді. Бала – жас тал болса, ал ересектер оның бағбаны. Қалай исең, солай қарай өседі. Сондықтан, бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтарды, мейірімділікті сіңіру қажет.
Балалар – біздің болашағымыз. Болашағымыз жарқын болсын десек, бүлдіршіндеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруіміз қажет. Әрине, отбасындағы тәрбиенің орны ерекше. Дегенмен балғындарды ой-өрісін дамыту үшін балабақшаға беру керек. Себебі, бала сыртқа шықса, ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез тіл табысады. Өзі құралпы балалармен ойнау арқылы сөздік қоры жетіледі. Кеңестік педагог А.С.Макаренко: «Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықты қанағаттандыра білуіміз керек. Ойнау үшін тек қана уақытты бөліп қана қоймай, сонымен бірге баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады» деген.
Ойын – балалардың негізгі іс-әрекетінің бір түрі. Зейінді қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады. Жалпы психологтар бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады дейді. Ойын – бүлдіршіннің алғашқы өмірді тануға деген ұмтылысы. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.
Қазір доп теуіп, асық ойнап, әткеншек теуіп ойнап жатқан баланы сирек көреміз. Ойын бала табиғатымен егіз. Ойнамаған бала жан-жақты дамымайды. Сондықтан біз балғындарымызды ерте жастан компьютер, смартфондарға үйірсек қылмай, далада ойнауын қадағалауымыз керек.

Зағира Нұрлыбекова,
«Дәулет» балабақшасының тәрбиешісі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support