- Advertisement -

Сіз қай әлемде өмір сүріп жүрсіз?

180

- Advertisement -

Виртуалды әлем алысты жақын, жақынды алыс етеді. Пайдасы мен зияны қатар жүретін бұл әлемнен біз өзімізді арашалай алмай қалдық. Иә, бүгінде әр адамның әлеуметтік желіде кем дегенде екі парақшасы бар. «В Контакте», «WhatsАpp» желілері сауатсыздықтың туын көтеріп, мәдениетімізді төмендетуде. Шіркін, ертедегі телефонсыз шақтардағы қазақ пейілі қайта оралар ма екен?
Бұрын апа-жеңгелер бір-бірінің үйіне қонаққа барып, қал-жағдай сұрасып, ағытыла әңгіме айтушы еді. Қазақтың төл мерекесі – Наурызда үй-үйді аралап, жылы лебіздерін білдіріп, бауырмалдық танытатын. Ол кезде бәрі бір-бірін жақын тартып, туыс екенін жанашырлығы арқылы білдіріп тұратын. Бүгінде адамдар «қазір заман өзгерген» дегенді алға тартып, осыны екі сөздің арасына қыстырып, нақылға айналдырып алған. Сонда заман өзгерді деп виртуалды әлемге «байланып» отыра беру жөн бе? Әлде уақыт ағымы «WhatsАpp» желісінде ұятты сурет жіберіп, бейпіл сөзді сапырып отыруды үйретіп жатыр ма?
Қазір ертелі-кеш әлеуметтік желідегі талқыға түскен кез-келген тақырыпқа қосыла кетіп, көсемсіп ақыл айтып отыратындар көбейді. Әйтеуір кер жалқаулық, көреалмаушылық туралы сөз бола қалса, қай-қайсысының да «біз қазақ сондаймыз» деп «жаңалық» ашып жатқаны. Өз ұлтыңды солай кемсітуге бола ма? Неге біз бір-біріміздің жақсы қасиеттерімізді дәріптемейміз? Не себепті ізгі істерімізді көбірек әңгімелемейміз?
Байқайсыз ба, виртуалды әлемдегі «досыңның» бәрі шектен тыс ақкөңіл. Сөздері жан жадыратады. Мақтаса, асырып жібереді. Ал өмірде бәрі басқаша. Әлеуметтік желідегідей ақтарыла сыр ашпайды. Ортақ әңгіме таппайды. Бір-біріне көңіл тойғызбас бедеу ықылас танытып жүргені. Бас қоса қалса да, алаңдап әлденені іздейді. Әрқайсысы смартфонына үңіліп, өзімен-өзі мәз. Тіпті, бір жерге жиналып отырса да, бірге түскен суретін инстаграмм парақшасына жүктеп, жарыса жаңа жазбаға пікір жазып, «лайк» басып жататынын қайтесің. Сол кездесу туралы бірде-біреуі ауызекі «жарым» лебіз білдірмегенмен, желіде шетінен шешен.
Әлеуметтік желіде жарыса пікір жазушылар сөзді орнымен қолданып, сауатты жазба қалдырса қанекей. Сыйымды болуы үшін қысқартып жазып, тыныс белгілерді де дұрыс қоймай жатады. Мұны көрген жас жеткіншектер дұрысы осы екен деп қабылдайды. Ғаламтордағының бәрін жаңалық деп санайтын жас ұрпақ сонда кімнен үлгі алады? Бұлай жалғаса берсе, санамызға солай сіңіп, шала сауатты буын өсіп-қалыптаспай ма? Елбасымыз сенім артқан жастар қалай үдеден шығады? Бір сәтке ертегідегідей виртуалды әлемнен «шығып», шынайы өмір сүруді үйренетін уақыт жеткен секілді. Әлеуметтік парақшаға жүктеу үшін емес, шын мәнісінде табиғат аясында демалып, спортпен шұғылдану керек. Әрбір іс-әрекетіңді ғаламтордағы «достарыңа» көрсетіп, мақтануды ғана мақсат тұтсаңыз, ондай көзбояушылық жасап, қажеті жоқ. Күнделікті жазбадағы «тәтті естеліктер» күні ертең желіге жұмсаған қайран уақыттың өтеуін қайтара алмайды.
Кітап – асыл қазынамыз. Әлеуметтік желідегі көлгірсіп, көп мақтайтын достардан гөрі сол сенімді. Елбасымыз айтқандай, келешекте кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқаратыны анық.

Жадыра Мырзабай,
М.Горький атындағы
орта мектептің
10-сынып оқушысы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support