- Advertisement -

Жедел жәрдемнің Жаңа бекеті

105

- Advertisement -

алғашқы медициналық көмектің
тиімді болуын қамтамасыз етеді

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам болмайтыны секілді жедел жәрдем көмегіне жүгінбейтін жан жоқ. Сондай шақта уақыт та өтпей, «жедел жәрдем» көлігі де тез келмей қалатын кез де болады. Енді тараздықтар үшін бастапқы медициналық көмек біршама жеделдетіле түспек. Жақында Тараз қалалық жедел жәрдем стансасы жанынан ашылған №3 бекет орталық стансаға түсетін қоңыраулар санын азайтып, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімді ететіні анық.
Жаңа бекеттің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тлеухан Әбілдаев бұл Денсаулық сақтау министрлігінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылған шара екенін айтты. Жедел жәрдем бригадасын басқару жеделдігін арттырудың өзектілігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, стансада жедел бөлімнің интеграцияланған электрондық карта – GPS-навигациясы бар «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген. Бұл бригаданың жеделдігін арттырып, облыста нақты уақыт режімінде барлық жедел жәрдем бригадасын бақылау, «дәл мерзімінде» келуді қадағалау, шұғыл және жедел көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көрінеді.
Таразда медициналық жедел жәрдем стансасы қаланың орталығында Жамбыл даңғылы 117-а мекен-жайында орналасқан. Ғимараты 3 қабатты, 25 автокөлікке арналған жабық көлікжай, екі автокөлік жууға арналған орын, мотор цехы мен қойма бөлмелері бар. Бұл станса шаһарға жақын қоныстанған елді мекендерге, Байзақ және Жамбыл аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Ал қала аумағына көмек көрсету негізінен жедел медициналық көмектің 1 станса және №1 «Барыс», №2 «Бәйтерек» бекеттеріне жүктелген. Шақыртулардың көптігінен жедел жәрдем де кешігіп баратын. Енді Қант зауыты ауданында ашылған №3 бекет жедел жәрдем стансасына түсетін қоңыраулар санын азайтып, науқастарға неғұрлым жылдам және тиімді көмек көрсетуге ықпал ететін болады.
Онда халық тығыз орналасқан және мұнда көптеген жаңа құрылыстар, тұрғын үй кешендері бар, сондай-ақ Алматы-Шымкент трассасы жақын орналасқан. Бекеттің мұндай орналасуы осы аймақтағы коронарлық синдромы бар науқастарға, инсульт алғандарға 15 минутта жетуге мүмкіндік береді. Жол апаты орын алған жағдайда жарақат алғандарға көмек көрсету де жеделдей түседі. Тиісінше орталық стансаның және №1 бекеттің «тізбекпен» жұмысы жеңілдейді.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support