- Advertisement -

Ежелден біз бауырмал ел екенбіз

220

- Advertisement -

Найзағайын аспанда күркіретіп,
Ақ жауын – ақ батасын сіркіретіп,
Әз Наурызым тағы да келіп қалды,
Қырларда бәйшешегін дүркіретіп.

Оралды Ұлыс күні бар сәнімен,
Терейік мол нәсіпті таң сәріден.
Қазағымның мерейлі мерекесі,
Ұмытыла жаздаған аңсарым ең.

Кел, төрлет, табысайық салтымызбен,
Қауышайық қазақы қалпымызбен.
Ұлықтайық, Наурызды ұлы етейік,
Бүгінде барлық ұлтпен нарқымыз тең.

Тойлансын мәре-сәре мерекеміз,
Ежелден біз бауырмал ел екенбіз.
Ақ дастархан жаямыз «Қош, келдің!» – деп,
Дәм татудан басталар берекеміз.

Тал егейік бабалар дәстүрімен,
Жұмылдырып жұмысқа жасты кілең.
Наурыздағы еңбекшіл елді көріп,
Қырт жалқаулық дөң асып қашты, білем.

Қуаныштан көмейге ән ұялар,
Ән төркінін қазағым тани алар.
Немересін жетектеп төскейлерден,
Бұлақ көзін ашсыншы қариялар.

Көзі ашылған ақ бұлақ сылдыр қақсын,
Сылдыр қақсын, жылға боп жылжып ақсын.
Тау еркесі самал жел есіп әлсін,
Ай сырғасын арудың сыңғырлатсын.

Жігіт-желең, тұрма, тез бұлаққа бар,
Кезің бе бұл дәстүрден жырақ қалар.
Сыңғыр қаққан судан бір сый әзірле,
«Селтеткізер» құрбыңа ұнап қалар…
Бұл мезгілдің әсері күшті-ау деймін,
Қыз назары жігітке түсті-ау деймін.
Соғымның соңғы етіне уыз қосқан,
Қалқаның «Ұйқыашары» пісті-ау деймін.

Міне, бұл да Наурыздың жоралғысы,
Түгесілмес мол тарту-таралғысы.
Көктемнің хабаршысы – жаршы құсы
Нәуірзек кеп, қырқаға қонар құсым.

Десек те, қыстың мұнда енді ісі жоқ,
Сығалайды Ұлысты көргісі кеп.
«Наурызша» қар ауада қалықтайды,
Ақ қыстың соңғы-соңғы белгісі боп.

Халқым ұққан бұрыннан қасиетін,
Наурыз ғой бұл, алдыңа ас үйетін.
Наурызкөже дайын ба, ас төресі,
Дәмін татқан барша адам бас иетін.

Қазаныңды ас, отыңды жағысайық,
Қазақы қалжың айтып қағысайық.
Наурыздың ең маңызды салты емес пе,
Кикілжіңді ұмытып, табысайық.

Әз-Наурызға осындай құрмет болсын,
Дархан ұлы далама дүрмек толсын.
«Ішіп-жеумен» тыйылмай қазақ біткен,
Әз мейрамның қадірін білмек болсын.

«Құл құтылсын, әрі тарт, құрығыңды,
Күң құтылсын, сілтеме, сырығыңды».
Кедей демей, бай демей құшақ жая,
Қарсы алайық, тәу ете Ұлы күнді!

Зеберкүл Шардарбекова,
мұғалім.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support