- Advertisement -

Көлік тізгінінде – арулар!

91

- Advertisement -

автледи-1Статистикаға жүгінсек, облысымыздағы мемлекеттік қызметкерлердің 45 пайызы әйелдер екен. 57 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарының 40 пайызын қыз-келіншектер басқарып отыр. Тіпті, олар көлік тізгіндеуде де ер адамдардан қалыс қалар емес. Бұған халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыз-келіншектерге арнап ұйымдастырылған шарада көз жеткізе түстік.
Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі Тараз қаласында көлік жүргізуден «Автоару-2017» байқауын өткізді. Алғаш рет өткізілген байқауда әйелдер өздерінің қандай жүргізуші бола алатындықтарын көрсетті. Оған 6 қыз-келіншек қатысып, түрлі кедергілерден тұратын бірнеше тапсырманы орындады.
Алдымен бұрымдылар жолдағы кедергілерді айналып өтіп, келесі кезеңде көлікті белгіленген жерге дұрыс қойып, көліктің дөңгелегін ауыстырды. Шынын айтсақ, бұл шарт қыз-келіншектерге біраз қиыншылық туғызғанын айта кету керек.
Байқаудың ақтық сынына екі қатысушы шықты. Сұрақ-жауап кезеңінде педагог Әсел Рысқұлова үздік шығып, жарыстың жеңімпазы атанды.
— Байқаудың ең қиын шарты дөңгелекті ауыстыру болды. Шындап келгенде, күшім жетпеді, қолымды сырып алдым. Әйелдер ер-азаматтарға қарағанда нәзіктеуміз ғой, – дейді байқау жеңімпазы Әсел Рысқұлова.
Қыз-келіншектердің көлік тізгіндеу шеберліктеріне тәртіп сақшылары да тәнті болды.
— Жолда өз-өзін ұстай білу, ережелерді сақтау, тапсырмаларды орындауда қатысушылар біз ойлағаннан да мықты болып шықты. Барлық жаттығуларды олар әйелдерге тән әдемілікпен орындауға тырысты. Бұл байқау қыз-келіншектерді сынау емес, олардың деңгейін көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылды. Осылайша барша әйелдерді мерекелерімен құттықтауды жөн көрдік, – дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов.
Жарыс соңында барлық қатысушыларға құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді. Бұл жарысты енді жыл сайын өткізіп тұру жоспарланып отыр.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support