- Advertisement -

Асыл ана, сұлу қыздар, жеңгелер,сіздерсіздер тіршілікке өң берер

407

- Advertisement -

Көктем,
көк теректер

Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһіледіңдер.

Азабыңды түсіндім мен басыңдағы,
Дөңбекшиді қою бұлт – қорғасын дағы.
Сезінгендей майданды енді осындағы –
Түні бойы сыңсыған жел басылмады.

Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан көк теректер,
Таң ата талықсып барып, бүршік аттыңдар!

Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көк теректер, айтпай-ақ мұны ұқтыңдар ма?
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Өмірге өмір қосып, тынықтыңдар ма?

Мен білемін бұл таңды шын күткеніңді.
Түні бойы сездіріп тірлікке мұңды,
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай
Шуақ кескен көк бүршік – кіндіктеріңді.

Жер-Ана да бұл сәтті күтіпті ай, күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көк теректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен!

Күләш АХМЕТОВА, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Тараз қаласы.

IMG_3090

Әже әлдиі

Бармақтай бөбегім,
Кішкентай көжегім.
Жарып сен шықтың ба,
Жүректің өзегін.

Балпиған бөпешім,
Күлегеш көкешім.
Күлте жал сәйгүлік,
Мінер ме екенсің?!

Ай-жұлдыз сүйінсін,
Асқар тау иілсін.
Домбыра дәуренде,
Тартатын күйімсің!

Ғажайып ертегім,
Тәп-тәтті тентегім.
Елімнің тұтқасын,
Ұстайтын ертеңім…

Томпаңдап жүре ғой,
Сыңғырлап күле ғой.
Жоғалсын жанымды,
Жүдеткен үрейлі ой.

Нұр шашып тұратын,
Арманым, мұратым.
Өзіңсің бақытым,
Салтанат құратын!

Шырын
МАМАСЕРІКОВА,
ақын.

Меркі ауданы.

Анастасия-Сапаниди

Қазақ
аналарына мың алғыс

Мәңгілік Ел болуды үлкен арман еткен тәуелсіз елімізде 140-қа жуық ұлт өкілдері мекен етсе, Мойынқұм өңірінде 18 ұлт өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, XX ғасырдың басында 1930-1940, 1937-1947 жылдары көптеген ұлттар мен ұлыстар түрлі себептермен қазақ жеріне күштеп көшірілгенін білесіз. 1947 жылы менің әкемді (репрессияға байланысты) Краснодар өлкесіндегі Абат стансасына, қазіргі Солтүстік Краснодар Игарка қаласына, ал анамды Алматы қаласына жер аударыпты. Тағдырдың жазуы шығар, екеуі қазақ жерінде кездесіп, отау құрыпты.
Менің атам Г. Харитов Краснодар өлкесінде колхоз төрағасы қызметін атқарған. Ал апам Ирина Сапаниди 1935 жылы өмірге келген, орыс ұлтының өкілі. Оның балалық шағы 1941-1945 соғыс жылдарына тұспа-тұс келіпті.
1953 жылы әкем Алматы қаласына көшіп келеді. Анам темекі егістігінде, ал әкем Иван Харитов колхозда жұмыс істеді. 1960 жылы әкемнің отбасы Көктерек ауданы Гуляевка ауылына көшіп келіпті (қазіргі Мойынқұм ауданы).1965 жылы анам мен әкем отбасын құрады. 1966 жылы ағам, 1968 жылы мен өмірге келдім. Екеуміз сол кездегі Дмитрий Фурманов атындағы мектепке бардық. Мектепті тамәмдағаннан кейін ағам Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанды. Ал мен педагог мамандығына оқуға түстім. 1987 жылы тұрмысқа шықтым. Екі ұлым бар. Қазақшаға судай. Екеуі де жоғары оқу орнын бітірген.
Зұлмат күнді бастан кешіп құтты мекенінен жырақтаған ұлт өкілдерін қазақ халқы жатырқамай жанына тартып, бауырына басып, дархан даласындай кең жүрегіне сыйғыза білді. «Тілі басқа – тілегі бір, түрі басқа – жүрегі бір» деп өзге ұлт өкілдерін өзектен теппеді. Ақ жаулықты қазақ аналары бар мейірімін төгіп, арып-ашып жеткен өзге ұлттардың ұл-қыздарын өз балаларынан кем көрмей, барын аузына тосып, бәйек болған. Осынау ізгі тілектері үшін қазақ аналарына мың алғыс! Біздің ата-аналарымыз осыны құлағымызға құйып, өсиет етіп кетті. Менің отбасым осындай жылулық тұнған елде, гүлденген, болашағы үлкен, жарқын мемлекет – Қазақстанда өмір сүреді. Біздің Қазақстан халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілі біздің біртұтас ел екенімізді түсінуі керек.

Мойынқұм ауданы.

Анастасия Иванова,
мұғалім, грек ұлтының өкілі.

Болат-Жумадилов

Болаттай беренді шыңдадым

Оңласын Жұмаділова,
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділовтің анасы.

Ана – әрбір баланың жүрек төрінен орын алатын, үнемі жадында жүретін аяулы жан болса да, халықаралық мереке қарсаңында асыл әжелер мен абзал аналарға, аяулы жар мен қыр гүліндей құлпырған әпке-қарындастарға деген ықылас ерекше артатыны белгілі. Мереке қарсаңында түрлі құттықтаулар мен қошеметтер адам жанын жадырататыны рас.
«Алып анадан туады» демекші, бүгінде есімі елге елеулі бала тәрбиелеп өсірген аналар қандай болды екен деп көпшілік қызығушылық танытып жатады. Ендеше мен өзім, отбасым жайлы аз-кем айтып өтейін.
Мен Байзақ ауданының Қарақұм елді мекенінде туып-өстім. Сауда-саттық пен есеп-қисап саласында еңбек еттім. Отағасы Нұретдин жас кезінде спортқа жақын болатын. Біз алғаш танысқанда мен дүкенде сатушы, ол шопыр болды. Нұретдин Жұмаділов спортты жақсы көретін, футбол ойнайтын жігіт еді. Көңіліміз жарасып, отбасын құрдық, төрт ұл, бір қыз дүниеге келді. Жолдасым жастайынан жанына спортты серік етіп, Ташкенттің спорт техникумына түсуге талпынып та көрген. Әбілдаш Жұмаділов есімді туысы да мықты боксшы еді. Бүгінде өмірден өтіп кетті. Тағдырдың жазуы шығар, бұл саланың саңлағы атану ұлымызға бұйырған екен. Болат дүниеге келген 22 сәуір – біз сол кезде қатты қадір тұтатын Лениннің туған күні еді. Мен толғатып перзентханаға бара жатқан кезде жолдасым қалжыңдап: «бүгін үлгер», – деді. Айтқанындай, осы күні Болат өмірге келді. Мен перзентханада жатып, «болаттай мықты болсыншы» деген тілекпен баламның атын өзім қойдым. Ананың баласына тілеген тілегі қабыл болады деген рас-ау, ол кішкентай кезінен өз ісіне мығым болып өсті. Тіпті, жыртылған жейдесін де маған бермей, өзі тігіп киетін. Жасыратын несі бар, мен Болатты боксқа беріп, оның спортқа бет бұруына ықпал жасағаным жоқ. Өз жолын өзі тапты. Ең алғаш оның гимнастикаға барған кезін күле еске аламын. Жаттықтырушы орыс апайы оның жасы жетпейді деп топқа қабылдамаған екен. Балам өтініш айтып маған келді. Ал мен жаттықтырушысынан өтініп, оны қабылдаттым. Алайда, арада көп уақыт өтпей, балам гимнастиканы тастап суда жүзуге бет бұрды. Кейіннен күреспен де айналысты. Қолдан кимоно тігіп беріп жүрген кездерде Болатым біржолата боксқа ден қойды. Осылайша, 12 жастан бастап осы спорт түрін жанына серік етті. Ол әрбір додаға түскен сайын жанымды қоярға жер таппай, үйде тыпыршып отырамын. Алладан тілеуін тілеп, батамды беремін. Болат Атлантадағы Олимпиадаға қатысқан сәтінде түс көргенім бар. Сонда әлдекім үйге келіп, «сендердің алтындарың табалдырықтарыңның астында жатыр ғой» деді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дегендей, сол түсті көңіліме алып, бірден жори салған екенмін. Артынша, Болаттың күміс жүлде алғанын естідік. Бастысы, балам аман-сау болсын дедім де қойдым. Ана үшін ең бастысы баланың қаншалықты жетістікке жеткені емес, оның аман-сау болғаны емес пе? Ал балаға тәрбие беру – оның қолынан жетектеп жүріп, барлық ісіне араласу емес, оның әрбір таңдауына қолдау көрсету арқылы, өз жолын табуға ықпал ету деп білемін.
Бүгінде бала тәрбиесімен айналысып жүрген жас келіндерге, болашақ аналар мен қыздарға айтар өсиетім, ер-азаматты сыйлауды үйреніңдер. Азаматын қадірлеген үйден ұлағатты ұл, үлгілі қыз тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Халықаралық әйелдер мерекесі бір күн жақын-жуықтарға сыйлық сыйлап қана қоятын емес, ананың, асыл жардың қадірін түсініп, бағасын білетін ерекше күн деп білемін. Осынау мерекеде барша қазақ отбасынан бір-бір батыр шықсын деген тілегімді арнағым келеді.

Тараз қаласы.

IMG_0017-06-03-17-12-07

Таксиші-әйел

Сенбі күні болатын. Таразға таяу Жамбыл ауданының Айша бибі ауылына жету үшін Жансая шағын автобекетінен такси тостым. Сол-ақ екен жастары шамалас екі әйел жаныма жақын келіп қайда баратынымды сұрап, өздерінің таксист екендерін айтып, кезек бойынша біреуінің көлігіне мінуімді ұсынды. Келістім. Көбіне ер адамдарға ыңғайы келетін такси қызметті әйел баласы еш қымсынбастан атқарып жүргендігіне қайран қалсам, бір жағынан риза болдым. Содан қызығушылығымды жасыра алмай, жиырма минуттық жолда аз-кем болса да сыр тартып, әңгімелесіп қалуға тырыстым. Өзін Гүлбайра Артықбаева деп таныстырған ол, ауыл ішінде «таксиші-әйел» атанып кеткендігін де жеткізді.

Алғашында көлікті нәзік жандылардың тізгіндеуі таңсық, оғаш көрінгенімен, қазір ондайға қайран қалып та үлгермейміз. Қымбат, су жаңа көліктерді жүйткітіп жүрген қазақтың жас қыз-келіншектерін кез-келген өңірден, барлық қаладан кездестіруге болады. Десек те, егде әйелдердің қымбат та, жаңа да емес автокөлікпен таксилік қызметте адал еңбектеніп жүргенін көргенде, әйел баласының барлық іске қабілеттілігіне тағы бір көзіміз жеткендей болды.
– Екі арада жолаушыларды тасып жүргеніме бес жылдан аса уақыт болды. Алдында «Жигули» айдағанмын. Кейінірек кішкене қаражат жинап, осы «Ауди-80» автокөлігін сатып алдым. Жылы аса жаңа болмаса да, ел ішінде «ауди – бочка» аталып кеткен осы темір тұлпарым талай игілігіме жарап келеді. Қасымдағы жаңағы кісінің есімі – Ағила. Ол да таксиші. Екеуміз жақын құрбымыз. Оның көлігі дәл менікіндей. Оқушы бір ұл, бір қызым бар. Сол екі балапанымның несібесін тауып жүрмін әйтеуір. Үйдің тіршілігі мен балаларымның сабақ үлгерімін қадағалауға да уақыт бөлемін, – дейді Гүлбайра Артықбаева.
Осылайша, емен-жарқын әңгімелесіп келе жатқанда діттеген жерімізге қалай жеткенімізді де байқамай қалдық. Көздеген орнымызға дейін әкеліп тастаған жарқын жүзді, жайдары таксиші-әйел мінсіз қызмет көрсету – өзінің міндеті екенін айтып, «қажет болса, қайтарда таксиші-әйел қызметіне жүгініңіз», – деп қалжыңдап, саулық тілеп қоштасты.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

DSC_7509

Жүз жасаған жүректен
жеткен сәлемімді қабыл алыңдар

Мәрзия Ибрагимова,
Социалистік Еңбек Ері.

Менің өмірім өткен ғасырмен тығыз байланысты. Сонау 1918 жылы Ботамойнақ аумағындағы Дербіс болыстың жеріндегі Ақыртас ауылында дүниеге келіппін. Не бәрі отыз жасымда Социалистік Еңбек Ері атанғанымды мақтан етемін. Ғасырға жуық ғұмырымда тұрмыс ауыртпашылығының талайын бастан өткердім. Соның ішінде жадымда ұмытылмастай сақталған ауыртпашылық Қазақстандағы қолдан жасалған аштық пен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиыншылықтың азабы еді. 1928 жылы жүргізілген байлардың мал-мүлкін тәркілеу, жат елге жер аудару дүрбелең әкем Рысбайдың да отбасын айналып өтпеген еді.
Елді күштеп ұжымдастыру науқанында белсенділер әкемнің қолындағы бар малын тартып алып, өзін итжеккенге айдатты. Әкем сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетті. Бірге туған бауырларым да ашаршылықта көз жұмды. Бүкіл бір отбасынан жалғыз өзім аман қалған менің кейінгі тағдырым тауқыметке толы болды. Алғаш Қостөбе ауылындағы нағашыларым өз қолына алғанымен, олардың да тұрмысы мәз емес еді. Елдегі жетімдердің көбісін Қарағанды қаласындағы балалар үйіне жинап әкетіп жатқан тұста жиендерін қимаған нағашым, көз алдымызда жүрсін деген ниетпен мені 13 жасымда Қызыл жұлдыз ауылына тұрмысқа ұзатқан еді.
Менің екі енем болды. Олар өз қызындай қарап, қатарымнан кем қылмады. Өзімнің өскен ортам мен барған жерімде алған тәрбием өмірлік азығым болды. Негізінен, біз әу баста өмір сүру үшін жанталасқанымызбен, кейіннен бәрі де елге болсын деген ниетпен күн кештік. Байдың қызы ретінде бала күнімде таршылық көрмесем де, кейінгі өмірім қиындыққа толы болды. Әйтсе де, біз еш мойымадық. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Өзгелерден қалыспай, еңбекке етене араластым. Қант қызылшасын өсірудің қыр-сырын меңгеріп, дихан атандым. Еселі еңбектің арқасында сый-құрметке бөленіп, мерейіміз тасығаны әлі жадымда. Соғыс уақытында жарым, бір үйдің жалғыз ұлы Ташболат Ибрагимовті соғысқа аттандырып, жеңісті жақындатуға еңбек майданы арқылы үлес қостық. Түн баласы көз ілмей қолғап тігіп, шұлық тоқыдық. Майдан даласына азық-түлік жөнелтіп отырдық. Күйеуім соғыстан оралғаннан кейін де бейнеттен көз ашқанымыз жоқ. Қызылшашылардың звено жетекшісі болып та еңбек еттім. Социалистік Еңбек Ері атағы 1948 жылы қызылша өсіруде гектарына 800 центнерден асыра өнім алғанымыз үшін берілгені әлі есімде. Ташболат екеуміз 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірдік. Олардан бүгінде 26 немере,15 шөбере сүйіп отырмын. Біз соғыс зардабы қандай болатынын жақсы білеміз. Сондықтан, бүгінгідей бейбіт күннің бағасын өзгелер біліп жүрсе деймін. Алла елімізді жеткерген Нұрсұлтан балама сабыр, елге береке-бірлік берсін.
Қазір үлкен ұлым Рахматулланың қолында қарттықты бастан кешіп отырған жайым бар. Жалпы, ауданнан 27 Социалистік Еңбек Ері шықса, оның ішінде тоғызы осы «Қызыл жұлдыз» ұжымшарының шаруашылық даңқын асқақтатқандар. Алақандай ғана ауылдан шыққан тоғыз Еңбек Ерінің ішінде көзі тірісі мен ғана қалдым. Үш Ленин, бір Алтын Жұлдыз және Қызыл Жұлдыз ордендерінің иегерімін. 1952 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінде де күміс медальға қол жеткіздім. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталып, мерейім өсіп отырған жайым бар. Байзақ ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматымын. Осының бәрі ұзақ жылғы еңбегіме берілген баға деп білемін. Өмірден адал еңбек еткен адамның бағы жанатынын талай мәрте көзім жетті. Қоғамның игілігі үшін еткен еңбек елеусіз қалмайды екен. Бүгінгі ұрпаққа еңбекті сүйіңдер, олар сендерді бар бақытқа жеткізеді деп айтар едім.
Көктем – мереке айы. Соның бастауында аналар, Халықаралық әйелдер мерекесі тұр. Осынау мерекеге орай облыстағы барлық аналарды, қыз-келіншектерді құттықтай отырып, оларға мықты денсаулық, ерен еңбек, бақытты ғұмыр тілеймін.

Байзақ ауданы.

SAM_2730

Елбасының
нағашы апасы

Қасық ауылында тұратын Күлбүбі апаны аудан тұрғындары жақсы таниды. Нұрсұлтан Әбішұлының анасы Әлжанмен бірге туған Досымқұл, Айдапкел, Бөлеген деген бауырлары болған. Бөлеген 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып кеткеннен, Досымқұл соғыстан оралмады. Айдапкел қан майданнан бір аяғын қара саннан кестіріп қос балдақпен қайтқан. Күлбүбі – осы Айдапкелдің тұңғышы. Айдапкелдің Күлбүбіден кейін Иван деген ұлы, Анаркүл, Зинакүл, Зина атты қыздары болды.
– Иван Нұрсұлтанмен жасты еді, үш жыл бұрын қайтыс болды. Ал сіңлілерім осы Қасықта тұрады, – дейді Күлбүбі апа. Оның айтуынша, әкесі соғыстан бұрын теріскей жаққа тұрмысқа шыққан қарындасы Әлжаннан біраз уақыт хабар-ошар ала алмай жүріпті. Қос бауырдың табысуының өзі бір тарих. Бұл 1954 жылы болған екен. Арада жиырма жыл өткенде. Ол кезде Күлбүбі отызға таяп қалған келіншек, ауылдағы маңдайалды колхозшы.
– Қасық ауылындағы малды-жанды Мамыт деген кісі Алматыға жиі мал айдап апарып саудалап тұрады екен. Сондай сапарының бірінде Шамалғанның үстінен өтіп бара жатқанда әпкеміздің бір баласы оны көріп қалады. Ол кезде Әлжан әпкеміздің үш баласы бар екен. Үлкені – Нұрсұлтан, ортаншысы – Сатыбалды, кішісі – Болат. Сатыбалдының ойын баласы кезі, ауылдың үстінен өтіп бара жатқан әлгі түйелерді қызықтап жақынырақ барып қарап тұрады. Сонда бір кемпір түйе айдаушыдан: «Қайдан келе жатқан адамсың?» деп сұрапты. Мамыт оған: «Қасық ауылынан келе жатырмын», – дейді. Анасының Қасық деген ауылды жиі айтып отыратыны есіне түсіп, Сатыбалды дереу үйге жүгіріп келіп көрген-білгенін анасына айтады. Мұны естіп тұрған Әбіш атына міне салып, Мамытты қуып жетіп жөн сұрасады. Қасықта соғыстан жараланып келген Айдапкел деген кісінің бар екенін біліп, оның өзіне қайнаға екенін түсіндіріп, Мамытты базардан қайтқанда жолай үйіне соғып кетуін өтінеді. Мамыт қайтарда Әбіштің шаңырағында қона жатып, Әлжанның тірі қалған жалғыз бауыры Айдапкел, оның бала-шағасы, жалпы төркін жұрты жайлы көп сыр шертеді.
Көп ұзамай Әлжан әпкеміз жігіт болып қалған Нұрсұлтанды ертіп төркініне келеді. Балаларын нағашыларымен табыстырады. Осыдан бастап байланыстары үзілмеген. Кейінірек бір абысынын, басқа балаларын ертіп тағы келеді. Күлбүбі де Шамалғанға сан барыпты. Барған сайын «Сіңлім келіп қалды» деп барын алдына қойып, арқа-жарқа болады екен. Екеуі жаяулап, Алматының базарына алма апарып сатқан кездері де күні кешегідей есінде. «Әлжан әпкем мінезі ашық, көпшіл, бауырмал, тапқыр, табан астында өлең сөзді ұйқастырып жіберетін шешендігі де бар еді. Сол қасиеттерінің бәрі Нұрсұлтанның бойында бар», – дейді.
Бүгінде Күлбүбі апаның өзі 90 жасқа аяқ басты, жүзін әжімдер торлады. Бірақ, өткен күннің әрбір сәті жадында.
– Соғыс уағында бел жазбай еңбек еттік. Бізді бала екен деп есіркеп жатпады, шалғы шаптық, масақ тердік. Дәу қара қазанға көже қайнатып, егіс басында содан тамақ беретін. Кейін жағдай түзеліп, комсомол қатарына қабылдандық, еңбекке араластық. Мен «Талапты» колхозында отыз жыл сауыншы болдым. Ауылдық, облыстық кеңеске депутат та болдым. Мәскеуге екі мәрте барып, комсомолдың съезіне және бүкілодақтық көрмеге қатыстым. Шаңырақ көтеріп, өсіп-өндім. Қазір екі ұл, екі қызымнан отыз шақты немере-шөбере сүйіп отырмын. Қазақстанның тәуелсіздік алғанын, балаларымның бақытты өмір сүріп жатқанын көріп тәубе деймін. Бір жағынан осындай мамыражай тірлігіміздің басында Нұрсұлтан жиеніміз тұрғаны мен үшін ғана емес, бүкіл халқымыз үшін мәртебе, – дейді Күлбүбі апа.

Құрманбек әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

IMG_8660

«Әйел — ырысың, қыз — өрісің, келін — тынысың»

Нұрсифат Салықова,
облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Адамға жылылық, ғаламға жылымық сыйлайтын көктем мезеті туғанда дүние түгел түрленіп, шартарап бір шат-шадыман күй кешеді. Көктеммен бірге барша нәзік жандылардың төл мерекесі – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің келуі де бір заңды құбылыс сияқты. Өйткені, әйел дегеніміз – аяулы ана, асыл әже, сұлу ару, мейірімді жеңге. Табиғат тіршілігі көктемнен басталса, адамзат өз өмірінің бастауын – анадан алады.
Барша нәзік жандыларды көктемнің нұрын төккен шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әйел – ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі», – деп айтып, әйел затына қамқорлық танытып, қолдау білдіріп келеді.
Жер бетінде әйелді ұлықтамайтын халық жоқ. Бұл – мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың мейрамы. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеген нәзік жандар Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты қарыштап дамуына, әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алуына барынша атсалысып, аянбай тер төгіп келеді. Ақ жаулықты аналарымыздың дәстүріне адал, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз қоғамның даму үрдісін көзге елестету мүмкін емес.
Қазақ халқының бүгінгі күнге аман-есен жетуі, ұлт болып ұйысып отыруы әйелдердің де арқасы десек, артық айтқандық болмас. Өнерде де, спортта да, басқа салаларда да нәзік жандылардың қатары қалың. Көктемгі күннің көзіндей жылы жүзді, тұла бойына сұлулық тұнған, арқаның ажарындай нұрлы да келбетті, қызғалдақтай алаулаған қазақ қыздары, қазақ аналары қандай мақтауға да, қандай құрметке де лайық.
Кешегі Бопай ханша, Домалақ ана, Айша бибі, Зере әжелердің, Хиуаз, Мәншүк, Әлия секілді батыр қыздарымыздың бүгінгі ұрпағы да сол қасиетінен айныған жоқ. Олардың бойындағы қазақ қызына тән қайсарлылық, табандылық, ақылдылық пен инабаттылық та бәрі-бәрі бүгінгі қаракөздеріміздің бойынан табылады. Сондай ел аналарының бүгінгі жалғастары да арамызда жүр. Оларды бағалай білуіміз керек.
Ескелді би: «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» деген екен. Қазіргі таңда қоғамның түрлі саласында қажырлы еңбек етіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің шыңына көтерілген, мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуінде парасаты мен пайымын, біліктілігі мен әлеуеттілігін, танымы мен талғамын аямаған әйел аз емес. Ұрпақ тәрбиелеуде ғана емес, билік пен бизнесте, саяси-экономикалық және әлеуметтік ахуалда ер-азаматтарымен иық тірестіре жүрген қыз-келіншектер – бүгін ел мақтанышы.

609a6a71e69a9cca8521e13e585fbcbb-(1)

Елдосты туған
Тоқтагүл

«Алып анадан туады» десек, алты алашты төрткүл дүниеге танытып, әлемдік аренада көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетіп шырқатып жүрген ел мақтанышы, дзюдо спорты бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы және Азия біріншілігінің жеңімпазы, Рио Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовті дүниеге әкелген Тоқтагүл Сметованы да бүгінде елеулі ел анасы десек қателеспейміз.
Ана болу тек дүниеге сәби алып келумен ғана шектелмесе керек. Өмір сыйлаған перзентіне саналы тәрбие беріп, еліне сыйлы азамат етіп өсіру ананың басты міндеті. Ал Тоқтагүл Сметова осы үдеден шығып, арманына жеткен асыл жан. Алтын құрсақты ананың үш ұлы да елге танымал азаматтар. Бақберген Сметов әншілік қырымен танылып, өнер жолын таңдаса, Жандос Сметов те спортшы болған. Ең алғаш Елдос пен Жандос күреске бірге келіп, қос бауыр көптеген жарыстарда жүлделі орындардан көріне білген. Кейіннен Жандосқа жарақатына байланысты спортпен қош айтысуға тура келіпті.
Міне, осындай ұлдарды өмірге алып келген алтын құрсақты ананы қалай мақтасақ та жарасады. Тоқтагүл ана Елдос дүниеге келерде қыз күткенін айтады. Бірақ, екі ұлдан кейін Елдос өмірге келіпті. Сол кездегі шекесі торсықтай ұлдың бүгінде қазақ елін әлемге танытар саңлақ спортшы боларын анасы білмесе керек. Қалай болғанда да, ананың баласына артқан үкілі үміті ақталып, ер Елдос қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызға айналды. Бүгінде Тоқтагүл Сметова ұлдарынан немере сүйген ақ жаулықты әже болып отыр. Осындайда ол:
Қызыл шақа сәби үшін егесте,
Көрместі де көрдіңіз-ау, көп істе.
Бір он жылға қартайтқанмен әрқайсысы,
Он-он жылдан жасартты да емес пе? – деген Қадыр Мырза Әлінің өлеңін еріксіз еске алып, жатқа оқып отырады екен. «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады. Ал олардың жетістігіне баладай қуанамыз. Расымен де, Елдостың әр жетістігі мен үшін жүз жылдық ғұмырмен пара-пар», – дейтін Тоқтагүл ананы келіп жеткен көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер мейрамымен құттықтай отырып, қазаққа Елдостай ер сыйлағаны үшін рахмет айтамыз.

Ерғали Қартайған,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

IMG_8014

 

Арулар мереке күні жұмыста болады

«Қазфосфат» – өңіріміздегі ғана емес, республикадағы химия өнеркәсібі саласының алыбы екені аян. Оның даңқын арттырып, абыройын асқақтату жолында сан мыңдаған адамдар еңбек етуде. Зауыт алты мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал осы алты мың адамның ішінде кім жоқ дерсіз? Олардың бірі – өмір жолын ұстаз болып бастаса, екіншісі аспаз болған, енді бірі мүлде басқа салада еңбек етуді жоспарласа, тағдыр жазуымен кейіннен барлығы да зауыт тіршілігіне араласа бастады. Мұндағылар үшін ұлты мен ұлысына, жасы мен жасамысына, жынысына қарай бөліну деген ұғым мүлде жат. Ерге артылар ауыр жұмыста аянбай тер төгіп жүрген арулар да баршылық. Арнайы оқу орнын аяқтай сала осы салада еңбек жолын бастап, зейнет жасына дейін «Қазфосфатта» еңбек етіп келе жатқан нәзік жандылар қаншама десеңізші?!
Солардың бірі – Василина Мунина. «Минералды тыңайтқыштар зауытының» әк қайнату цехында жұмыс істейтін оның жасы бүгінде 56-да. «Зауытқа алғаш жұмысқа келгенде жасым небәрі 19-да еді. Жастық жалынмен осында еңбек етуге бел байлап, сол бағыттан әлі де танбай келемін. Меніңше, адам әуел баста таңдаған мамандығынан айнымай, сол салаға адалдық танытқанда ғана жұмыс жемісті болмақ.
Әуелгіде адамдар жап-жас қыз қалайша зауытта жұмыс істейді деп маған таңырқаса, бүгінде зейнет жасына жақындаған апаның зауытта қалай еңбек етіп жүргеніне таңданысып жатады. Мұнда мен секілді мыңдаған әйел адам жұмыс істеп жүр», – дейді Василина апайдың өзі.
Ал Василина Мунинамен бір станокта алмасып жұмыс істейтін Гульфайруз Төлетаеваның зауытта жұмыс істеп жатқанына небәрі 5-6 жылдың жүзі болған. Осы уақытқа дейін үй шаруасында болған ол Тәуелсіздіктің келуімен түрлі жұмыс орындары ашылғанын, соның арқасында көптеген азаматтар нәпақа табуға мол мүмкіндік алғанын және соның бірі өзі екенін айтады. Жасы елуден асса да жұмыстың жеңілін іздемей, қолайы келген іске бел шеше кірісіп кеткен оның ісі де көпке үлгі.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

800

Еңбек жолым
«Ақ жолдан» басталған

Ақмарал Жанысова,
полиция подполковнигі, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы.

Жалпы, құқық қорғау саласына кездейсоқ келдім. Әуелгі таңдаған мамандығым мүлде басқа еді. Тараз қаласындағы №45 мектеп-гимназияны бітіргеннен кейін, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, журналист мамандығын алып шықтым. Сөйтіп, 1995 жылы облыстық «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмысқа орналастым. Екі жылдан кейін облыстық ішкі істер басқармасы мекемедегі баспасөз қызметіне жұмысқа шақырды. Бастапқыда біршама уақыт жаңа ортаға үйренісе алмай, қиналып жүрдім. Кейіннен бойым үйреніп, тәртіп сақшысы болуға қызығушылығым да ояна бастады. Көп уақыт өтпей заңгер мамандығын алып, полиция қызметкері атандым. Содан бері міне, 20 жыл өтіпті.
Үйде немесе түзде болсын ер адамға тән кез-келген шаруаны атқаруда қиындыққа мойымай, отбасының ұйытқысына айналған әйелдер өңірімізде көп. Мәселен, құқық қорғау саласын алсақ, облыс бойынша жалпы, сот мекемесінде жұмыс істейтін 269 әйелдің 48-і судья екен. Прокурорлардың саны – 25. Ал облыстық ішкі істер департаментінде еңбек етіп жүрген 592 қыз-келіншектің 190-ы әртүрлі шендегі қызметкерлер. Оның 170-і офицер болса, қалғандары сержант. Мен осы департаментке қарасты жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы болып қызмет істеймін. Көңілді жабырқатып, жүрек ауыртар сәттер көп. Қиындығы өз алдына. Дегенмен, бұл іспен қыз-келіншектердің жанын түсінетін әйел айналыспаса, кім айналысады?!
Біздің жұмыс негізінен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Облыс бойынша 13 инспектор жұмыс істейміз. Оның үшеуі Таразда болса, қалғаны әр аудандағы ішкі істер бөлімінде. Міндетіміз – зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмектесу, құқықтық кеңес беріп, құжаттарды сотқа жолдау, жәбірленушіге өз құқықтарын жіті түсіндіру. Көбіне бізге күйеулері психологиялық тұрғыдан қысым көрсеткен немесе ұрып-соққан әйелдер шағымданады. Кейбірі, тіпті баратын жері болмай, далада қалғандықтан, біздің көмегімізге жүгінеді. Оларды арнайы ашылған дағдарыс орталығына жібереміз. Ол жерде алты айға дейін тегін құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Енді бірі күйеуінің атынан арызданғысы келмей, тек қорқытып беруімізді сұрап жатады. Негізінен, ауылдағы әйелдер көнбіс. Өзгелерге айтып, сыр бөлісуге ұялады. Негізі, көп отбасының шырқы бұзылуына – күйеуінің ішкілікке әуестігі себеп. Әйел аналардың осындай тағдыры жанымызға қатты батады. Түрлі мәселелермен күн сайын бетпе-бет келгендіктен, кейде жұмыстан шаршап қайтамыз. Әйтсе де, отбасыңа оралғанда бәрі ұмытыла бастайды.
Негізінен, әйелдердің тым жұмысбасты болып кетуі де орынсыз. Себебі, әйел отбасымен ғана бақытты. Өйткені, әйелдің артықшылығы – аналық мейірімі мен үй ішін шексіз береке-ырысқа кенелте алатын қасиетінде. Осы қасиеттерді бойынан жоғалтпаған әйел ғана биікті бағындыра алады. Жалпы, ана атауы ең қастерлі ұғым. Сол себепті, халқымыз әйелдерді құрметтеп, қызға төрден орын ұсынған. Келіп жеткен Халықаралық әйелдер мерекесіне орай барлық қыз-келіншектерге бақытты ғұмыр тілеймін.

104-жас-а+же

104 жастағы әже
немене сүйіп отыр

Қаратау қаласының ең қарт тұрғыны биыл жүз төртінші көктемін қарсы алып отыр.104-ке келген әжейдің есімі Әсия Құрманғалиева екен. Бізді қарсы алып, есікті ашқан әжейдің келіні Қанбүбі Әубәкірова енесінің тұмау тиіп, дімкәстанып қалғанын айтты.
Әжейдің әжім басқан жүзіне қарап, оның соқтықпалы-соқпақты өмір жолын көргендей болдым. Иә, бір ғасырдан артық өмір сүру айтуға оңай. Осы жасқа дейін қайғысы мен қуанышы қатар жүретін тағдырдың сынын қалай қайыспай көтерді екен деп ойға баттым.
Сұрастырып білгеніміз, әжейдің кіндігінен тараған Әбенінен екі немере, ал немерелерінен оннан аса шөбере көріпті. Қазір ұлының өзі 75-ке келсе, келіні 71-де екен. Немересінің алды 52-ге толыпты. Тарихтың үш кезеңін көрген ана бүгінде 3 немене сүйіп отыр.
Біз Әсия әжейдің ақ батасын алып, мейірленіп қайттық. Ең алдымен, қаладағы кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Екатерина Цой әжейді келе жатқан 8 наурыз мейрамымен құттықтап, иығына орамал жауып, сыйлығын табыс етті.
– Сонау 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргінді көрген ата-бабаларымыз бақытын қазақ жерінен тапты. Өзім қазаққа тұрмысқа шықтым. Әсия сынды апаларымыздан тәлім алдық, өнегесін құлағымызға құйдық. Анаға құрмет көрсетіп, ризашылығын алу – біздің парызымыз, – деді ол.
Екатерина – қаладағы іскер әйелдердің бірі. Өз мәзірха­насы бар. Тұрмысы төмен отбасы­ларына демеушілік жасап жүр.

 

Cәулембай әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Қаратау қаласы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support