- Advertisement -

Ауған соғысының қасіреті ұмытылмайды

263

- Advertisement -

15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Содан бері 28 жыл өтті. Он жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысқан. Соның екі мыңы жамбылдық, 600-ге жуығы Тараз қаласының азаматтары екен. Тараздықтар Ауған жерінде мерт болған боздақтарды еске алып, облыс орталығындағы Ауған соғысында қаза тапқан сарбаздарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
IMG_3085Атшабар аллеясындағы жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткішке гүл қою рәсіміне Ауған соғысы ардагерлері, шаһардағы студенттер мен қала тұрғындары көптеп жиналды. Олар Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді бір минут еске алды. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров атаулы күнге орай бір топ жауынгер-интернационалистерді және олардың аналары мен жесірлерін қабылдады.
– 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіргізілді. Соғыс 10 жылға созылды. Соғысқа 22 мың қазақстандық қатысты, оның 2 мыңы жамбылдықтар, 600-ге жуығы қаламыздың азаматтары еді. Осы сұрапыл соғыстан 71 жерлесіміз елге оралмады, біреуі хабарсыз кетті. 63 жауынгер соғыстан бірінші және екінші топтағы мүгедек болып қайтты. Бүгінгі күні облысымызда Ауған соғысы ардагерлерінің саны 1000-нан аса болса, оның 493-і тараздықтар. 15 ақпан Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай биыл ардагерлерге, аналары мен жесірлеріне бір жолғы материалдық көмек ретінде 12 миллион теңге бөлінді. Былтыр ардагерлер мен мүгедектердің санаторий-курорттық емделуіне 60 жолдама берілді. Астана, Алматы қалаларындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпитальға 76 ардагердің тегін барып қайтуы қамтамасыз етілді. Ауған соғысы ардагерлерінің тұрғын үй мұқтаждықтары ескеріліп, 2005 жылдан бері жалпы «Астана», «Бәйтерек» мөлтек аудандарынан 71 пәтер берілді, – деді қала басшысы.
Нұржан Календеров ардагерлерді арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының және қалалық мәслихаттың атынан да Алғыс хаттар табыс етілді.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support