- Advertisement -

Хоспис бізге қажет пе?

107

- Advertisement -

обырды ерте анықтаса, емделеді

Абай Нұржанов,
облыстық онкология
диспансерінің бас дәрігері.

Жақында Тараз қаласындағы Қант зауыты аумағындағы бұрынғы онкологиялық диспансердің ғимаратында 30 төсектік хоспис ашылды. Бұл – ауыр жағдайдағы науқастардың денсаулық жағдайын уақытша жақсартуға арналған мекеме. Жалпы, үміттің соңғы жібін жалғаған мұндай мекеме қоғамға қажет пе?
Бұл аурудың атауын естігеннің өзінде жұрттың үрейі ұшады. Мұндай сырқатқа шалдыққанын естігендер саналы түрде өмірінен күдер үзе бастайды. Жасыратыны жоқ, уақтылы дәрігерге қаралып, дертті дер кезінде анықтамаудың салдарынан соңы қайғылы жағдайға ұласып жатқан жағдайлар көп. Ауруы асқынып, хосписті мекен еткендер де денсаулығына немқұрайлы қарайтындар. Егер уақтылы медициналық тексерулерден өтіп, қатерлі ісікті ерте сатысында анықтаса, обырды емдеп, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік туар еді.
Қазіргі таңда облыста 6263 адам (2015 жылы 5692 адам) онкодиспансерде есепте тұрады, емдеу шаралары аурудың түріне және оның сатысына қарай жүргізілуде. Тұрғындарға облыс орталығында 135 төсектік облыстық онкология диспансері және емханалар құрамындағы 20 онкологиялық, 21 маммологиялық кабинет қажетті медициналық қызмет көрсетуде.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – онкологиялық аурулармен күрес. Елімізде скринингтік тексеру енгізілгелі бері дертті ерте сатысында анықтауға мүмкіндік тууда. Соның әсерінен обырға шалдыққандар дерегі де көбеюде. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда жалпы 36438 науқас анықталған, бұл 2014 жылмен (34 352 науқаспен) салыстырғанда 9,4 пайызға көп.
Өткен жылы өңірімізде қатерлі ісікпен ауыратын 1558 адам бірінші рет тіркеуге алынды (2015 жылы-1536), оның 55,6 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды алдын алу және ауруды ерте сатыда анықтау қажет.
Статистикаға жүгінсек, облыста былтыр обыр ауруының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Нақтырақ айтсақ, арушаңдық 11,2 пайызды құрап отыр. Екінші сатыда 10,3 пайыздық көрсеткішпен тері обыры тұрса, тыныс жолдары қатерлі ісігіне шалдыққандар 9,4 пайызға жеткен. Асқазан қатерлі ісігі 9,0 пайызды, өңеш қатерлі ісігі 5,1 пайызды құрайды.
Адамның ең қымбат қазынасы – денсаулығы, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Сау болу үшін сақтану әрі дер кезінде дәрігерге қаралған жөн. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды (предраковые заболевания) емдеуге баса көңіл аудару керек. Яғни емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, тері, қалқан безі обырына әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды емдесе, ауру асқынбайды. Сондықтан әрбір адам емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға қаралған кезде әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен өткені жөн, осы тексеру кезінде қатерлі ісік ауруларын (әсіресе көзге көрінетін) ерте сатыда анықтауға болады.
Қазіргі таңда обырға шалдыққан науқастардың 70,0 пайызы 65 жастан асқан адамдар болып отыр. Осыған байланысты оларды емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда обыр ауруына тексеру жұмыстары жалғастырылуда. Сондықтан 65 жастан асқан адамдар емханалардағы әйелдер мен ерлерді қарау кабинетінен тексеруден өткені жөн.
Тұрғындар медициналық көмек алуға алдымен емханаларға, дәрігерлік амбулаторияларға жүгінетіні белгілі. Сондықтан, онкологиялық сақтық шараларын жүргізуге аталған емдеу мекемелерінің мамандары үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Обырға қарсы күресті күшейту үшін облыстық онкология диспансері мамандар арасында 9 семинар өткізіп, 370 дәрігер мен 205 орта буынды мамандардың біліктілігін арттыруына мүмкіндік туғызды. Бұл жұмысты жергілікті онколог және маммолог дәрігерлері де жалғастыруда. Соның нәтижесінде 2015 жылы обыр ауруының I, II сатысында анықтау көрсеткіші 55,6 пайыз болса, былтыр 55,9 пайызға жетті. Бұл осынша пайызға емдеу жұмысының нәтижесі жоғары болады деген сөз.
Қатерлі ісікті анықтаудың бір жолы – нысаналы топтағы тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу. Қазіргі таңда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жалғастырылуда. Мәселен, былтыр 24860 әйел (50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер, яғни олар әр 2 жыл сайын скрининг өтеді) сүт безі обырын анықтайтын тексеруден өткізілді. Тексеру арқылы 31 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды, оның үшеуінде дерт I сатысында, 26-сында II сатысында, екеуінде III сатысында екен. Ауру неғұрлым алғашқы сатыларда анықталса, емдеу нәтижесі жоғары болады.
Жатыр мойны обырын анықтау скринингінен 23140 әйел (30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдер, яғни олар әр 5 жыл сайын скрининг өтеді) өткізілді. Нәтижесінде, 16 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталды, оның төртеуінде аурудың I сатысы, он екісінде II сатысы өтуде. Емдеу нәтижесі жаман емес.
Тоқ ішек, тік ішек обырын анықтайтын тексеруден 44214 адам (50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер, яғни олар әр 2 жыл сайын скрининг өтеді) өтіп, 27 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі анықталды.
Аты жаман ауруға шалдықпау үшін сақтану керек. Ол үшін үнемі дене белсенділігін сақтау қажет. 5 жастан 17 жасқа дейінгі жастар бірқалыпты және жоғары қарқындылықта күніне 60 минут спортпен айналысулары қажет. 18-64 жастағылар үшін дене белсенділігін бірқалыпты қарқында сақтай отырып, аптасына кемінде 150 минут немесе 75 минут дене шынықтырумен айналысу ұсынылады. Дене белсенділігі жүрек пен тыныс алу жүйелеріне пайдалы болуы үшін әр жаттығу кемінде 10 минутты құрауы қажет.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support