- Advertisement -

Петерборды таңғалдырған бала

113

- Advertisement -

Жас футболшы Еркебұлан Сейдахметтен бапкері үлкен үміт күтеді

Талай футболшының тұсауын кесіп, томағасын сыпырған Тараз футболы таланттардан кенде болған емес. Кеңестік кезеңге көз жүгіртсек, Сеул Олимпиадасында топ жарған Евгений Яровенко, бүгінгі буыннан Ұлан Қонысбаев, Елдос Ахметов, Нүркен Мәзбаев, Бауыржан Исламхан сынды жерлестерімізді үлгі тұтып, осындай ағаларының ізін жалғап келе жатқан жас таланттар бүгінде баршылық. Жыл сайын техникалық шеберлігі толысқан жас футболшыларды тәрбиелеп, тынысын ашып жүрген Тараз футбол мектебін кейде таланттар академиясы ма дейсің…
Таяуда ғана Тараздан №46 мектептің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Сейдахмет есімді жігіт көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ол 2000 жылы 4 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келді. Алғаш 8 жасынан бастап футболға аңсары ауған Еркебұлан Бауыржан Исламханға еліктеп, соған ұқсағысы келеді. Бала кезінен бастап үздіксіз дайындықтың арқасында жетістіктерге қол жеткізді. Оладың қатарынан Президент кубогінде үздік шабуылшы және бірнеше бәсірелі додаларда үздік ойыншы атағын иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Жас жеткіншек Тараз қаласындағы «Монтажник» командасында талабын ұштап жүр. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында өткен Гранаткин мемориалында Еркебұланға футбол мамандары назар аудара бастады. Ол сол доданың үздігі атанды. Аталмыш жарыста ұлттық құрама оғландары күміс жүлде иеленсе, команданың сол жетістікке жетуіне жерлесіміз сүбелі үлес қосты. Бірнеше голдың авторы атанған ол 3-4 қарсыласты оңай айналып өтіп, голдық пастар шығарды, тіпті, Еркебұланның шалт қимылдарына үлгере алмаған қарсылас команда ойыншылары ойын ережесін де бұзып жатты. Командаға маңызды 11 метрлік айып доптарын алып беріп, жеңіске де жетеледі. Гранаткин мемориалы додасынан кейін Ресей жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Михаил Галактионов Қазақстан жасөспірімдер құрамасын мақтап, ішінде ерекше көзге түскен шабуылшы, біздің жерлесіміз Еркебұлан Сейдахметтің болашағынан зор үміт күтетінін қадап айтты.
Еркебұландай дарынды футболшыны тәрбиелеп, додаға қосып жүрген бапкерлеріне алғысымыз шексіз. Әлемдік аренадағы аты шыққан ірі клубтардан ұсыныс түсіп, жерлесіміз сол клубтарда ойын көрсетіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Еркебұлан Сейдахметтің ел атын асқақтататын мықты футболшы шығатынына сенім мол. Бүгінде оны танымал командалар өз қатарынан көргісі келетінін айтып, хабарласып жатыр екен. Ал Еркебұланның өзі бұл мәселеде үнсіз. Тек: «Алдағы жылы Гранаткин кубогін ұтып алуға тырысамыз. Дода алдында Бауыржан Исламхан ағам хабарласып, сәттілік тіледі. Ризамын. Жеңіске жетуімізге бас бапкер Сергей Кузнецов көп еңбек сіңірді. Алдағы уақытта да тынбай еңбектенеміз», – дейді талантты ойыншы. Сәттілік серігің болсын, Еркебұлан!

P.S: Жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Александр Кузнецов өзінің фейсбутағы парақшасында: «Еркебұлан Сейдахмет Санкт Петербургтің «Зенит-2 «командасымен бірге оқу-жаттығу жиынында жүр»деп мәлімдеме қалдырған. Естеріңізге сала кетейік, «Зенит-2» командасы қазіргі таңда Кипрде жаттығу жамыстарын жүргізуде.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support