- Advertisement -

«Жамбылым мен Таразымды жаһанға танытқым келеді»

149

- Advertisement -

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонақтары кәсіпқой бокстан WBA тұжырымы бойынша
Қытай елінде өткен жекпе-жекте чемпион атағын жеңіп алған жамбылдық жампоз Нұрсұлтан Жаңабаев пен оның бапкері, халықаралық дәрежедегі АІВА төрешісі Айдамир Ералиев

«Нокдаунға жіберсем де бір төреші басымдықты жергілікті боксшыға берді»

– Нұрсұлтан, алдымен әңгімені әуесқой рингтен бастасақ. Кәсіпқой боксқа ауыспас бұрын әуесқой рингте ойлаған нәтижеге қол жеткіздің бе? Алғаш жаттығуды қайда бастадың, бапкерің кім болды?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Марат Мәзімбаев басқаратын Жамбыл бокс клубында тер төгіп, әуесқой рингте жүрген кезде халықаралық жарыстарда, облыс біріншілігінде, 75 келіде федерация кубогінде топ жардым. Мен Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз ауылында тұрамын. Рашид Кабиров есімді ағамыз жаттықтырды. Біршама уақыт сол кісінің қол астында тер төктім. Одан кейін ересектер сапына ауысқалы қазіргі бапкерім Айдамир Ералиевпен жұмыс жасап келемін. Осы кісінің шәкірті бола жүріп, спорт шебері атандым. Бірқатар биіктерді бағындырдым.
– Әуесқой бокстан кәсіпқой рингке ауысуыңа не себеп болды? Кейбір боксшылар әуесқой рингте «өзімді көрсете алмадым», «әуесқой рингте аяқтан шалу көп болады» дегенді алға тартып жатады…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Анау болмады, мынау болмады деп айта алмаймын. Түрлі жағдайлар орын алды. Спорт болған соң ондай жағдайлар ұшырасып тұрады. Өзімді кәсіпқой бокста сынап көргім келді. Өйткені бұл менің арманым болатын. Қазіргі таңда кәсіпқой боксқа деген қызығушылық зор. Қайда жекпе-жектер болатынын қарап жүрдім. Кәсіпқой бокста бақ сынайтын мүмкіндікті күттім. Тіпті, мүмкіндік болмаған жағдайда мансабымды аяқтаймын деп ойладым.
– Алматыда Қанат Исламға көмектескен екенсің…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Иә, кәсіпқой боксқа қалай ауысады екенмін деген ойдың жетегінде жүрдім. Алматыда Қанат Ислам жекпе-жек өткізетінін естіген сәтте ару қалаға жолға шықтым. Содан Қанат ағамен жолықтым. «Мені де бір байқап көріңізші» деп өтіндім. Ол кісі қолынан келген көмегін аямайтынын айтты. Қазан айында Алматыда Қанат ағаның қасында жаттықтым. Бірнеше мәрте спаррингтік жекпе-жек өткіздім. Қанат ағаға мен де көмектестім. Сөйтіп жүргенде Қытайдан Дамир Буданбеков аға хабарласты. Алдында үлкен бір жарыста Дамир аға жұдырықтасу стиліме назар аударған еді. Сол кезде ол кісі: «О, сенің мәнерің кәсіпқой боксқа келеді екен. Соққыларың жойқын. Қытайда қазақ балаларына көмектесіп жүрген азаматтар бар» деп нөмірімді жазып алып кеткен болатын.
Ол әңгіме естен шығып кеткен. Күндердің күнінде Дамир аға хабарласты. «Міне, сенің күнің туды. Өзіңді жақсы жағынан көрсетуің керек» деді де шақырды. Содан алғашқы жекпе-жегімді WBA тұжырымы бойынша Қытай чемпионы Синг Янгке қарсы өткіздім. 10 раундтық жекпе-жекте төрешілердің екіұшты шешімімен жеңіске жеттім. Кездесу соңында қарсыласымды ұрып құлаттым. Соңғы секундтарда қытайлық боксшыны нокдаунға жібермегенімде жеңісті бермес еді. Нокдаун болғанның өзінде төрешілердің бірі басымдықты жергілікті боксшының пайдасына шешті ғой.

«Таразда жаттығып,
Қытайда шайқасамын»

– Қытайлық боксшыны 10 раундта жеңдің. Алғашқы жекпе-жекте 10 раунд шайқасқа кез-келген боксшы шыға бермейді. Одан соң кіммен жұдырықтастың?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Мен ол қытайлықты он раунд бойы ұрдым. Кездесуді басталғаннан аяқталғанша бақылауда ұстадым. Шайқасты youtube.com сайтынан көрсеңіздер көздеріңіз жете түседі. Сонда да жеңісті әрең берді. 1 ғана ұпай айырмашылығы үлкен рөл ойнады. Бұдан кейін филиппиндік Джо Де Ла Круз есімді былғары қолғап шеберімен шайқастым. 47 жекпе-жек өткізген өте тәжірибелі боксшы ол. Филиппиндікті бесінші раундта таза нокаутпен жеңдім.
– Кәсіпқой бокстың өз қиындығы бар ғой. Қазір Қытайда жаттығасың ба, әлде Таразда ма?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Осы Таразда жаттығамын. Жекпе-жекке бір апта қалғанда Қытай асамын. Сонда барып дайындалып, жергілікті жердің табиғатына бой үйретемін.
– Кәсіпқой боксқа ауысу жолында қандай қиындықтардан өттің. Өзіңді табуың керек деген сияқты. Мәселен, Олимпиада чемпиондарын бірден «Top rank», «Golden boy», «Main events» секілді алпауыт промоутерлік компаниялар өздеріне шақырып жатады. Олардың көтерілу мүмкіндігі артады. АҚШ асқан боксшылар үлкен жекпе-жектерге жылдам шығып, негізгі төрт тұжырымның бірі бойынша чемпиондық атаққа таласады. Көрінбей жүрген боксшыларға қиын соғады ғой…
Айдамир Ералиев: – Бұл баланың таланты жоғары. Десе де боксшының жолы болмайтын кездер де ұшырасады. Әйткенмен кез-келген кәсіпқой боксшы бірден 10 раундқа шықпайды. Олар Нұрсұлтанды қиналмай жеңеміз деп ойлады. Бірақ олай болмай шықты. Қиын кездесу өткізді. Тіпті нокдаун алдында да қарсыласын есеңгіретті. Бірақ, қытайлықтар сенбеді. Жалпы алғанда Нұрсұлтан өзін дәлелдеді. Екінші шайқасында мықты боксшыны ұтты. Болашағы бар.
– Кәсіпқой бокста бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүр. Екінші жекпе-жекке дайындалғанда қандай боксшылар көмектесті?
Айдамир Ералиев: – Өзіміздің жігіттер Алматыда ел біріншілігіне дайындалып жатқан кезде біз де сонда бардық. Сол жерде Жәнібек Әлімханұлымен жұптасып өнер көрсетті. Өзін шыңдады. Облысымыздағы өзге де жігіттер қолұшын берді. Олардың қатарында Асланбек Шымбергенов те болды.
– Алдағы мақсат қандай? Кәсіпқой боксқа қадам басқан спортшы әлем чемпионы болғысы келеді. Бірден он раундтық шайқасқа шықты. Енді рейтингілік жекпе-жектерде алты, сегіз раундқа шықпайтын шығар?
Айдамир Ералиев: – Бұл сұраққа да өзім жауап берейін. Нұрсұлтан енді он раундтан төмен жекпе-жектерге шықпайды. Шынымды айтсам басында өзім бірден он раундтық шайқасқа жібергім де келмеді. Дегенмен тәуекелге бел будық. Нұрсұлтанның да өзінен кейін отбасында бауырлары бар, қаржы керек дегендей. Оның үстіне боксшы аз ғана жылдардан тұратын мансабында өзінің барлық мүмкіндігін көрсетіп қалуы керек. Оны да ойладық. Әуесқойдан кәсіпқойға ауысқандағы мақсат та сол.

«Жұқа қолғапқа
қолың әрең сыяды»

– Сонда қазір ешқандай промоутерлік ұйыммен келісімшартқа отырған жоқсыздар ма?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Қытайдағы қазақ азаматтарымен жұмыс жасап жатқан Орал есімді ағамыз бар. Сол кісінің қазақ жігіттерінен құралған «Қабылан» деген клубымен өзіміздің қаракөздер келісімшарт жасасқан. Басқа ұлт өкілдері жоқ. Тек қазақ балаларымен жұмыс істейді.
– Алғашқы жекпе-жегіңе гонорар алдың ба, қанша төлегенін құпия болмаса айтсаң…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Бірден чемпиондық кездесуге шықтым ғой. Төленді. Мені жеңеді деп ешкім ойлаған жоқ. Қанша алғанымды айтпай-ақ қояйын.
– Салыстырмалы түрде айтсақ өте аз төлеген шығар…
Айдамир Ералиев: – Қытай жігіті чемпион болған соң оған көбірек төледі де, Нұрсұлтанға аздау ақша берілді. Бірақ, Нұрсұлтан ақша үшін аттанған жоқ. Бір тай алса да олжасы. Оның үстіне кәсіби мансабын енді бастап жатыр. Бастысы намыс қой. Алғашында тай мінсе, кейін құнан, бесті міне жатар. Оның бәрі уақытпен келеді.
– Кәсіби мансапты жаңадан бастап жатқан соң келесі жекпе-жек туралы сұрағым кеп тұр. Қарсылас, мерзім анықталды ма?
Айдамир Ералиев: – Нұрсұлтан чемпион болған соң өзіне тиесілі белбеуді қорғауы тиіс. Үш-төрт ай мерзім беріледі. Алла қаласа үшінші кездесу өтетін кез алыс емес. Қарсылас анықталған соң, ол туралы толық айтуға болады.
– Нұрсұлтан, әуесқой бокста қолғап қалың болады. Кәсіпқойда жұқа деп жатады ғой. Қалай екен?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Иә, кәсіпқой бокстың қолғабы өте жұқа келеді. Темп дегенді ораған соң қолың қолғапқа әрең сыяды. Оның өзінде вазелин жағып жатып, әрең киесің. Жекпе-жектен соң қолдың бәрі жара болады. Тері жырылады, жұдырық ісінеді. Былайынша айтқанда таза қолмен ұрғандай сезінесің.
– «Қабылан» клубында жүрмін дедің. Бұл клуб қанша дегенмен азиялық қой. Өзіңді көрсетуің керек, одан соң мұхит асу қажеттілігі туындайды. АҚШ ассам деген мақсат, арман бар ма?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Қазіргі мақсат кәсіпқой боксты сезіну, тәжірибе жинау керек. Алғашқы он жекпе-жекпен бірге тәжірибе келеді ғой. Дәл қазір мұхит ассам, көптің арасында жүріп, адасып кетуім де мүмкін еді. Бұнда өзімді көрсетуге мүмкіндік бар. Бір-екі чемпиондық белбеу ұтып алуға да болады. Рейтингтегі жағдайды түзеуге де ден қоясың. Осылай толысу сатыларынан өтіп қана мұхиттың арғы жағына аттансам, онда әңгіме басқаша болар еді.
– Демек, дәл қазір Америкаға барсаң бірнеше жыл бойы мықты боксшылардың жекпе-жек алдындағы жұптық кездесулеріне көмектесуші әріптес болып жүретініңді түсінесің ғой…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Иә, дәл солай. Сондықтан да мен «Қабыланда» жүріп адаспаймын деп ойлаймын. Қайталап айтсам, бұл маған толысу үшін берілген тамаша мүмкіндік. Көп адамдар маған: «Америкаға бармайсың ба?» деп жатады. Менің жауабым жалғыз: «Мен дәл қазіргі жағдайыма шүкір деймін. Бәрі жақсы».

«Болашақта Сауль Альвареспен айқасқа
түскім келеді»

– 154 фунт, яғни, 69,8 келі салмақ лимитіне сай келу үшін қанша салмақ қуасың?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Негізі табиғи салмағым сол 75 келі ғой. 69 келіге түсу маған еш қиындық тудырмайды. Қытайдағы ағаларым маған: «Кейінірек үлкен жекпе-жектер болып жатса, белбеуге таласатын мүмкіндік туса 147 фунтқа, яғни, 67 келіге жуық салмаққа түсесің» деді. Сондай-ақ, олар сол салмақта бабым да, күшім де қалыпты деңгейде болатынына сенім білдіріп отыр.
– Тағы екі жарым келідей салмақ қуу қиындық туындатпайды ма?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Жоқ, ешқандай қиындық орын алмайды деп ойлаймын. Дұрыстап тамақтансаң, еңбек етсең, айлар бойы жаттығуды үзбесең салмақ қуу мәселе туындатпайтындығына сенімім кәміл.
– Қанат Исламмен сөйлескеніңді айтып қалдың. Қанат қанша дегенмен АҚШ көрген саңлақ қой. Саған қандай ақыл-кеңестер берді?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Ол кісіге: «Аға, осындай жекпе-жекке шыққалы жатырмын» деп мәселенің мәнісін айтқан болатынмын. Сол кезде Қанат аға: «Тек асықпа, бұл саған әуесқой бокс емес. Мұнда бірден шыға салып ұрмайсың. Асықпай жүріп арбамен қоян алуға тырыс. Қарсыласыңды алдымен шаршата біл. Шаршатқан соң соңына қарай ауыр соққыларыңды жұмсайсың» деді. Ол кісіге рингте жұп болдым ғой. Сол кезде бірден ауыр соққыларымды бағыттауға көшкенімді байқады. Қазір мен айла-тәсілді түсіне бастадым.
– Кәсіпқой бокста әр раундтың өз жоспары болатынын түсіндім дегің келетін сияқты…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Расында да солай. Әр раундқа арналған жоспар болады. Бастапқыда алдыңғы қолмен қарсыласты түртіп, оны түсініп алып, жәймен қысымды арттырып, соңында өзіңнің қақпаныңа түсіресің.
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» ғой. Болашақта қандай мықты боксшылармен қолғап түйістіргің келеді. Мысалы жартылай орта салмақта Мэнни Пакьяо бар, бірінші орта салмақта ағайынды Чарлолар, Эрисланди Лара бар…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Шынында да үйде жатқанда армандаймын. Мәселен, мүмкіндік туып жатса мен Эрисланди Лара секілді қашып жүріп жұдырықтасатын боксшылармен рингте күш сынасқым келмейді. Мен тұрып алып төбелесетін Альварес секілді мықтылармен майданға шыққым келеді. Сондай мықтылармен жұдырықтассам деп қоямын. Ашық айқасқа шыққанды жаным қалайды. Әрине, ондай жекпе-жектер көрерменнің делебесін де қоздырады.
– Сөзіңнен байқасам, жұдырықтасу стилің ашық айқасқа жақын екен…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Иә, менің ұрыс салу мәнерім – ашық айқас десем артық айтқандық емес. Қатты қорғана да бермеймін. Қарсыластан қашпаймын да. Алдыға жүріп, қарсыласты шаршатып, өзімнің жоспарыма сай ұрыс жүргізгенді қалаймын.
– Шыны керек, ашық айқас дегенде есімізге бірден Артуро Гатти оралады…
Айдамир Ералиев: – Нұрсұлтанның мәнері шынымен де Артуро Гаттиге келеді. Мен де соны айтып отырамын. Бірінші раундтан соңына дейін жоғары темпте жұдырықтасады.
– Сол Артуро Гатти ашық айқастың арқасында ауыр соққылар да алды ғой. Ауыр соққылар қанша дегенмен денсаулыққа әсер етеді емес пе?
Айдамир Ералиев: – Мен Нұрсұлтан әуесқойда жүргенде ашық айқасқа шыға берме деп жиі айтатынмын. Бірақ қазір нағыз өзінің боксын тапты деп ойлаймын. Өйткені, 3 раунд Нұрсұлтанға әрдайым аз сияқты көрінетін. Бұл әуесқойда өзінің бабына келемін дегенше әуесқой рингтегі жекпе-жектер аяқталып жататын.
– Нұрсұлтан, отбасыңда спортшылар бар ма еді?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Мен отбасымда үйдің үлкенімін. Жалпы алты ағайындымыз. Қалған бауырларым да боксқа барамын дейді. Бірақ әзірге боксқа келген жоқ.
– Сені боксқа кім алып келді?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Басында мені әкем күреске ертіп әкелді. Әділет Сарыбаев ағам біздің ауылда тұрады. Көршіміз болатын. Сол кісіге тапсырды. Үш жылға жуық күреске қатыстым. Алайда, күрес залындағы жаттығудан шыққан сайын бокс залына барып, жаттығуларына қарап отыратынмын. Өйткені боксты өте қатты жақсы көретінмін. Жаттықтырушы ағайларға айтсам да, ол кісілер «күресте жүре берсеңші» деп мені алмайтын. Кейіннен ауылда бокс секциясы ашылғаннан кейін күреске де, боксқа да бара бастадым. Бертін келе бокстан көрсеткен нәтижелерім көңіл көншіте түсті. Содан не керек, күресті қойып, боксқа өз қалауыммен бардым. Өйткені бокс менің өмірім, сүйетін ісім екенін анық түсіндім. Күресіп жүргенде де боксты армандайтынмын.

«Жамбыл жерінде үлкен жекпе-жек өткізсем деген арманым бар»

– Сөзіңнен байқағанымыз, ашық төбелес стиліндегі боксты ұнататыныңды айтып қалдың. Негізі, кәсіпқой бокс тек спорт емес, сонымен бірге үлкен бизнес қой. Көрермендер ашық айқасқа баратын боксшыларды жақсы көреді. Жоспарың сәтімен жүзеге асып, бәрі ойдағыдай болып жатса, АҚШ ассаң, сенің жекпе-жектеріңді кәсіпқой бокстың отаны саналатын Лас Вегастан көретін шығармыз. Ол кез-келген боксшының арманы ғой…
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Шынында да солай армандаймын. Дұрыс айтасыз. Одан бөлек өзімнің туған топырағым Таразда үлкен бір жекпе-жек өткізсем деген де арманым бар. Оның бәрі болашақтың, уақыттың еншісінде ғой. Бастысы мен талмай еңбектенуге тиіспін. Сабырмен тер төккен спортшының алар асуы бар шығар. Маңдайға жазылғанын көре жатармыз.
– Кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық саңлақтарды өзің білесің. Отандастарыңнан кімдерге қарап бой түзегің келеді?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Әлбетте, Геннадий Головкин үлгі тұтуға тұрарлық азамат. Рингте де, рингтен тыс та өзін өте жақсы ұстайды. Сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, мінезі, жұдырықтасқаны бәрі де ұнайды. Бір сөзбен айтқанда сол кісінің спортшы ретіндегі мәдениетіне өте ризамын.
Әйткенмен, тек Головкиннен үлгі аламын деуге болмас. Әрбір спортшының тек жақсы қасиеттерін бойыма сіңіріп, әрі қарай дамытқым келіп тұрады. Мысалыға Головкиннің алдыңғы қолымен ұрғаны, рингтегі басқа әрекеттері қатты ұнаса, Джеймс Тонидің де іс-қимылдарындағы ұнамды тұстар баршылық. Жұдырықтасу мәнерім туралы нақты айтсам, мықты оғландардың бәрінен де өзіме қажеттіні аламын. Сол арқылы техникалық мүмкіндігімді арттырамын.
– Нұрсұлтан сен боксшылардың тілімен айтқанда трэш-токқа яғни, қарсыласын «қырамын, жоямын» деп сөйлейтін боксшыларға қалай қарайсың, әлде тек рингте де, ринг сыртында да спорттық мәдениетті сақтайтын боксшыларды қолдайсың ба? Жалпы, қарсыластарыңның бірі сенің жағаңа қолын ала жүгірсе, оған не істер едің?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Шүкір, екі жекпе-жек өткіздім. Мен де, қарсыластарым да бір-бірімізді сыйлап, артық ауыз сөз айтқанымыз жоқ. Олар да, мен де бар күшімізді рингте көрсеттік деп ойлаймын. Қарсыластармен кездесуден кейін де дос болып кеттік. «Қырамын, жоямын» дейтін боксшылар көбінде мұхиттың арғы бетінде ғой. Ондай өз-өзін ұстай алмайтын, мінезін ырқына көндіре білмейтін оғланмен әлі жолым түйіспеген соң ештеңе айта алмаймын. Бір білетінім, боксшы интеллектуал азамат болуы керек. Бар күшіңді тек рингте сарқа жұмса, ал өмірде қарапайымдылығыңнан, азаматтығыңнан танбаған ләзім.

«Қарсыласын құлатты дегенде жылап отырып
хат жаздым»

– Бапкерге бір сұрақ. Нұрсұлтан сізге келді. Кей жаттықтырушылар: «Мына шәкіртім қолыма лапаны киген кезде жойқын соққысымен таңғалдырды. Кәсіпқой боксқа жаралғанын бірден байқадым» деп жатады. Сіз де шәкіртіңіздің кәсіпқой рингке жақын екенін аңғара алдыңыз ба?
Айдамир Ералиев: – Нұрсұлтан талантты жігіт екенін бірден байқата білді. Кейбір жігіттер бар, жартылай жаттығу істейді, нәтижеге жылдам қол жеткізеді. Ал енді бір спортшылар болады, азаңнан кешке дейін тер төгеді. Нұрсұлтан да сол еңбекқор жігіттердің қатарында. Алайда бұндай балалардың кей кездері жолы ауыр болады. Бұл жігітке де нәтиже оңайлықпен келген жоқ. Бірақ мен шәкіртіме: «Нұрсұлтан, сен талмай тер төгесің. Осы бетіңнен қайтпауың керек. Тынымсыз жаттығу түптің-түбінде жеңіске жеткізеді» деп үнемі айтып жүрдім. Екі-үш жыл өткен соң мен Нұрсұлтанның барлық мүмкіндігіне, қыр-сырына әбден қанық болдым.
Арада біршама уақыт салып барып: «Нұрсұлтан, сенің бағыңды кәсіпқой ринг ашады» деп нық сеніммен өз ойымды білдірдім. Өйткені бұл жігіт уақыт өте келе ашылады. Ұзақ раундтарға түк қиналмайды. Бірден чемпиондық белбеу сарапқа салынған жекпе-жекте бақ сынады. Сенімді ақтады. Сол шайқаста жеңіске жеткен кезінде мен жылап тұрып смс жазғанымды Нұрсұлтанның өзі де біледі. Құлаттым деген сөзді естігенде, тіпті, толқып кеттім, ол кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біраз бұрын Алматыға да, басқа жаққа да бардық. Кәсіпқой боксқа бет бұрудың жолдарын қарастырдық. Сонда бізге: «Америкаға, Канадаға алып кетеміз, көмектесеміз» дегендер ұшырасты. Нұрсұлтан тіпті Түркияға да барып қайтты. Түркия чемпионымен бірге жаттықты, дайындалды. Ол жігітпен бастапқыда аңдысып жүріп, кейіннен соққының астына да алды. Әлгі боксшы қазіргі таңда шәкіртімнің жақсы досы екен. Дағыстан асып, ол жақтың чемпионымен де қолғап түйістіріп көрді. Аты аталған елдердің боксшыларының кездесу алды дайындықтарына көмектесті. Мұның бәрі Нұрсұлтанның кәсіпқой боксты жете түсіне түсуіне көмектесті деп ойлаймын. Қанат Исламның бапкері шешуші спаррингке басқаны емес, дәл Нұрсұлтанды таңдауының өзі көп жайттан хабар беретін шығар.
– Нұрсұлтан, бапкерің өзіңді Таразда дайындап, әр раундқа жоспар жасап, Қытайға аттандырды. Ол жақта кім секундант болды?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Жекпе-жек барысында жоғарыда айтқан Орал аға менің бұрышымда болып, ақыл-кеңесін беріп отырды.
– 10 раундтық жекпе-жек өткіздің. Өзің білесің кәсіпқой бокста соңғы үш раунд чемпиондық раундтар саналады. Сол кезеңдерге күшіңді қаншалықты сақтай алдың?
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Мен күніне 15 шақырымға дейін жүгіремін. Талмай тер төгемін. Бұл жерде Айдамир ағайымның еңбегі зор. Жекпе-жекке келсек, барлық раундты бір деңгейде өткіздім. Бұрышымдағы секундантым өз ойын айтты. Алайда, «олай істеуің керек, былай ұруың керек» деп қысым көрсеткен жоқ. Бірінші рет кәсіпқой боксқа келген боксшы ондай сөздер естісе, ойындағысын іске асыра алмай қалуы мүмкін. Жалпы, жаттығу барысында 10 раунд қиналмай жұдырықтасатынмын. Рингке шығарады. Барлық баламен шайқасамын. Жәй, ақырын ойнай салмаймын. Өйткені, кәсіпқой бокста маған оңай болмайтынын білемін. Сондықтан жаттығудың өзінде барымды сарқа жұмсап жүрдім. Біздің өңірдің жігіттері шетінен жақсы боксшы. Олардың осалы жоқ. Қытайда жекпе-жек болып жатқан кездегі үзілісте отырып: «Мен Таразымда Асланбек, Сағадаттармен төбелесіп жүріп шаршамаймын. Мына жаққа келіп неліктен шаршауым керек?» деп ойладым. Сол ойдың жетегінде жүріп, әр раундта қарсыласымды соққының астына алуға тырыстым. Күшімді сақтаған жоқпын.
– Кәсіпқой бокстағы мақсатың белгілі. Арманың Таразды таныту шығар.
Нұрсұлтан Жаңабаев: – Әрине. Геннадий Головкин шығып еді қарағандылықтар: «Біздің Гена» деп мақтанып жүр. Дұрыс қой. Сол секілді мен де Тараздың атын әлемге танытсам деймін. Реті келсе абсолютті чемпион атанғым келеді. Кейін жекпе-жектерімде жанкүйерлер: «Тараз, Қызыл жұлдыз, алға!» деп айқайлап тұрса одан асқан бақыт бар ма? Әлем Гена арқылы Қарағандыны, Майқұдықты таныса, мен арқылы Таразды, Қызыл жұлдызды білсе екен деймін. Осы арманға жету үшін аянбаймын.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support