- Advertisement -

«Құда баладан» құр қалдым

273

- Advertisement -

23112366-A-fat-man-with-a-h«Ойбай-ау, мына жігіт теректей сорайған біреу ғой, жетім қозыға ұқсап қасында қалай жүрем?», «Мынаның беті қожыр-қожыр, сүймек түгіл, сүйкенуге жүрегің айниды», «Анауың аузына құм құйып алған ба, «үндемегеннен қорық» деген», «Түу, мына шіркіннің сып-сып етуін, көп сөйлеген кісіде пәтуә болмас», «Әнебіреудің сөйлегені жыланның ысылындай екен», «Көзі алақ-жұлақ, есі дұрыс па өзінің?», «Құрысыншы тіпті,

41-ші жыл емес қой, бір жөнді жігіт кездесер».
Өстіп жігіттер жайлы ойымды сан-саққа жүгіртіп жүргенімде, бесінші курстың біткенін де байқамай қалыппын. Бір күні қараптан-қарап отырып: «Құдайым-ау, осы мен соқа басым сопайып елге қалай қайтпақпын? Иен Алматыдан бір жігіт таппағаны ма деп ел-жұртым күледі-ау» деп қайғырайын. «Не де болса бір жігіттің етегінен ұстау керек!» деген шұғыл шешім қабылдадым.
«Жүргенге жөргем ілінер!» Жүріп көрейін. Барымды киіп, бақанымды ұстап көшеге шықтым. Іздегенге-сұраған, қарсы алдымнан жерлес жеңешем Жетіскеннің жолыға кеткені. Анау-мынау әңгімеден соң: «Бітімкүл-ау, бәкене бойлымын демесең, әжептәуір қызсың ғой. Қалада қалғың келсе, сені үй десе үйі, күй десе күйі, ми десе миы, тіпті шапқылаған машинасы бар құда баламмен таныстырайын. Ертең осындай уақытта кел!» – дегені жортқанда жолың болғыр жеңешемнің!
Адамның жанын айтқызбай түсінетін құдіретіңнен айналайын-ай! Енді күйеу алмайтын шығар деп күйгелі жүрген күйім түзеліп, үмітімнің ақ желкені қанатын жайды. «Ойпырмай, «Отырған қыз орнын табар» деген осы шығар, баяғыдан бері Құдай осы жақсылыққа бастап жүр екен ғой!» Түнімен сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, толқынды қара шашты, қалың қасты болашақ жарымның машинасында келе жатқанымды елестеткен мен байғұс дөңбекшіп ұйықтай алсамшы.
Ертесіне еркек пішіндес етжеңді құрбым Есімкүлді ертіп, айтқан уақытында жеңгемнің үйіне жетіп келдім. Жеңгеміз дастарқанын жайнатып қойып, ақ бөкендей желіп жүр. Айтып жүрген құда баласы, масқара-ай, ені мен биіктігі бірдей қарбыздай домаланған біреу екен. Жеңгеміз таныстырып жатыр, жігіт те майлы қасықтай жылмаңдап тұр. Құрғырдың аты да Құлық болар ма? Құлық! Түндегі тамаша қиялым быт-шыт болған мен жеңгеме мұрнымды тыржиттым. Отырысымыз жаман болған жоқ, жарасқандай боп тарастық.
Былай шыққан соң Есімкүл: «Мына жігіт сенен гөрі маған лайық екен, барған жерде мас болып қалса, қолтығыма қысып алып қайтамын. Ал сен екеуің бірдей бәкене бойлысыңдар, ертеңгі күні бала-шағаларыңмен ергежейлілер елінен келгендей болып жүрерсіңдер», – деп шек-сілесі қата күлді.
Содан не керек, өйтіп-бүйтіп әрең құтылдым әлгіден. Қолыма қонған бақыт құсынан оп-оңай айырылып қалғаным үшін Жетіскен жеңешем жер-жебіріме жетті. Неге екенін білмеймін, Есімкүл құрбымның да қарасы көрінбей кеткен-ді. Жігіт біткенге мұрнымды шүйіре қарап жүрмін әлі.
Айтпақшы, кеше көшеде бала жетектеген Құлық пен соңдарынан емпеңдеп еріп бара жатқан Есімкүлді көріп қалдым. Құлық баяғыдай емес, құлындай құлпырыпты. Биіктігі мен енінің айырмашылығы айқындалып, әбден ысылыпты. «Мерседестеріне» отырып жатыр. Осыны көріп тұрып, ішімнің удай ашығаны-ай…
Біраз уақыт ойланып тұрып қаппын. Сонда не ойлады дейсіздер ғой. «Қой Жетіскен жеңешеме қайта барайын. Тағы да қалған-құтқан, аннан қашқан, мыннан қашқан құда балалары бар шығар. Бұл жолы жалғыз баруым керек. Бірақ… кімді ертіп бармақпын? Онсыз да жалғызбын ғой».

Ардақ Қонақбаева.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support