- Advertisement -

Халқымен бірге жасай беретін қайраткер

277

- Advertisement -

Ардагерлердің естеліктеріне сүйенсек, Әулиеата жеріне ең алғашқы ресми жұмыс сапарын Димекең 1942 жылы орда бұзған отыз жасында республика Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалған жылы жасаған. Батыста соғыс жүріп жатқан қиын кез. Өнеркәсіп салаларын соғыс жағдайына бейімдеу, майдан қажетін неғұрлым толық қамтамасыз ету мәселелерімен айналысқан Дінмұхамед Ахметұлы Мемлекеттік Қорғаныс комитеті ерекше маңызды, халықтық құрылыс деп жариялаған Қаратау тау-кен комбинатының құрылысын жеделдету жөніндегі комиссияны басқарған.
Іскерлігі мен ұйымдастырушылық талантының арқасында құрылыстың алғашқы кезегі 1944 жылдың сәуір айында салынып біткен. Бұл туралы сол соғыс жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болған Сәдуақас Әліпшеев ағамыздың жазып қалдырған естелігінде жан-жақты айтылады. Қазақстанның алып химиясының негізі сол жылдары Қаратауда қаланғаны тарихтан белгілі. Димекең кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары да облысымызға жыл сайын дерлік келіп жұртпен жүздесіп, пікір бөлісіп отырды. Зейнеткерлікке шыққанда да төменгі Талас бойы елінің шақыруымен 1992 жылы келгені де талай естеліктерге, жыр-толғауларға арқау болды.
Ал аграрлы облысымызда іскерлігімен Димекеңнің назарына іліккен басшы азаматтар, қарапайым еңбек адамдары аз емес-ті. Әр келген сайын олармен жүздесіп, пікірлесетін. Мұндай азаматтардың қатарында аудан басшылары Айтбай Назарбеков, Жапар Түйебеков, Әнуарбек Сандыбаев, Әбдіқадыр Жүргенов, Берден Байқошқаров, іргелі шаруашылықтарды басқарған Александр Львович Нахманович, Арнольд Лазаревич Костянкин, Махмұд Әшіров, Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев, Әнуарбек Тәжімбетов, Сейілбек Әбдиев, Тойғара Наржанов, Сәлке Ахтамбердиев, еңбек адамдарынан атақты шопан, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев және басқалары болды.
Халық дәстүрлеріне жетік, ата-бабаларының мекенін ерекше қадірлейтін, тағылымы терең, ой-өрісі ғажап Д.А.Қонаевқа деген Әулиеата жұртының құрметі мен ықыласы ол зейнеткерлікке шыққанда да еш олқы түскен жоқ. Тіпті, Колбин мен оның итаршылары Димекеңді қаралауға кіріскенде алдымен ара түскен біздің облыс жұртшылығы, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газеті екені тарихта өшпестей жазылып қалған оқиға. Газеттің сол кезгі редакторы Арғынбай Бекбосын «Ақ жол» газетінің 1991 жылғы 9 қаңтардағы санында Димекең туралы «Адам Алатау» атты көлемді сұхбат очеркін жариялады. Өмірден ерте озған журналист Қыстаубай Байтуов бауырымыз да осы газетте қызмет етіп жүрген кезінде Димекеңмен алғаш рет әңгіме-дүкен құрған. Ал Әулиеата елінің тағдырының қиын сәтінде қорған бола білгенін Димекең жоғары бағалады, естелік кітаптарында алғыс-лебізін арнады.
Біздің облыста халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесі 1996 жылдың қараша айында құрылды. 2002 жылғы қаңтарда Халықаралық Қонаев қорының облыстық бөлімшесі орналасқан ғимарат алдындағы алаңға ескерткіш қоюға мұрындық болып, оның ашылу салтанатына сол кезгі облыс әкімі С.Ә.Үмбетов қатысып, сөз сөйледі. Д.А.Қонаевтың ескерткішін Тараз қаласында орнату жөнінде ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі тікелей тапсырма бергендігін атап өтті.
Қалыптасқан берік дәстүр бойынша жыл сайын ардагерлердің, облыс жұртшылығы өкілдерінің кеңінен қатысуымен Димекеңнің туған және қайтыс болған күндері Тараз қаласындағы ескерткішіне гүл қою, еске алу шаралары өтеді.
Соңғы кезде облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен Тараздағы Қонаев қоры өз жұмысын біршама жандандырып отыр. Қор басқармасының құрамы жаңарып, демеушілерімен жұмыс белсендірек жүргізіле бастады. Жұртшылықтың, атқарушы биліктің тарапынан қолдау да жақсы. Осының арқасында өткен жылы талай шаруаның оңынан атқарылуына қол жеткіздік. Соның бірі – облыс ақсақалдары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылып келе жатқан қор бөлімшесімен бір аумақта орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін беру еді. Қор бөлімшесінің тиісті орындарға шығып, қозғау салуымен бұл мәселе жоғары құзырлы органдар тарапынан қолдау тапты. Кітапханаға Қонаев есімі берілуі – қала жұртшылығы үшін үлкен тарту әрі дара да дана тұлғаны ұлықтау бойынша Қазақстандағы мақтанышпен сөз етілер игі істің бірі.
Бүгінде облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұжымы қор бөлімшесімен бірлесе отырып Д. Қонаевтың туғанына 105 жыл толуына орай тақырыптық кітап көрмесін ұйымдастырды. Облыстық білім басқармасының қолдауымен білім мекемелері оқушы-жастардың мұражай жұмысымен танысуына арналған экскурссиялар ұйымдастырып тұрады. Алдағы кезде де айтары бар ардагерлердің, зиялы қауым өкілдерінің қатысуларымен кездесулер, тәрбие сағаттары, басқа да шаралар жүйелі өткізіліп тұрады.
Өткен жылы аға ұрпақ өкілдерінің естеліктерінен, жеке отбасылық мұрағаттарда cақталған фотосуреттерден тұратын «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» атты жинақ әзірленіп, баспадан шықты.
Еліміздің, соның ішінде облысымыздың өткен тарихын Д.Қонаевсыз елестету әсте мүмкін емес. Димекеңнің Әулиеата өңіріне тигізген шапағаты, көмектері, ол кісіге деген елдің ықылас-сүйіспеншілігі мен құрметі жайлы көзкөргендердің әңгімелерінің жастарға берер тәлімі мен үлгісі өз алдына. Сондай-ақ, өмір тарихын, қызмет жолын қамтыған деректер енгізілген кітапша да шығарылды. Сондай-ақ, Дінмұхамед Қонаевқа арналған жазба ақындар мүшәйрасы өткізіліп, мәресіне жетіп отыр.
Халықаралық Қонаев қорының Құрметті президенті Сұлтан Жиенбаев: «Дінмұхамед Ахметұлы ұмытылмайтындардың, халықтың жүрегінде мәңгілік қалатындардың қатарында. Ол аса парасатты да талантты басшы болды, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өз заманының ұлы саясаткеріне айналды, халықтың мүддесімен өмір сүрді. Оған деген құрмет аса жоғары қызметте жүрген кезінде ғана емес, ол қызметтен кеткен соң да бәсеңдеген жоқ. Қайта бұрынғысынан да өсе түсті. Оның, кен инженерінен бүкіл бір республиканың басшысына дейінгі бүкіл өмір жолы, еңбекқор да аса жоғары зиялылық келбеті кез-келген деңгейдегі басшы атаулыға үлгі-өнеге болғандай» деген болатын. Осы жүрекжарды сөзге біздің алып-қосарымыз жоқ.

Аманкелді Карентаев,
«Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры» облыстық бөлімшесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support