- Advertisement -

Қысқы каникул қалай өтті, балдырған?

1 011

- Advertisement -

Аудан орталығына бармақ болып, көшеге шықтым. Жол тосып тұрып, ауыл сыртындағы кешегі бала кезімізде сырғанақ тепкен төбеге көз салғанмын. Көшкен жұрттың орнындай, құлазып-ақ қалыпты. Қаладағыдай жер қара емес, жердегі қар тобықтан асады. Бірақ, қазіргі балалар шанамен сырғанамайтын болған ба, ауыл іші жым-жырт. Әйтпесе, беті-қолыңды шымшылаған шыңылтыр аяздың да беті қайтқан, нағыз ақ қарды кешіп, шанамен сырғанап ойнайтын шақ.
Қазір бәрі өзгерді ғой. Бұрынғыдай емес, қазір ауылдағы үйлердің мұржасынан түтін де қою шықпайтын болған. Барлық үй «көгілдір отын» – табиғи газ жағатын болған соң ба, түтіні білінер¬-білінбес. Аты ауыл демесең, томаға-тұйық қаладағылардың тіршілігіне көше бастағандай ма, қалай? Бүгінде ауылдағылар да апталап-айлап көршінің есігіне бас сұқпайды. Тіпті, далада асыр салып ойнап жатқан балаларды да сирек көретін болдық.
Балалар демекші, қысқы каникул да бітті. Әшейінде «демалыс қашан болады деп?» күн санап жүретін балғындар бұл кезеңді қалай өткізді? Осы сауалды бірқатар оқушылар мен ата-аналарға, мұғалімдерге қойған едік. Бізде жазғы демалыстың жай-жапсарын ғана сұрау әдетке айналғандықтан ба, біразы алғашында тосылып қалды.

Қысқы демалыс
несімен қызықты?

Шалғай ауылдардағылардың жай-күйін білу үшін Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшіміз Уалихан Жайлауға хабарластық. Тілші сұрағына жауап бергендердің пікірлері арқылы жалпы, қысқы демалыстың қызығы көп болмайтынын түсіндік.
Кәусәр Елеусіз 2-сынып оқушысы:
– Мен қысты жақсы көремін. Қыста далаға шығып, аққала жасаймыз, шанамен сырғанаймыз. Қысқы демалыста жаңа жылды қарсы аламыз. Бұл кезде сабаққа бармасам да, Аула клубындағы «Шебер қол», «Атамекен» үйірмелеріне қатысамын. Біз онда моншақ маталармен көптеген жұмыстар жасаймыз.
Рабиға Әлімбек, 5-сынып оқушысы:
– Біз 30 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында қысқы демалысқа шығамыз. Демалысты көңілді әрі қызықты өткізуге тырысамын. Бірақ, жаздағыдай үлкен қалаларға қыдырмаймын. Аула клубындағы «Ісмерлер» шеберханасында неше түрлі қол бұйымдарын дайындаймыз. Мектепте үйге берілген тапсырмаларды үйірме жетекшілерінің көмегімен бірге орындаймыз.
Әсем Асқарова, ана:
– Жасыратыны жоқ, балаларымыздың жазғы демалысын жақсы өткізуіне ғана мән береміз. Қысқы демалыс қысқа болған соң, баса көңіл бөлмейміз. Сөйтіп, он күн бойы олардың немен айналысып жатқанына да назар аудармаймыз. Қыста ауа тазарады. Табиғат өзгеше кейіпке енеді. Оларды күні бойы теледидар алдына немесе смартфонға үңілтіп отырғызып қойғанша, далада ойнағаны пайдалы. Менің ойымша, ауылда қысқы демалысты да қызықты өткізетіндей, шаралар ұйымдастырылғаны дұрыс. Өйткені, ауданда балалар демалатын орындар аз. Бірақ, қосымша білім беретін аула клубы бар. Қысқы, жазғы демалыста оқушылардың дені осы аталған мекемедегі үйірмелерге қатысады. Балалардың мектептегі үлгермей қалған сабағын қосымша оқытады, әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді. Осындай аула клубтарын әрі қарай дамыту керек.
Бақыткүл Әжіғұлова, аудандық білім бөлімінің бас маманы:
– Ауданда балаларға арналған демалыс орындары жоқ. Сондықтан, барлық салмақ оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізуін қамтамасыз ету үшін білім бөліміне қарасты қосымша білім беру мекемелеріне түседі. Мойынқұм ауылындағы аула клубы жұмыс істейді. Ол жерде оқушылар түрлі үйірмелерге қатысады.

Сергектік оқуға аса қажет

Астана, Қарағанды қала­ларындағыдай мұз қалашық­тарын салып, ертегідегідей әлемді тамашалайтындай біздің өңірдің қысы қатал емес. Соңғы жылдары сырғанақ тебетіндей де қар жауып, мұз қатпайтын болған. Таза ауада сейіл құратындай да қысқы демалыс орындары жоқ. Аудан орталықтарында кинотеатрлар мен балаларға арналған кітапханалар, спорт мектептері мен балаларды өнерге баулитын орталықтар мен мектептер ғана жұмыс істейді. Дегенмен, достарымен бірге барып, қызықты фильм тамашалайтындар аз. Бір қуанарлығы, кітаппен достасқан балғындар бар екен. Т. Рысқұлов аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Маржан Демесінованың айтуынша, олар қысқы демалысты кітап оқуға арнапты.
– Біз кітапқұмар жас оқырмандарды қызықтыру үшін арнайы бұрыш аштық. Оннан астам тұрақты оқырманымыз бар, олар демалыс кезінде сабақтан тыс, өздерін қызықтырған авторларды іздеп, кітап алып тұрды. Сабақ басталғалы бері кітапханаға келушілер көбейді, – дейді ол.
Мамандар мектеп оқушыларының жаңа тоқсанда сабақты жақсы көңіл-күймен сергек бастағаны оқу үлгеріміне жақсы әсер ететінін айтады.
«30 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында оқушылар қысқы демалысқа шығады. Каникул кезінде балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін үйірме жұмыстарын дамытуға баса мән беріледі. Дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері – спорт секциясы бойынша мектепаралық волейбол, баскетбол, футбол жарыстары және отбасылық эстафеталық ойындар, үйірме жетекшілері түрлі викториналық кештер және шығарма жазу байқауларын өткізеді. Ата-аналармен байланысты нығайту үшін балалардың неге қызығушылығы бары анықталып, тәрбие беру үдерісінде кездесетін проблемалар мен зиянды әрекеттердің алдын алу бойынша әртүрлі іс-шаралар, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында құқық қорғау органдары, жол полициясы, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Дәл осы кезеңде облыстық деңгейдегі пән олимпиадалары өткізілетіндіктен, оқушылардың бір тобы бұл кезде білім додасына дайындалады. Ал облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықта «Драма» студиясы, «Орыс тілі», «Компьютерлік технологиялар», «Айбын» әскери патриоттық клубы, «Азамат» құқықтық мектебі, «Мерей» көркем сурет мектебі, «Жас тілші», «Вокал», «Домбыра», «Қобыз», «Білімпаз», «Каратэ-до» үйірмелерінің күнделікті сабақтары жалғаса береді. Оған жалпы 1396 оқушы қамтылған», – дейді облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің бас маманы Тасболат Төлегенов.
Басқарма мамандары балаларды сауықтыру және олардың шығармашылығын дамыту ісі үздіксіз жүргізілетінін айтады. Осы айда Ақмола облысындағы республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына демалуға аудандар мен Тараз қаласынан оқу озаттары, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардың балалары, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жетістікке жеткен 21 оқушы жіберіліпті.
Жас жеткіншектердің «виртуалды өмірден» гөрі пайдалы іспен айна­лысқанын қаласақ, олардың әрбір демалысын тиімді ұйымдастыруымыз керек. Теледидарға телміріп, смартфоннан бас алмайтын баланың денсаулығы да әлжуаз болатынын ұмытпағанымыз абзал. Мұз қалашықтарын салып, биік сырғанақ жасай алмасақ та, неғұрлым таза ауаға көбірек шығару үшін қысқы демалыс орындарын ашу қажет-ақ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support