- Advertisement -

Улап-шулайтындай уақытша тіркелу қиын емес

146

- Advertisement -

img_1732Елімізде көші-қон заңдарына түзетулер енгізіліп, азаматтардың уақытша мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттелгелі бері өңір тұрғындары абдырап жүр. Әсіресе, ауылдан күнкөріс қамы үшін жұмыс іздеп келгендер қатты алаңдаулы. Енді қайтсін, басында баспанасы, не тамыр-танысы жоқ. Сергелдеңге түскендердің арасында студенттер де бар. Уақытша тіркеуге тұру үшін қандай құжаттар керек? Бұған қанша уақыт беріледі? Олар осы сауалдардың жауабын білгісі келеді. Көптің көкейінде жүрген сұрақтарды облыстық Көші-қон полициясы басқармасының басшысы, полиция полковнигі Мұхтар Салжановқа қойдық.

– Мұхтар Есенғалиұлы, азаматтарды тіркеуге алу қай күннен басталды және оған қанша уақыт беріліп отыр?
– Негізі, азаматтарды уақытша мекен-жайда тіркеу тәртібі бұрыннан бар. Бұрын ол Үкімет қаулысы бойынша жүзеге асырылып келсе, қазір бұл заңмен бекітілді. Тарқата айтсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға 2016 жылдың 22 желтоқсанында Президентіміз Н.Ә.Назарбаев қол қойды. Осыдан кейін, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеуге алу 1 қаңтардан басталды. Тіркеуге тұрмағандарды анықтау 1 ақпанға дейін жалғасады, 7 ақпаннан бастап бұл талапты орындамағандарға айыппұл салынады. Яғни, бір облыстан екінші облысқа, облыс ішіндегі аудан, ауыл, қалаларға адамдардың бір айдан астам уақытқа жұмыс істеуге, ұзақ уақытқа емделуге немесе туысына қыдырып барғандардың тіркеуге тұруы қатаң қадағаланатын болады. Олар барған жерінде үйге немесе жалға алған пәтеріне, қонақ үйге, ауруханаға, оқу орнына, жұмыс орнына тіркеуге тұруы тиіс. Тіркелуші мемлекеттік баж салығы ретінде 226 теңге 9 тиын төлейді.
Бұрын ауруханаға емделуші ретінде тіркелген болса, ендігі жерде ұзақ мерзім ем алуына байланысты сол жердің уақытша тұрғыны болып есептеледі. Ал жұмыс орнына тіркелу дегеніміз, зауыт, фабрика, құрылыс фирмасы секілді мекемелер жұмысшыларын жатын орынмен қамтамасыз еткен болса ғана, жұмысшы сол жерге тіркеле алады. Жатақханадағы студенттер де тіркелуі тиіс. Қысқасы, кім қай жерде тұрады, сол мекен-жай бойынша тіркелуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, барған жерінде тіркеуде тұрмағандарға бірінші ескерту беріледі. Ал тіркеуде тұрмағанына бір айдан астам уақыт өтіп кеткен болса, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 16 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді. Баспанасында тұрған адамдарды уақытша тіркемегені үшін пәтер иесіне 10 АЕК – 22 мың 690 теңге, кәсіпкерлік фирмаларға 15 АЕК – 34 мың теңгеден астам, шағын кәсіпкерлік субъектілерге 25 АЕК – 56 мың 725 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілерге 50 АЕК – 113 мың 450 теңге айыппұл салынады. Егер осы жағдай екінші рет қайталанса, осы айыппұлдар екі еселенген сомада төленеді.
Бір айта кететіні, үй иесі уақытша тұруға рұқсат беріп, азаматтарды пәтеріне тіркегені үшін ешқандай төлем төлемейді. Бірақ, бұрын уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тек тұрғындар ғана тартылған болса, ендігі жерде кәсіпкерлер, кәсіпорындардың, пәтер мен қонақ үйлердің иелері де жауапқа тартылады. Бұл талап тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесінде азаматтардың құқығын сақтау үшін енгізіліп отыр. Яғни, пәтер иесі пәтерді жалға алушыны уақытша тіркеуден жалтарса, пәтерші ол азаматтың үстінен шағымдана алады.
– Бір мекен-жайдан екінші мекен-жайға уақытша жұмыс бабымен көшіп барған отбасының балалары да тіркеуге алына ма? Заңға сәйкес, бір адам басына 15 шаршы метрден келуі тиіс. Бұл талап жас отбасыларға қиындық туғызатыны жасырын емес.
– Әрине, ата-ана көшіп барған жеріне ұзақ тұратын болса, баласын да тіркеуге тұрғызуы тиіс. Азаматтар барған жерінде уақытша тіркеледі, бірақ, тұрғылықты жерден тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Өйткені, қанша мерзімге уақытша тіркелген болса, ХҚКО қызметкерлері оны сол мерзім жеткен уақытта тіркеуден алып тастайды. Уақытша тіркеудің мерзімі – бір жыл. Оны жұмыс немесе оқу орны секілді белгілі бір мекемелерден анықтама әкелу арқылы создыруға болады. Қажет құжаттар – үй иесі мен тіркелушінің жеке куәліктері. Егер пәтер иесі келе алмаған жағдайда нотариалды куәландырған сенімді адамын жібере алады. Бұған бар болғаны 15 минут кетеді. Уақытша тіркеуге тұрған жерінде азаматтар сол маңдағы балабақшаға беруге немесе мектепке баласын оқытуға толық құқығы бар. Ал олар бір айға толмайтын уақытқа ғана барса, қонақ болып есептелетіндіктен, тіркеуге тұрмайды. Негізі, пәтерді жалға аларда отбасы мүшелерінің санына қарай аумағы қанша екенін сұрап алған жөн. Себебі, ХҚКО қызметкерлері артық адамды онсыз да тіркемейді. Ал пәтерді жалға алып тұрып, пәтерді жалға берушілердің есебінен үйге сыймау мәселесі туындаса, онда пәтерін жалға берген үй иесі сол үйдегі тіркеуден өздері шығып, пәтерді жалға алушыларға баспананы босатып беруі тиіс.
– Ауылдан жұмыс іздеп келгендер мен студенттердің қалада танысы болмауы мүмкін. Танысы болған күнде де түрлі сылтау айтып, оларды үйіне тіркеуден бас тартатыны тағы бар. Сондай-ақ, белгілі тұрағы жоқ жандардың (қаңғыбастар) ендігі жай-күйі не болады?
– Рас, танысымды тіркесем, ертеңгі күні баспанамды сатсам немесе басқа жағдайда қиындық туындайды деп ойлайтындар жоқ емес. Қазіргі заң талабы бойынша үй иесі тіркеуде тұрған адамды кез-келген уақытта өтініш жазу арқылы шығарып тастай алады. Сол үшін үй иесі ағайынының баласын қорықпастан үйіне тіркете беруіне болады. Ал үй иесі қайтыс болса, бұл тірлікті үй мұрагерлік арқылы кімнің атына аударылса, сол жүзеге асырады. Ал белгілі тұрағы жоқ қаңғыбастарды бейімдеу орталығы тіркеуге алады.
– Тіркеуде жоқ азаматтарды анықтау кезінде жергілікті полиция қызметкерлері «Көші-қон заңына енгізілген өзгеріс бойынша азаматтардың уақытша мекен-жайда тіркелгенін-тіркелмегенін анықтаумен айналысып жүрміз» деген желеумен көшедегі адамдарды тоқтатып, әуре-сарсаңға салып жүрмей ме? Мұндай жағдайда қарапайым адамдар тіркеуде жоқ болғандықтан, айыппұл төлеуден жалтару үшін оларға бір-екі мың теңге «ауызбастырық» ұсынуы әбден мүмкін ғой. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлықтың көбеюіне жол ашпай ма?
– Әрбір басқарма, бөлімше басшылары өз қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық көрінісіне қарсы күнделікті дәріс өткізіп тұрады. Дегенмен, кез-келген полиция қызметкері қызметтік куәлігін көрсету арқылы азаматтарды тоқтатуға, одан әрі тексеру қажеттілігі туындаса, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне ертіп баруға құқылы. Ол жерде базадан оның тіркеуде бар-жоғын анықтай алады. Тіркеуде жоқ болса, ескерту, немесе айыппұл салу жөнінде протокол толтырылады.
– Егер ол азамат осы қалаға кеше ғана келген мейман болса ше? Бәлкім, солай дей салуы да ғажап емес. Мұны қалай анықтауға болады?
– Олардан пойызбен немесе автобуспен келгендегі жол жүру билеті сұралады. Біреудің жеке көлігімен келген болса, оны да анықтаудың түрлі жолдары бар. Жалпы, алдағы күндері үйме-үй, участок бойынша жүргізілетін тексеру шаралары арқылы кімнің қайда тұрып жатқаны нақты анықталатын болады.
– Осы күнге дейін тіркеуге тұрмағандарға айыппұл салына ма? Бүгінде уақытша тіркелген азаматтардың саны қанша?
– Былтыр елімізде тұрғылықты мекен-жайы өзгеруіне байланысты 1 миллион 200 мың адам тіркеуді рәсімдеген болатын. 750 мың адам уақытша келген жері бойынша тіркелді. Сондай-ақ, тіркеуге тұрмағаны үшін Қазақстан бойынша 23 880 адамның 9 мың 718-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14 162-сіне ескерту берілді. Ал жаңа өзгертулер күшіне енгелі бері 1-7 қаңтар аралығында 494 адам уақытша тіркеуге алынса, 73 адам басқа облысқа уақытша мекен-жай ауыстырды.

Сұхбаттасқан
Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support