- Advertisement -

Жомарттың жауабы

188

- Advertisement -

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
мәдениет қайраткері.

Бүгін мектепте жаңа жыл мерекесін тойлауға байланысты ата-аналар жиналысы өтеді. Мектеп директоры Бәтима бұлтың-бұлтың етіп, класқа кірді. Екі беті алмадай қызарып тұр. Бір түрлі қысылған түрі ғой. Бірақ, жиналыс біткен соң бозарып кетеді. Жиылған қауымды көзінің астымен бір сүзіп өтті де жиналысты бастап жіберді.
– Құрметті ата-аналар, келе жатқан Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!
Бүгінгі жиналыста жаңа жыл мерекесіне кімнің баласы қандай кейіпкердің киімін киетіні туралы әнгіме болады – деді, ол.
Ата-аналар гүбір-гүбір шулап кетті. Мектеп директорының бұл ұсынысы бір түрлі естілді.
– Шырағым, кімнің не киетінін әр кім өзі шешпей ме? Бәрі болып енді сол қалды ма?
– Жоқ, олай демеңіз әже – деп, Балжан әжейдің сөзін директордың орынбасары Безеугүл бірден белінен кесті.
– Сіздердің естеріңізде болса, былтыр жаңа жылға бір оқушы террористтің киімін киіп келіп елді шошытты. Сол үшін ауыл әкімі жұмыстан қуылып кетті. Сондықтан, бұл мәселені өзіміз шешеміз – деп, директор туралап айтты.
– Біз былай деп, тізім жасадық, Сәрсенбайдың баласы Айбат Шрек болады – деді, мектеп директорының орынбасары Безеугүл.
– Ол не пәле? – деп, Айбаттың шешесі Биғаным өре түрегелді
– Шрек деген былайша айтқанда есек қой – деді, директордың орынбасары
– Өзің есек, менің балам қасқыр болады.
– Қасқыр Биғаштың баласы Арман болады – деп, Безеугүл орнынан безілдеп ұшып тұрды.
– Жоқ, менің балам есек болмайды – деп, Биғаным айқайға басты. Биғаным байына бағынбайтын әйел. Жыны ұстаса жиналысыңды быт-шыт етеді.
– Тыныш, тыныш, құрметті ата-аналар, сабыр сақтаңыздар. Шректі әлем біледі. Ол ақылды, жақсы есек – деді, директор.
– Есектің жақсысын көргенім жоқ, менің балам ендеше Ертөстік болады – деді Биғаным. Бұл ұсыныс басшылыққа ұнамай қалды.
– Келесі кезекте мектептің озат оқушысы Мұрат Терминатор болады.
Мұраттың әжесі шошып кетті.
– Қарағым, Тірменатыр деген не?
– Ол робот қой, темір адам.
– Әй, олай деп, менің басымды қатырмаңдар, менің балам ешкімнен кем емес, ол Тірменатыр болмайды, Алпамыс батыр болады. Көпшілік ата-аналар әжейдің сөзін қолдап жатыр. Бір атай тұрып айтты:
– Айналайындар, сендер шет елдің кейіпкерлеріне еліктегеншге өзіміздің ертігелердің кейіпкерлерін неге көрсетпейсіңдер? Мысалы: Алдар-Көсе, Саққұлақ, Таусоғар, Желаяқ, көп қой айта берсең…
– Ата, сіз біздің жұмысымызға кедергі келтірмеңіз, өзіміз білеміз – деп, директордың орынбасары Безеугүл бедірейіп қалды. Жиналыс әрі қарай жалғасты.
– Үшінші кластың оқушысы, Балтабайдың баласы Жомарт Аватар болсын деп шештік – деді, мектеп директоры Бәтима. Аватардың не екенін ата-аналар тіпті ұқпай қалды. Бетін шымшып бір-біріне қарады.
– Аты бір түрлі екен құбыжық шығар – деп жатыр біреулері.
– Апай, мен Жаңа жылға Аватар емес, ұлттық киіммен келемін – деді Жомарт.
– Сонда ұлттық киіммен кім боласың?
– Қазақ боламын…
Мұғалімдер үнсіз қалды. Оқушының бұл жауабы бүгінгі жиналысқа қортынды жасағандай болды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support