- Advertisement -

Қызымның қайсарлығынан қызметтен қуылдым

117

- Advertisement -

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Бабаларымыз сан жылдар бойы аңсап, армандап өткен еркіндікті бүгінгі ұрпақ көруде. Біз ешкімге тәуелді болмай, өз бетінше өмір сүру бақытына ие болдық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміз дамыды. Әлем бізбен санасатындай дәрежеге жеттік. Осындай, қызыр қарасқан мемлекеті, бейбітсүйгіш халқы бар елде тұратын жастар Тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп, елін, жерін сүйіп, азаттық үшін басын қатерге тіккен Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен ұлт үшін құрбан болған тұлғаларын қашанда құрметтеп өтуі тиіс. Себебі, еркіндік халқымызға оңай жолмен келген жоқ.
Осыдан 30 жыл бұрын ел жастары Алматы қаласындағы орталық алаңға шығып, бейбіт шеру ұйымдастырғанда әділдік іздеген бозымдар биліктің құрбаны болды. Ел тағдыры үшін бас көтерген қаншама жас жігіттер мен қайсар қыздардың жаны қиылды. Алаңға шыққан қарусыз жастарды билік қатаң жазаға тартқанда, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл жастары мен жасөспірімдері де өз қал-қадірлері жеткенше ұлттық намыс үшін «Желтоқсан жаңғырығына» үн қосқан еді. Солардың қатарында Қордай ауданындағы Беріктас (бұрынғы Красногор ауданы Қордай қой совхозы) ауылының мектеп оқушылары да бар еді.
1986 жыл. Қыстың қақаған алғашқы айы. Ауыл тұрғындары ел қатарлы күнделікті тіршілік күйбеңінде болатын. Мен сол кеңшарда неше жыл бас экономист болып қызмет істеп, айналасы 2-3 жыл бұрын ғана аталған кеңшардың директорының орынбасары болып қызметке кіріскен едім. Кеңшардың негізгі өндірістік бағыты – мал шаруашылығы болғандықтан, көбіне күніміз шопандардың ауылын аралаумен өтеді. Бірақ, сол күні ауыл орталығында болдым. Бұл – 17 желтоқсан еді. Әдеттегідей таңғы сағат алтыда кеңшардың көлік тұрағына бара жатсам, азық-түлік дүкені, клуб секілді әлеуметтік нысандардың барлығының есіктері мен қабырғаларына «Долой Колбин», «Да здраствует Қонаев» деген жазуы бар плакаттар ілініпті. Кейіннен белгілі болғандай, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптың оқушыларына жаздырып, плакаттарды түнделетіп іліп шыққан екен. 13 өзге ұлт өкілдері тұратын ауыл әп-сәтте астаң-кестең болды да қалды. Плакатқа жазу жазып жүрген балалардың арасында 11 жасар менің де қызым бар екен. Сонымен менің ісім жергілікті партия комитетінде қаралып, бюро мүшелері мені партия қатарынан шығару туралы қарар қабылдап, ісімді қарауға одан әрі ауданға жіберді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Виктор Колачев ұлты орыс болса да, мені қорғаштап, қатаң сөгіс берумен шектелді. Әйтсе де, аудандық атқару комитетінің төрайымы мен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы менің мәселем бойынша ауылда жиын өткізіп, жергілікті партия комитетінің мүшелері мені партия қатарынан шығарып тынды (негізі, дәл осындай жағдай маңайдағы 2-3 ауылда да орын алған екен. Бірақ, олар істі насырға шаптырмай, даурықпай «жабулы қазан, жабулы күйінде» қалдырған көрінеді. Міне, ауызбіршілік). Қысқасы, мен қызметтен қуылып, беделден ажырадым. Кезінде басшылық мені кеңшар директорының орынбасары қызметіне тағайындағанда, біршама тәжірибе жинақтағаннан кейін, жаңадан құрылып жатқан бір совхозға басшы етіп жібермек ойлары болған екен. Оны түйем көпірден құлағанда бір-ақ білдім. Амал қанша?! Тағдырдың маңдайға жазғаны да, бәрі басқаша өрбіді. Қайта, кейде сотталып кетпегеніме шүкір деймін.
Содан кейін мен ауылда көзге шыққан сүйелдей болдым. Қызымды да мектепте түртпектейтіндер табылды. Бұрын араласып жүрген жолдастарым да бойын аулақ салды. Жұмыссыз қалғаннан кейін бәрі өзгерді.
Айналасы он жылдың ішінде кеңшар біткен тарап, тұрғындарды жаппай жұмыссыздық жайлады. Бұл уақытта мен жұмыссыз жүргендіктен отбасыммен ажырасып кеткен едім. Қай есікті қақсам да маған орын болмағандықтан, үй-жайымды отбасыма қалдырып, өз жөніме кеттім. Желтоқсан оқиғасына үн қосқан қарғадай қызымның әрекетінен, тағдырым мың құбылды. Бірақ, бұған өкінбеймін, өйткені халқым бақытты. Міне, Желтоқсан оқиғасы десе менің ойыма осы сұмдық жағдайлар оралады. Дегенмен, бұл халқымыздың бостандығы үшін қанын төккен қайсар рухты желтоқсаншылардың тағдырының қасында түкке тұрғысыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміз ауызбіршіліктен ажырамасын!

Амангелді Ақмолдаев,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support