- Advertisement -

Трансплантация: кеше және бүгін

182

- Advertisement -

Тәуелсіздіктің туы желбіреп, егемендікке қол жеткен 25 жылдың ішінде Қазақстан Республикасында медицина екпіндеп алға басты: көптеген ғылыми-медициналық орталықтар, заманауи талаптарға сай клиникалар мен ауруханалар салынып, олар уақыт талабына жауап беретін диагностикалық және емдеу аппараттары мен құралдармен жарақтандырылды, мыңдаған дәрігер-мамандар шет елдерде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып, жаңа тәсілдерді меңгеріп елге оралды. Денсаулық сақтау ісіне Елбасының ерекше көңіл бөліп, барынша қолдау көрсетуінің арқасында отандық медицина дами бастады. Себебі, еліміз үшін адамның денсаулығы мен өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

Отандық медицинаның даму деңгейін елімізде трансплантациялық оталар жасалуына қарап білуге болады. Қазақстандық оташылар 2011 жылы Орта Азия мемлекеттері арасында алғаш рет бауыр, жүрек, сүйек кемігін алмастыру операцияларын жасады. Қазір мұндай оталар Астана және Алматы қалаларындағы клиникаларда ғана емес, бірқатар өңірлерде де жасала бастады.
Адам және жануарлар ағзалары мен тінін алмастырып салу ғылымын трансплантология (ортағасырлық лат. transplantatіo – ауыстырып салу) деп атайды. Жарамсыз, дертті органдарды алмастыру адамзаттың ертеден келе жатқан арманы, биік қиялы болатын. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті алғаш рет біздің заманымыздан бұрын 1500 жылы жасалған. Клиникалық тәжірибеде бұлшық етті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтарын, сүйек кемігін ауыстырып салу жиі қолданылып келді. Қазіргі кезде ең жиі алмастырылатын ағза бүйрек болып саналады.
1902 жылы австриялық хирург Е.Ульманн оташылар қоғамының кезекті отырысында алғаш рет бүйректі зертханалық жағдайда трансплантациялау отасын (иттің бүйрегін ешкіге отырғызған) іске асырғаны жайлы хабарлама жасаған болатын. Оның бұл бағыттағы жұмысын АҚШ-тың Чикаго университетінің клиникасында А.Каррель жалғастырып, 1904 жылы бүйрек алмастыру операциясын жүргізген. Сөйтіп, Алексис Каррельдің есімі трансплантологияны дамытуда сіңірген еңбектері үшін АҚШ ғалымдары арасында тұңғыш Нобель сыйлығына ие болған ғалым ретінде тарихта қалды. Бұрынғы КСРО-да мұндай операцияны бірінші болып белгілі академик-хирург Борис Петровский жасаған (1965 жылы). Ол донор бүйректі шешесінен алып қызына салып, ота сәтті аяқталған.
Ал Қазақстанда органды трансплантация (бауырды алмастыру) операциясын тұңғыш рет академик М.Әлиев А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургиялық институтында (Алматы) жасады. 2011 жылдың 8 қарашасында Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының бас директоры, профессор Жеткерген Арзықұлов Қазақстанда тұңғыш рет жүрек пен бауырды ауыстыру операциялары жасалатынын мәлімдеді. «Бауырды ауыстыруды желтоқсан айына жоспарлап отырмыз. Операцияларды шетелде оқып келген біліктілігі жоғары мамандар жасайтын болады. Ол үшін Қазақстанның 50 шақты дәрігері алыс шетелдер мен ТМД елдеріне барып, трансплантация жасауды үйреніп қайтты», – деген еді.
2011 жылдың 8 тамызында Қазақстан кардиохирургтары созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған Қостанай облысының Рудный қаласының тұрғыны 38 жастағы Жәнібек Оспановқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен Чехияның кардиохирургі Жан Пирктың қатысуымен жүзеге асты. Мұндай күрделі отаны жасау отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ Ұлттық медициналық холдингінің 3 клиникасының: Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы мен Республикалық диагностикалық орталығының – жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында ғана мүмкін болды.
Мамандар ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен сәттен бастап донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттердің тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерттеулер жүргізді. Республикалық диагностикалық орталығы лабораториясының дәрігерлерінің тәулік бойы жүргізген барлық талдау жұмыстарының нәтижесінде олар миына қан құйылып қайтыс болған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы пациентке беру туралы шешімге келген еді.
Негізі ота жасау туралы шешімге келу оңай болған жоқ. Игорь Воротников есімді азамат анасының жүрегін трансплантациялауға келісім беру үшін бір тәулік бойы ойланған еді. Ақыры осындай үлкен гуманистік қадамға барды. Ота сәтті өтті. Анасының жүрегі трансплантацияланған науқас Жәнібек Оспановтың жағдайы отаның күрделілігіне қарамастан, динамикасы тұрақты болды. 22 күннен кейін өз ортасына аман оралды.
Астанадағы кардио­хирургиялық орталық былтырдан бері 50-ден астам жасанды жүректер мен асқазанға имплантация жасады. Енді науқастар жасанды жүрекпен донорлық орган келгенге дейін өмір сүре алады. Олар жүрек алмастыру отасы үшін шетелге шықпайды, өз елінде ота жасату мүмкіндігіне ие болып отыр.
Бұл, расында да, отандық медицинада үлкен жаңалық, алға басу, ірі жеңіс еді. Өйткені, адам ағзаларын алмастырып салу оталары және олардың сапасы арқылы мемлекет медицинасының дәрежесін, қол жеткен жетістігін бағалауға болады. Дәрігерлер дерегіне жүгінсек, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау емделушінің өмірін 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Ал біздің елдің заңы көз жұмған науқастың ағзасын туыстарының рұқсатымен трансплантациялауға рұқсат береді. Бірақ, екінің бірі туысының органын донорлыққа қимайды. Сондықтан, Денсаулық сақтау кодексіне донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістер енгізілуде. «Биыл ол өзгерістер күшіне енеді. Бәлкім, сонда халықтың түсінігі өзгеретін болар», – дейді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.
Донор болса Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, интеллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар. «Ұлттық медициналық ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы базасында Трансплантология бойынша үйлестіру орталығы жұмыс істеуде. Сол орталықтың дерегі бойынша, донорлық жүректі алмастыру қажеттілігі, орта есеппен алғанда, жылына 1 миллион тұрғынға 10 пациенттен келеді екен. Бұл – жылына 150-160-қа жуық жүрек алмастыру отасы қажет деген сөз. Өткір және созылмалы жүректің жетіспеушілігінің ең тиімді емі осы (терапия) болып отыр.
Биыл Астанадағы Ұлттық кардиохирургия мен Онкология және трансплантология ғылыми орталықтарының дәрігерлері бірігіп, 37 жастағы Амангелді Напилов есімді науқасқа ота жасап, бір мезетте оның жүрегі мен бүйрегін сәтті алмастырды. Бұндай ота осы күнге дейін тек АҚШ, Италияда, Оңтүстік Кореяда жасалып келген еді.
Иә, қазақстандық дәрігерлер ел сенімі мен үмітін ақтап, халық денсаулығын сақтау ісіне елеулі үлес қосуда. Оларды алда талай биік мақсаттар мен шырайлы істер күтіп тұр. Биыл елімізде жүрек, бауыр алмастыру оталары сәтті жасалып, отандық медицинаның алға басуы, ілгері жылжуы байқалса, алдағы келер жылдары өкпе, ұйқы безін, ішек, эндокриндік бездерді және де басқа күрделі ағзаларды алмастыру операциялары жасалады деп күтілуде. Сөйтіп, отандық медицинаны әлемдік деңгейге жеткізуге ғалым-дәрігерлер белді бекем буып отыр. Оған біздің елде барлық мүмкіндік бар. Болашағымыздың жарқын, ісіміздің баянды болуына сенейік, ағайын.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support