- Advertisement -

«Қалпақтарыңды шешіңдер! Алдарыңда мен тұрмын!»

824

- Advertisement -

немесе біз Мұқағалиды әлі түсініп болғанымыз жоқ

«Алматы – сайтан қала, сайқал қала».
Осынау жолдан басталатын екі-үш шумақ жырды Мағжан Жұмабаевтың өлеңі еді деп Мұқағали Мақатаевтың оқып бергенін өз аузынан қашан, қалай естігенімді айтып берсем деймін.
…Ұмытпасам, 1968 жылы Мұқағали Мақатаев «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінде жұмыс істеп жүрген болатын. Алғашқы өлеңдерім газеттерде жарық көре бастаған. «Жұлдыз» журналына да апарып беріп, барып жүретінмін. Бірде Мұқағали әскерде қызмет етіп жүрген солдат Серік Ақсұңқарұлының хатпен келген өлеңдерін бірнеше ақындарға оқып беріп отыр екен. Мен де тыңдай қалдым. Шетінен тамаша жырлар, тамсанып тыңдадық. Мұқағали да, басқалар да «Міне, нағыз ақын» деп сүйсініс білдіріп отырды. Тез жариялау керек десіп жатты. Кейін Серік Ақсұңқарұлы жұлдыздай жарқырап көрініп жарып шықты ғой.
Келесі бір күні өлеңімнің жөнін білейін деп редакцияға бармақшы болып, автобуста келе жаттым. Мұқағали да отыр екен. Амандасып, сөйлесіп, автобустан бірге түсіп Жазушылар одағына таяи бергенде ол: «Шөлдеп тұрғаным, су ішейікші» деді. Аңқаулығым бар-ды, әлгі сөзін тура мағынасында түсініп, көше бұрыштарында тұратын шырынды-газды су сатушыдан екі стаканға құйғызып бірін оған ұсынып, екіншісін өзім сіміріп салдым. Мұқаң бір-екі ұрттады да қоя салды, ішпеді. Мен сонда барып түсініп, «Мұқа, уақытыңыз болса, ресторандардың бірінен сыра ішіп қайтайық» деп ұсыныс жасадым. «Жетісу» қонақ үйінің ресторанына бардық, сыра жоқ. Жақын маңдағы тағы бірнеше орынға кірдік – сыра жоқ. Ол кезде қазіргідей сыра толып тұрмайтын. Содан «Алматы» ресторанына бардық. Оған да әлі сыра түспепті. Сағат он жарым кезі болатын шамасы.
– Мұқа, сыра болмаса, басқасын ішейік, тапсырыс сізден, орындау бізден, қайсысын алдырайын, ақтан ба, коньяктан ба? – деп сұрадым.
– Жұмыс уақыты ғой, қызып барғаным жарамас, шампан ішейік, – деді.Содан шампан, тағы бір тағамдар алдырып, әңгіме поэзияға ауысты.
– Жақында Ұлттық кітапхананың шаң басып жатқан сирек құпия қорынан ақын Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыдым, – деді Мұқағали. – Мағжанды ақтамай жатқаны, жырларын сөйтіп жарыққа шығармай жүргендері, бір жағынан дұрыс та сияқты. Егер Мағжан ақталып, өлеңдері, жыр жинақтары шықса, мына мықты ақынбыз деп кеуделерімізді соғып жүрген Қадыр, Тұманбай, мына мен жайымызға қаламыз.Оны Москва ақтамай жатқан жоқ, өз «классиктеріміз» ақтатпай жатыр. Содан соң мына өлеңді оқып берді:
Алматы – сайтан қала, сайқал қала,
Жем болған Балтық пенен Байкалға да.
Аядай Алатауға тығылды кеп,
Сандық тау, самала көл байтақ дала.
Сөзің кетті біреудің таңдайында,
Бөзің кетті біреудің борбайында.
Қайран қазақ қор болып өтесің-ау,
Теңдікті жазбаған соң маңдайыңа!
Менің есімде қалғаны осы екі шумақ. Кейін ақталған Мағжанның кітаптарында бұл жыр жоқ. Осы өлеңді Мұқағали басқаларға да оқып беріп жүріпті. Естелік жазғандар жазып та жүр. Енді өз ойымды айтсам, осы өлеңді Мағжан ақынның өлеңі деуге де, демеуге де болады. Стилі, ұйқасы жағынан Мұқағалидың өз өлеңіне қатты ұқсайды. Осы өлеңді сонау алпысыншы жылдары Мұқағали өз өлеңім деп айта алар ма еді? Әрине, айта алмас еді.Ұлтшылдың нағыз өзі деп соттап жіберер еді ғой. Қайран, Мұқаң, іштегі шерін Мағжан атымен ашық айтып, тіпті, көрінген жерде айқайлап айтып жүрген. Қор болған қазағымның қайғы-мұңын, соған шерменде болған өзінің ішкі ыза-наласын сыртқа шығарудың амалын солай тапқан деуге әбден болады. Оның «Фариза қыз» өлеңінде: «Жан екем жаралмаған күресуге» деген өкінішпен мұң шаққан жыр жолы бар. Мұқағали да «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп Абай ішқұса болғандай, қаласы да, даласы да, сөзі де, бөзі де батыстағы Балтықтан бастап сонау сібірдегі Байкал аймақтарынан да қаптап келген келімсектердің жемі боп жатқанына күйініп, күресуге амал-айла жоқтығына шерленіп аһ ұрғаны анық. Абай мен Мұқағалидың жоғарыдағы жыр жолдарындағы ішкі жан күйзелісі бір-бірімен ұқсасып, үндесіп жатыр. Екеуі де қор болған қазағының қайғы-мұңын кімге айтып, кіммен мұңдасарын білмей дағдарады. Ақыры Абай жартасқа барып мұңын айқайлап айтады, елінен тыңдайтын адам таппайды. Мұқағали болса қазақтың жігітінен дос таппай, Фариза қызға мұң шағады.
Біз Мұқағалиды әлі түсініп болғамыз жоқ. Оның ішкілікке салынғанын жігерсіздігінен көретіндер қатты қателеседі. Оның алып тұлғасы қандай болса, кең кеудесіндегі жан дүниесі де қазақтың кең сахара даласындай байтақ әлем деуге болады.Ол сол даладай далиған жан дүниесінің қақпасын айқара ашып тастап, досқа сыр ақтарғысы келді, өз мұңын емес, халқының мұңын, трагедиясын айтып ой бөліскісі келді, қайтпек керек деп ақылдасқысы келді. Бірақ сайтан қала, сайқал қалаға айналған Алматыдан ондай адал дос таппады. Сөзіңді бүгін шарабыңды ішіп тыңдап отырған «досың» ертең оны үш әріпке лып еткізіп жеткізе қояр еді.
«Жас тұлпар» неге сонау Москвада құрылды? Елін сүйген ерлер партиясы (ЕСЕП) неге Алматыда емес сонау Қарағандыда құрылды? Осыны ойлаған адам бар ма екен? Жоқ. Өйткені адамдары күле сөйлеп, күңірене шығатын сайқал қалада ондай ұлттық ұйым құру түгіл, мұндай сөзді біреу-міреуге ауыздан шығарып айтудың өзі есі бүтіннің ісіне келмес еді. Мұқағали іштен тынды. «Жан екем жаралмаған күресуге» деп өзін-өзі іштей кінәлап, айыптап, іштей мүжілді. Осы жалғыз жолдың астарында ақынның трагедиясы тұр. Ойлап көріңіздерші, Мұқағали кіммен күреспекші болды екен деп.
Оның соңынан шырақ алып түскен жауы болды деп ешкім айта алмас.Өлеңдері, жыр жинақтары жарияланып, жарық көріп жатты. Бірен-саран талантын күндегендер болса, онымен Мұқағали күресіп пұшайман бола ма. Демек, ақынның күресуге дәрмені болмай дағдарған жауы – туған халқын елдігінен айырып етекке тастап жатқан Кеңестік жүйе. Міне, ақын осыған күйінген, өзекті өртеген кезде, сол өртті ащы арақпен баспақ болған. Жоғарыдағы екі шумақ жырды Мұқағали оңаша отырыстарда, әсіресе, кафе, ресторандарда бірге ішіп отырған стол басындағыларға жиі айтып жүрген.
Бұл өлеңнің Мұқағалидың өзінікі екені анық. Жырдың ұйқасына қарайықшы. Он бір буынды қара өлеңнің соңғы төрт буыны қатарынан төгіліп ұйқастыру сол 60-жылдардан бастап қатаң қалыптасқан. Оған дейін қара өлеңді көбіне соңғы екі-ақ буынын ұйқастырып жазатын. Абайда да, Мағжанда да, басқа ақындарда да екі буынмен ғана ұйқасқан қара өлеңдер басым. Төрт буынын төгілтіп ұйқастыруды бұрын ақындар мақсат етпеген.Төрт буыны қатар ұйқасқан шумақтан кейін қайтадан екі буынды ұйқасқа көшіп, араластыра берген, оны мін санамаған. Ал біз сөз етіп отырған өлеңнің құрылысы, оның сыртқы буын ұйқасына қоса ішкі сөздердің тамаша жымдасқан ұйқастары оның авторы Мұқағали Мақатаев екенін айғақтап тұр.Сонымен бірге ашынған ақынның жан ашуы кесек-кесек сомдалған сөздермен өріліп берілген.
Осы өлеңнің авторы Мұқағали деп білсек, мұның өзі оны қайта танып түсінуге жол ашады. Бұл өлеңнің атын мен «Ақын зары» деп қойып, Мұқағалидың жыр жинағына енгізуді ұсынар едім. Мұқағали зары десек те, Қазақ зары десек те болады. Ақын ішсе, сол зар-күйіктен ішкен. Менің бұл ойымның өмір сүруге құқы бар деп білемін.
Ал қазақтың басынан сол күйініш арылды ма? Біреудің таңдайында, біреудің борбайында кеткен сөзі мен бөзі өзіне ғана бұйырып жатыр ма? Мұқағали біреудің борбайында кеткен бөзіне күйініп еді, қазір бөз түгіл қаракөздеріміз әлдекімдердің борбайында кетіп жатыр.
Енді Мұқағали туралы сөз бастаған соң, оның өзім куә болған тағы бір қызық қылығын айтып берейін. 1971 жылы көктемде, мамыр айында көк базардың қарсысындағы 9 қабатты басылымдар үйі пайдалануға берілді. Дәл сол кезде мен елден көшіп келіп «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналына әдеби қызметкер болып тұрғанмын. Бізге орын елдің де, қаланың да төбесінен қарап отыратын 9-қабаттан тиді. Алматының әр жерінде шашырап жатқан ондаған газет-журналдар, олардағы бытырап жүрген жүздеген журналист ағайындар бір шаңырақтың астына жиналып сыйып кеттік. Бұл керемет қуанышты оқиға болды.Екінші қабатта асхана орналасқан. Түскі үзілісте жамырай соған ұмтыламыз. Қаздай тізіліп, кезекте тұрып, ауқаттанып алғаннан кейін, қайтадан лифтіге мініп жұмыс қабаттарымызға көтерілеміз. Лифт алдында да кезекте топырлап тұрып қаламыз. Сондай сәттің бірінде жоғарыдан лифті түсіп, есігі ашылды. Іштен Мұқағали көрінді, жалғыз өзі. Түсе қоятын ойы жоқ, кең кеудесімен лифт есігін керіп тұр. Бір кезде күркіреген дикторлық даусымен орыс тілінде:
– Снимите шляпу! Перед вами стою Я! – деп бұйрық берді. Аздап қызу екен. Біз іштей Мұқаңның мұнысы несі деп таңданысып, аңтарылып қалдық. Ол сәл пауза ұстады да:
– Кстати, это сказал не я, а Маяковский! – деді де түсіп жөніне жүре берді. Сөйтсек, әлгі бұйрық сөз бір кезде Маяковский айтқан әйгілі сөз екен ғой. Біз оны қайдан білейік. Лифт алдында оншақты адам тұрғанбыз. Мұқаңның Маяковскийдің атақты сөзін реті келіп тұрған жерде, қисынын келтіріп айтып жіберген сол бір тапқыр қылығын, сол бір сәттегі кескін-келбетін жиі көз алдыма келтіріп, «Мұқағалиды көрдің бе» дегендерге айта жүремін.
Мұқағали қайтыс болғанда, Жазушылар одағындағы қоштасуда құрметті қарауылында тұрып, Кеңсайда жерленгенде қабіріне «топырағың торқа болсын» деп топырақ салып, елмен бірге қоса егілгенмін.
Мұқағали бір кезде бізге Маяковский сөзімен: – «Алдарыңда мен тұрмын! Қалпақтарыңды шешіңдер! – деп бұйрық – команда берсе, оның сол бұйрығы бүгін айна-қатесіз орындалып жатқаны ғажап сәйкестік емес пе!
Мұқағали поэзиясының алдында бас киімін алмайтын бір қазақ табыла қоя ма екен. Оның өлеңдерінің көбі қазір әнге айналды, алда да айнала бермек. Мұқағали сөздеріне ән жазып шығармаған сазгер де жоқ шығар.
Иә, Мұқа, бұйрығыңды айнытпай орындап жүреміз. Сенің інжу-маржан жырларыңды қайталап оқып сусындап, тамаша талантыңның алдында бөркімізді алып, бас ие бермекпіз. Күпі киген қазақтың қарапайым қара өлеңін қайта құлпыртып, үстіне зерлі шапан жауып, көркемдігін көкке көтерген ерен еңбегің – ерен ерлікке есептеліп, Қазақстан тарихы беттеріне алтын әріптермен жазылған. Ол жазу өшпек емес! Мынау жұмыр жер бетінде, өзінің ұлы сахара даласында қазақ халқы барда – сен де барсың қайран, Мұқа!!!

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Жазушылар одағының мүшесі.

Кел, болашақ

Көп құмарттым өмірге, көп көрмедім,
Үміт еттім, ұмтылдым, көп терледім.
Ашкөзденіп қайтейін, ей, Болашақ,
Көрмеген күндерімді өткер менің.

Сапалақ сан ой мені мезі қылды,
Сен түйсін, түйсінбегін сезімімді.
Атан жортса арқамнан мыңқ етпеген,
Айыптасаң өзің біл төзімімді.

Жыр жорығына аттандым, кезіп жүрдім,
Мен бір сәт дамылдадым, көзімді ілдім.
Жазылмаған жырымды жалғайсың ба?
Жаңа жыр бастайсың ба, өзің білгін.

Жөн болмас, сірә, өмірмен ұстасқаным,
Бір ғұмыр дүниенің құшпас бәрін.
Күнің шығып келеді, ей, Болашақ!
Бесінге ауып барады түскі аспаным…

Өмір – мәңгі, уақыт – мүмкін, елес,
Кел, Болашақ! Сауық құр, күлкіңе көш!
Бір күн шықса, бір күннің батуы анық,
Екі күннің тұруы мүмкін емес!

Арыз жазып кетейін…

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін!» – демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргемін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең дағы ұлыңды.

…Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…

* * *

Ей, Бауырым!
Неге сонша сарғайдың?
Қапалансам, менің дағы бар қайғым.
Мен жұртыма мұңымды емес,
Жырымды,
Қуанышым, шаттығымды арнаймын.

Қайғы-мұңы неге керек бір бастың,
Елім барда, есеңгіреп тұрмаспын.
Күндер маған көлеңкесін түсірсе,
Халқыма кеп сырымды айтып мұңдастым.

Қайтер дейсің қара бастың толғағы,
Өтер-кетер,
Шаруа ғой қолдағы.
Абдырасаң, арқа тірер айбының,
Асқар тауың күрсінбесе болғаны.

Ей, Бауырым!
Неге сонша мұңайдың?
Мен мұңайсам, сенен бетер жылаймын.
Көп ойланып, аз күрсінген халқыма,
Қараймын да,
Қайраттанам, шыдаймын.

Ерікті елміз, бүлінбеген қорғаны,
(Бәрімізге белгілі ғой ол жағы).
Қайтер дейсің қара бастың толғағы,
Тек жұртымыз күрсінбесе болғаны.

Несіне өмір сүргенсің

«Сұраушының сүйген асын кім берер».
Барға – ырза,
Жоққа – сабыр, күн көрер.
Өкінемін, өшігемін несіне,
Тірі жүрсем, маған кезек бір келер.
Осылай деп ойламаған басында,
Мәз болыппын біреу шашқан шашуға.
Қашан көрем, көрмегенді жасымда?!
Өмір деген осы екен-ау расында.

Тіршілікте не жетеді көргенге,
Тек өмірім өтпесе екен шерменде.
Не жыны бар?!
Бақыт мені көргенде,
Кетеді үркіп, енді жете бергенде.

Түсінбеймін не пәлемнің барлығын,
Қайран басым, қаңғыдың-ау, қаңғыдың!
Менің де бір болар шағым болды ғой,
Қайда әкетіп барасың сен, тағдырым?!

«Сұраушының сүйген асын кім берсін»,
Барға – ырза,
Жоққа – сабыр, күн көрсін.
…Ей, бауырым!
Өз дәрежең болмаса,
Бұл жалғанда несіне өмір сүргенсің?!

Өзімнің есебімде…

Өзімнің есебімде,
Мен биыл қырықтың дәл бесеуінде.
Кім біледі…
Ендігі қалған өмір,
Неше жылға жетерін,
Неше күнге.
Ұмыт болып есебің де, өсегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,
Қырықтың бесеуінде.

Адал едім,
Артынан «арам» болдым,
Адам едім,
Ақыры «надан» болдым.
Жиылып бұл жалғанның жамандығы,
Ақыры маған қонды.
Жаман болды…

Айтыңдар,
Қайсысың бар ардақтаған?
Таразыға тең қойып салмақтаған.
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған.
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған!

Барлығы да сендердікі

Сендердікі – өмір, қоғам, заман да,
Сен түзеген қалаң менен далаң да.
Барлығы да мұра болмақ әмәнда,
Болашақ деп аталатын Адамға.

Қабылдаңдар қазынаны біз берген,
Қиындықты көрмесеңдер біз көрген.
Бұл өмірде сақтау үшін сендерді,
Балалардың үйде туып, түзде өлген.

Сендер дағы өздеріңше күресіп,
Өздеріңше сендер де өмір сүресің.
Болашақты жалғау үшін Болашақ,
Бола жатар сендердің де үлесің.

Барлығы да сендердікі, барлығы –
Табыстаймыз жансыз бенен жандыны.
Армысыңдар, Ата ұрпақтың тағдыры!
Армысыңдар, жаңа атқан таң нұры!

* * *

Менің бір қарызым бар өтелмеген,
Масқара-ау,
Махаббатсыз өтер ме екем?!
Жандар бар жас ғұмырды бірге өткізген,
Бірақта бәрі бөтен,
Бөтен, бөтен…

Болған соң жалындаусыз, суық қанды.
Махаббат, кім біледі, жуытпады.
Қиялдап жоқты іздеп жүрегімде,
Мінеки, жер ортасы жуып қалды.

Бәрі де махаббаттың бұрын маған,
Лапылдап біріне де ұрынбағам.
…Жә, менің махаббатым өтіп кеткен,
Немесе әлі күнге туылмаған.

Махаббат бақыт емес қонатұғын,
Түлкі емес ойдан-қырдан шолатұғын.
Махаббат – кездеспейтін керемет бір,
Өмірде бір-ақ рет болатұғын.

Басымнан кереметті өткермедім,
Іздедім, көремін деп тек терледім.
Жә, менің махаббатым туылған жоқ,
Жә, менің махаббатым өткен менің…

* * *

Бар пәлені қолымнан жасап алып,
Бас сауғалап,
қаламын тасаланып.
Көрмей кеткір,
қос жанар нең бар еді,
Көрмей кеткір, түсесің қашан ағып?!
Бірісін дәл,
бірісін қиық көріп,
Барлығын да тұрарсың жиып-теріп,
Бір ісінен көшесің бір ісіне,
Бар пәлесін басыңа үйіп-төгіп.
Секем алам қорқытып не бірдемең,
Не бірдемең қуантып көңілденем.
Әр қырынан көрсін деп көз беріпті,
Қызық өзі,
қызық-ау өмір деген!

* * *

Қапелімде байқамай жүргемін бе?
Қанат бітіп келеді күннен күнге.
Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?
Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,
Кімдердің де, күн менен түндердің де,
Осы, мен…
Әлде басқа түрге ендім бе?

Бал арадай шықпайтын айналамнан,
Бауыр, жолдас, дос, құрбы қайда қалған?
Қысылтаяң кездерде пайдаланған,
Жоқты қуған қайдасың,
Қайран арман?

Армысың!
Есі дұрыс мият Күнім!
Өліп қайта тірілген сияқтымын.
Жарқын өмір, жан көмір, жасыл шуақ,
Алдарында сендердің ұяттымын…

Алып ұшып барады қанаттарым,
Күнді ұзатып күтемін таң атқанын.
Дәл осы сәтіңнен адастырма,
Адастырма, өтінем, жаратқаным!

* * *

Кезімде қадіріңді сезбес мынау,
Бекер-ақ қарғам, маған кездестің-ау.
Келмеске әлдеқашан аттандырған,
Керемет күндеріммен кездестім-ау!..
Жаныма салдың менің төзбес бұрау.

Қарғам-ау, қалай десем, айта аламын?
Жалған-ай, қарай берсем, жай табамын.
Арман-ай, қарай берсем, жай табамын.
Арман-ай қалай келсем, қайтарамын?
Қалай десем, лаулайды қайта жалын?
Қайталағым келеді, қайталағым…

Көңілімнің сыбырлап көк құрағы,
Аққу ұшқан ақ айдын көп тұнады.
Солтүстікке жылы ағыс жетті ме екен?!
Бір жылы ағыс сен жақтан бетке ұрады,
Бетім тосқым мен оған кеп тұрады.

Суынбасам, шіркін-ай, суынбасам!
Мұз болса да жүрегің ерітер ем,
Суытайын суыққа ұрынбасам,
Сәл кешірек сен менен туылмасаң,
Сәл ертерек сенен мен туылмасам…

Халқым барда

Шыныменен дос жоқ-ау,
Дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.

Менде арамдық жоқ еді алабөтен,
Доссыз өмір жалғанда қараң екен.
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,
Қашан ғана қаңырап қалар екен?!

Сәл сабыр ет, ей досым, жасымағын,
Доссызбын деп мен неге ашынамын?!
Дос көп менде, қашаннан досым – халқым,
Қараймын да мен соған басыламын.

Доссызбын деп айта алман халқым барда,
Саясында хақым бар салқындауға.
Қарғамаса болғаны халқым мені,
Айналмаса болғаны нарқым дауға…

Қалт-құлт етіп, мейлі мен күн кешейін,
Күн кешейін, еліммен бірге өсейін.
Мені әзірге, ей, тағдыр, мазалама,
Емін-еркін жұртыммен тілдесейін!

Сүйген ерін

Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй, жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін?

Сүй, жаным!
Сүйе бергін, кім біледі…
Бір кезде еске аларсың түнді, мені,
…Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.

Ұялып, барады өтіп бұлақ-бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сипалаған,
Дірілдеп айдан тамған шуақ қана.

Тау-аталар түкситіп қабақтарын, –
– Ар аттадың, – дегендей, – қарақтарым…
Сүйген жүрек қалды есеңгіреп,
Есеңгіреп, білмеппіз таң атқанын.

Сүйген ерін сүйгісі келе берер,
О, жастық! Махаббат тап, көгере бер!
«Сүйгемін жоқ, өлгемін», – дер едім мен,
«Сүйдің бе?» – деп сұраса менен егер…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support