- Advertisement -

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – маңызды

122

- Advertisement -

2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт жоспары бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр.
Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы тың жүйе деп қарастыруға болатын медициналық сақтандырудың келешегі кемел деуге толық негіз бар. Осы арқылы болашақта сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі артып, халық мұқтаждығына жауап бере алатындай денсаулық сақтау жүйесі қалыптасып, денсаулықты жақсарту, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту секілді мәселелердің түйіні ағытылатын болады.
Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл мәселеге мемлекет және жұмыс беруші де белсенді араласпақ. Сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.
Міндетті медициналық сақтандыруды екіге бөліп қарастырар болсақ, оның біріншісі – негізгі сақтандыру түрі. Бұл сақтандыру түріне мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Ол еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болады. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің бірнеше түрін алады. Мысалы, жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.
Ал екінші түрі – міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында қаржыландырылатын сақтандыру. Бұл негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын сақтандыру болады деп көзделуде. Оған амбулаторлық-емханалық көмектер, ауруханада жатып емделу, жоғары технологиялық көмектер кіреді. Сақтандырудың осы түрі міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін қолжетімді болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға 2020 жылға дейін амбулаторлық-емханалық қызметті бюджет есебінен тегін көрсету де қарастырылған.
Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар жеке басына арналған, өз қаражаты негізінде немесе жұмыс берушінің қаражатына жасалатын сақтандыру түрлерін де жасай алады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен ішкі жалпы өнімдерден (ІЖӨ-ден) денсаулық сақтауға жұмсалатын жалпы шығын пайызы өседі, бұл медициналық қызметтердің жоғары сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен қатар, азаматтардың жеке шығындары азаяды.
Мемлекет заңға сәйкес халықтың бірнеше топтары үшін үлкен жеңілдіктер жасауда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы. Яғни, қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері және мүгедектерге мемлекет тарапынан төлемдер жасалады. Сонымен қатар, жұмыссыз жүкті әйелдер мен зейнеткерлер және жұмыссыз ретінде тіркелген, тағы басқа азаматтарға да жеңілдіктер қарастырылған.
Осы жүйе арқылы жеке меншік ауруханалар мен мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтын болады. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені таңдай алады және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан әр емделуші үшін қаржы төленеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақтылы әрі үнемі төленіп тұруы керек.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін жарналарды бақылау ісі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеліп отыр. Қорды басқаруға денсау­лық сақтау саласында және басқа да салалардағы білікті сарап­шылар тартылатын болады.

Гүлжан ТОРҒАЕВА,
№9 қалалық емхананың бас дәрігері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support